ВС РК - Постановление от 29.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/885 (Административное)

6001-22-00-6ап/885

2022 жылғы 29 қыркүйек Астана қаласы

Қ А У Л Ы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

талап қоюшының өкілі Б[...],

аудармашы Е[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «М[...]» шаруа қожалығының басшысы Г[...] Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімдігіне Семей облысы, [...] әкімінің 1994 жылғы 29 тамыздағы №1-94 қаулысын (бұдан әрі – даулы қаулы) заңсыз деп тану және күшін жою, жерінің қазығын анықтау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы даулы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жойып, жерінің қазығын анықтау туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол «А[...]» шаруа қожалығы заң тәртібін бұза отырып, өзіне тиісті жер учаскесіне қатысты құқығын мемлекеттік тіркеуден өткізбей, жер қазығын бүгінгі күнге дейін анықтамағанын көрсеткен.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою қайтарылған.

2021 жылғы 8 қыркүйектегі жеке ұйғарымымен мүдделі тұлға «Тарбағатай ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемемен (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) жол берілген заңдылықтың бұзылу фактілері туралы Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің назарына шара қабылдау үшін жеткізілген.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарау үшін тиісті сотқа жолдауды сұраған.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдау туралы талабын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген.

Іс материалдарына қарағанда, даулы қаулысымен С[...] отбасы мүшелеріне «А[...]» шаруа қожалығына «С[...]» совхозының жерінен жалпы алаңы 200 гектар (га) жайылымдық жер мұрагерлік және өмір бойы пайдалану құқығымен берілген.

С[...] аталған жер учаскесіне құқығы 1997 жылғы 1 қазанда берілген мемлекеттік актімен бекітілген.

Сонымен қатар, Тарбағатай ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 13 желтоқсандағы №426 қаулысымен талап қоюшыға «С[...]» совхозының жерінен 49 жылға шаруа қожалығын жүргізу үшін жалпы алаңы 518 га жер берілген.

Жергілікті атқарушы органның қаулысының негізінде Жер қатынастар бөлімімен Н[...] арасында жер телімін жалға алу туралы 2013 жылғы 30 желтоқсанда №170 шарт жасалған.

Н[...] аталған жер теліміне құқығы 2014 жылғы 13 қазандағы мемлекеттік актімен бекітілген.

Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі шешімімен «Шығыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Жер қатынастары бөлімімен Н[...] арасындағы жерді жалға беру шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы қаулысымен, жоғарыдағы аталған сот шешімі бұзылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданып, 2013 жылғы 30 желтоқсанда жасалған №170 жалға беру шарты жарамсыз деп танылған.

Жергілікті соттармен талап қоюшы Шығыс Қазақстан облыстық сотының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы қаулысы шыққан күннен бастап үш ай мерзімде бұзылған құқығына қатысты дау келтіруге тиіс болған, алайда ол мерзім себепсіз өткізілгеніне байланысты, шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Соттардың бұл тұжырымы негізді және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

2021 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болған АПК-нің 294-бабының бірінші бөлігіне сәйкес азамат және заңды тұлға құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы. Осыған қоса, АПК-нің 126-бабының бесінші бөлігіне сай, мерзімді қалпына келтіру туралы арыз берумен бір мезгілде құқықтарды қорғау туралы талап берілуге, мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын құжат ұсынылуға тиіс.

Соттардың талап қою арызын талап қоюшыға кері қайтару туралы тұжырымы негізді, өйткені талап қоюшы даулы қаулыға шағым жасау мерзімін себепті жағдайлармен өткізіп алғанына дәлелдемелер ұсынбаған, сондықтан мерзімді қалпына келтіруге ешқандай негіз жоқ.

АПК-нің 124-бабының бірінші тармағына сай, процестік әрекеттерді жасау құқығы осы Кодексте белгіленген немесе сот тағайындаған процестік мерзімнің аяқталуымен жойылады.

ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігі 15) тармақшасына сәйкес егер сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Жергілікті соттар талап қоюды заңды түрде қайтарған, сондықтан шағымданған сот ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс.

Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.