Қ А У Л Ы
2025 жылғы 12 қараша №6003-25-00-2к/1371 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова, аудармашы С.Кенесов, талап қоюшының өкілі Н.Қуандықұлы, жауапкерлер Е.Барлыбаев, Г.Мусаева және жеке сот орындаушы А.Демесіновтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының жауапкерлер Ержан Базарбаевич Барлыбаевқа және Галина Каруовна Мусаеваға қарызды кепілдегі мүліктен өндіріп алу туралы талап қоюымен қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 28 қазандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысына жауапкер Е.Барлыбаевтың кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
«Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 28 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерлердің берешегі олардың меншігіндегі Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, №103 «А» мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйден (әрі қарай - тұрғын үй) кепілге алынған мүлкін бастапқы сату бағасы 33 370 783 теңге мөлшерінде белгілене отырып, сот тәртібімен өндіріліп алынған, жауапкерлерден үлесті ретінде талап қоюшының пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Е.Барлыбаев кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, сотпен өндірілген 15 871 524 теңгенің 4 400 000 теңгесін 2025 жылғы 14 мамырда төлегенін, банк тарапынан омбудсменге жүгіну құқығын түсіндірмегенін, кепіл мүлкі оның қатысуынсыз төмен бағаланғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, келесі негіздерге байланысты жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
299-бабының 1-тармағына сәйкес мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады. АК-нің 317-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес кепіл ұстаушының (кредитордың) талаптарын қанағаттандыру үшін кепілге салынған мүлікті өндіріп алу борышкер өзі жауап беретін кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда қолданылуы мүмкін.
Егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:
орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;
кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.
Іс құжаттарына қарағанда, 2014 жылғы 25 желтоқсанда АҚ мен жауапкерлер арасында несие шарты жасалып, соңғыға 18 200 000 теңге көлемінде несие берілген.
Аталған заем шарты бойынша міндеттемелерін орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жауапкерлер АҚ-ға 2014 жылғы желтоқсандағы №2379/1 кепіл шарты негізінде меншігіндегі тұрғын үйін кепілге қойған.
2019 жылғы 29 тамызда заңды күшіне енген Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 17 шілдедегі шешімімен АҚ-ның пайдасына жауапкерлерден барлығы 15 409 247 теңге қарызы өндірілген.
Осы сот шешімі орындалмаған соң, АҚ несие алушы жауапкерлердің қарыздарын өтеу мақсатында соңғылардың берешегін кепіл берушілерден кепіл мүлкінен өндіру жөнінде жұмыстар атқаруда.
Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 23 қарашадағы шешімімен тұрғын үй жауапкерлердің жалғыз баспанасы болуын ескеріп, АҚ-ның осы тектес талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Алайда, жауапкерлер осы сот шешімінен кейін де өзінің міндеттемелерін орындамаған, тұрғын үйді өздерінің қалауы бойынша сатуға да мүмкіндіктері болған және олар сот шешімі шыққанан кейін де бұл құқықтарын пайдалана алады.
Іс апелляциялық сатыдағы сотта қаралу барысында жауапкерлердің АҚның алдындағы қарызы 14 871 860 теңге.
Банк өкілінің сот отырысындағы мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда жауапкерлердің банк алдындағы қарыз сомасы 9 953 760 теңге.
2024 жылғы 3 мамырдағы «Global Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №ПР/1 бағалау есебіне сай жауапкерлердің тұрғын үйінің нарықтық құны 33 370 783 теңге деп анықталған.
Талап қоюшы сотқа талап қоюымен 2024 жылғы 18 шілдеде жүгінген.
Жергілікті соттар несие алушы банк алдында қалыптасқан қарыз сомасын толық өтемегендігін, кепіл берушінің міндеттемені орындаудан босатуға негіз болып табылатын мән-жайлар анықталмағанын ескеріп, шарт және заң талаптарын негізге алып, талап қоюшының кепілге қойылған мүлік құнының есебінен қарыз сомасын өндіріп алу туралы талабын негізді деп тапқан.
Сот, жергілікті соттардың банктің қарызды кепілдегі мүліктен өндіріп алу туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы заңды және негізді тұжырымға келген деп санайды.
Себебі, кепілге салынған мүліктің нарықтық құны 33 370 783 теңге, берешек сомамен салыстырғанда, қарыздың мөлшері кепіл мүлкінің нарықтық құнының 10 пайызынан жоғары және міндеттеме үш айдан астам уақыттан бері тиісінше орындалмаған.
Осы ретте, АК-нің 317-бабы 2-тармағында көзделген кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартуға негіз жоқ.
АК-нің 272-бабына сәйкес міндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс.
Кепіл шартының 3.1.6 тармағына сәйкес жауапкер несие қарызын төлеу туралы міндеттеме орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда ақы кепілге салынған мүліктен өндіріліп алуға жататыны көрсетілген.
Мұндай жағдайда, кепіл ұстаушы АК-нің 317, 318-баптарының және шарттың талаптарына сәйкес кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Жауапкер Е.Барлыбаевтың банк тарапынан жасалған бағалау есебімен келіспейтіні туралы уәжін сот негізсіз деп санайды, себебі оны теріске шығаратын дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Сондай-ақ, қарыз соманы өндіру туралы сот шешімі заңды күшіне енгенін және ол төрт жыл он айдан астам уақыт тиісінше орындалмағаннан кейін банк ақысын кепілге салынған мүліктен өндіріліп алу туралы талап қоюымен сотқа жүгінгенін назарға ала отырып, жауапкердің банк тарапынан
түсіндірме жұмыстары жүргізілмегені туралы шағым уәжін негізсіз деп санайды.
Кассациялық шағымның басқа уəждері сот актілерінің қорытындыларын теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен жергілікті соттар материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сондықтан, жергілікті соттардың сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 28 қазандағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысы күшінде, жауапкер Е.Барлыбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
А.Тоқсанбаев
Төрағалық етуші
Судьялар
А.Даненова
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.