Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2849 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 11 желтоқсан №6003-25-00-2к/2849 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілдері А[...] және Қ[...], жауапкерлер өкілі К[...], аудармашы Т[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Әкім аппараты) жауапкерлер «D[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - «D[...]» ЖШС) және «К2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - «К2[...]» ЖШС) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі «К2[...]» ЖШС-нің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

Әкім аппараты аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерлер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және әрқайсысынан мемлекет пайдасына 1 966 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген. «К2[...]» ЖШС-і кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талаптың өзіне қатысты бөлігін қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2024 жылғы 11 қазанда «Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Ұйымдастырушы) «Сәндік жарықтандыруды күтіп ұстау/қамтамасыз ету бойынша қызметтер» мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған, тапсырыс беруші - Әкім аппараты.

2024 жылғы 18 қарашадағы қорытынды хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып «D[...]» ЖШС-і танылды, ал екінші орынды «К2[...]» ЖШСі иеленді.

Конкурсқа басқа қатысушылардың арыздары негізінде жүргізілген тексерудің нәтижесінде «Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Департамент) Ұйымдастырушыға 2024 жылғы 9 желтоқсанда камералдық бақылау туралы хабарлама жіберіліп, онда жауапкерлердің өтінімдері қабылданбауға тиіс екені көрсетілген.

2024 жылғы 24 желтоқсанда Департаменттен Әкім аппаратына мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес шараларды қолдану үшін хат келіп түсіп, онда әлеуетті өнім берушілер «D[...]» ЖШС-і мен «К2[...]» ЖШС-і конкурстық құжаттамаға анық емес ақпарат ұсынғаны көрсетілген.

Атап көрсеткенде, конкурстық құжаттаманың 7-қосымшасының 4- тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші материалдық ресурстарға ие болу бөлігінде кран-манипуляторлар, кемінде 1,6 тонналық, және борттық автокөліктер 8 тоннаға дейін біліктілік талаптары қойылған.

«D[...]» ЖШС-і конкурстық өтініміне «8 тоннаға дейінгі борттық автокөліктер» материалдық ресурсына иелікті растау үшін «ГАЗ A22R22» үлгісіндегі автокөлігіне (мемлекеттік тіркеу номері [...], СРТС ZJ00829236) қатысты құжаттарды жүктеген, алайда әкімшілік полиция басқармасының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы жауабына сәйкес аталған автокөлікке берілген мемлекеттік тіркеу номерімен басқа «ГАЗ A21R23-101026-507-99» үлгісіндегі (СРТС ZJ99747080) көлік тіркелгені анықталған.

«К2[...]» ЖШС-і конкурстық өтініміне «кемінде 1,6 тонналық кран-манипуляторлар» материалдық ресурсына иелікті растау үшін «SCANIA [...]» үлгісіндегі автокөлігіне (мемлекеттік тіркеу номері [...], СРТС ZJ00204989) қатысты құжаттар жүктеген, алайда әкімшілік полиция басқармасының жауап хатына сәйкес аталған автокөлік 2024 жылғы 3 мамырда тіркеуден шығарылғаны анықталған.

Осыған орай, 2024 жылғы 24 желтоқсанда Ұйымдастырушы конкурс қорытындысын қайта қарап, камералдық бақылау туралы хабарламаға сәйкес қорытынды хаттаманы түзетіп, конкурс өтпеген деп танылған.

Яғни, жауапкерлер конкурсқа қатысу үшін анық емес ақпарат ұсынған, олар конкурстық құжаттамаға тіркеген ақпараттың шынайлылығына жауапты, тиісінше жауапкерлер берілген ақпараттың анық емес екенін білмегендері туралы уәждер соттармен қабылданбаған.

Бұл жағдайда соттар жауапкерлердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 4-тармағының 1) тармақшасына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі анық емес ақпаратты берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкерлер конкурстық құжаттамада анық емес ақпарат ұсынғандарын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысы күшінде, жауапкер «К2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.