ҚАУЛЫ
2024 жылғы 29 қазан 6001-24-00-6ап/912 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жансая Халасқызы Арысбаеваның жауапкерлер «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-не (бұдан әрі – Басқарма), «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына ісәрекеттерін, 2022 жылғы 21 сәуірдегі бұйрығын, 2022 жылғы 19 мамырдағы анықтамасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымымен талап қоюы қайтарылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Тараптар және олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Талап қоюшы жауапкердің үшінші тұлғаға қатысты 2019, 2022 жылдары жасаған іс-әрекеттері мен 2022 жылы 24 сәуірде қабылдаған бұйрығын даулап сотқа 2023 жылдың 20 желтоқсанында талап қоюды түсірген.
Соттар талап қоюды қайтаруын дауланып отырған әкімшілік акті қабылданғанда талап қоюшы әкімшілік рәсімдердің қатысушысы болып табылмайды. Ол ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қалпына келтіруге жатпайтын сотқа талап қоюды берудің тыйым салынған бір жылдық мерзімін өткізіп алған және дауланып отырған анықтама әкімшілік актіге жатпайды деп негіздеген.
Соттардың бұл тұжырымы негізді болып табылады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Жансая Халасқызы Арысбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Көшірмесі дұрыс
С. Баймаханов Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.