6003-25-00-2к/4338
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 17 наурыз
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Ш.С.Турысбековтың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер Камол Кенжабаевич Агментаевтен артық төленген жалақыны қайтару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Кәсіпорын жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешімімен Кәсіпорынның артық төленген жалақыны қайтару туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған талап қоюшының өкілі Ш.С.Турысбековты, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2024 жылғы 8 ақпандағы №04-12/107-ж/қ бұйрықтың негізінде жауапкер К.К.Агментаев Кәсіпорынға «арнайы техника жүргізушісі» болып жұмысқа қабылданып, №04-15/88 еңбек шарты жасалған. Сонымен қатар, қызметкердің жалақысы кәсіпорынның штаттық кестесіне сәйкес белгіленіп және қосымша төлемдер жүргізіліп отырған.
Соның нәтижесінде, жұмысқа орналастырылған сәттен бастап жауапкер К.К.Агментаев ай сайын 257 870 теңге мөлшерінде жалақы төленіп отырған. 2024 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Кәсіпорынға ішкі мемлекеттік аудит тексеруін жүргізіп, нәтижесінде арнайы техника жүргізушісі К.К.Агментаевқа оқу-жаттығу процесін тікелей қамтамасыз еткені үшін лауазымдық жалақысына 2024 жылдың ақпан-қыркүйек айларында 245%, яғни 1 679 200 теңге көлемінде қосымша ақы қате төленгені анықталған. 2025 жылғы 5 қаңтарда №04-12/4 ж/қ бұйрық негізінде К.К.Агментаевпен еңбек қатынастары тоқтатылған.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің «Дене шынықтыру және спорт ұйымдарының жұмыскерлеріне қосымша ақыларды төлеу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» 2016 жылғы 29 маусымдағы №190 бұйрығының (бұдан әрі - Бұйрық) 9-тармағының 5) тармақшасында «Қосымша ақыны төлеу тиісті тиісті ұйым спортшыларының алған нәтижелерінің жалпы мөлшерінен келесі пайыздарда белгіленеді: ... спорттық команданы тасымалдаушы автокөлік жүргізушісіне 70%-ға дейін».
Ал, жауапкер К.К.Агментаев «Беларусь 82.1» тракторының жүргізушісі болып жұмыс атқарғанына байланысты, ол спорттық команданы тасымалдаушы автокөлік жүргізушісіне теңестірілмейді, 1 679 200 теңге көлемінде қосымша ақы артық (қате) төленгені толығымен анықталған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының бұл уәждерін негізсіз деп санаған, себебі артық төленген жалақы жауапкердің терiс пиғылынан пайда болмаған, жұмыс беруші тарапынан ерікті түрде төленіп отырған.
Жауапкерге жалақы ретінде төленген сома өз қажеттілігіне, өмір сүру құралы ретінде пайдаланылды, осыған байланысты негізсіз баюдың нәтижесі ретінде таныла алмайды және өндіріп алуға жатпайды. Жауапкердің жалақыны алуда жосықсыз немесе кінәлі әрекеттері сотпен анықталмаған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 960бабының 3) тармақшасы бойынша азаматқа оның тарапынан терiс пиғыл болмаған жағдайда күнкөрiске арналған қаражат ретiнде (жалақы) берілген және иемденушi пайдаланған ақша сомасы және өзге де мүлiк қайтарылуға жатпайды.
Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соты АК-нің 8-бабының талаптарын назарға алып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшының шағымдағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі
қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешімі және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.