ВС РК - Постановление от 17.10.2024 по делу 6001-24-00-6ап/563 (Административное)

6001-24-00-6ап/563

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 17 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

талап қоюшының өкілі М.О.Битемировтың.,

жауапкер өкілі А.С.Қайыржанның қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Тажибаев Канатбек Акилбековичтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент) тұрғын үй комиссиясы отырысы хаттамасының күшін жою, отбасы мүшелерімен бірге тұрғын үйге мұқтаж деп тануды міндеттеу туралы талап қоюшымен қозғалған әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Шымкент гарнизоны әскери сотының 2023 жылғы 2 қазандағы шешіміне, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Тажибаев К.А. жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде Департаменттің заңсыз іс-әрекеттері салдарынан тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен алынып тасталғанын көрсеткен.

Шымкент гарнизоны әскери сотының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер өкілі А.С.Қайыржанның кассациялық шағым уәждерін қолдаған түсінігін, талапкер өкілі М.О.Битемировтің шағымға қарсы келтірген пікірін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы К.А.Тажибаев Департаментте әскери қызмет атқару барысында 2023 жылғы 13 ақпанда өзін және отбасы мүшелерін тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы баянатпен жүгінген. Департаменттің тұрғын үй комиссиясы отырысының 2023 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен К.А.Тажибаевтың баянаты қанағаттандырусыз қалдырылған, негіздемесінде оның 2016 жылғы 31 наурызда мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді жеңілдік түрде сатып алу келісім-шарты негізінде алып, оны 2017 жылы қараша айында сатып алу-сату шарты бойынша иелігінен шығарғанын көрсеткен.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда Департамент тарапынан қолданыстағы заңнама талаптары сақталмаған деп тұжырымдаған. Сот алқасы, жергілікті соттардың талапкер К.А.Тажибаевтың талап арызын толық қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымы ӘРПК-нің 8- бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-3-бабының 1-тармағына сәйкес әскери қызметшілер егер: олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайды. Олардың Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануында тұрғынжайы болмаса тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 17 маусымдағы анықтамасына сәйкес талапкер 2015-2023 жылдар аралығында Шымкент қаласында тұрғын үйге мұқтаж ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелмеген. 2016 жылғы 31 наурыздағы сатып-алу келісім шарты негізінде К.А.Тажибаев Шымкент қаласы, «Нұрсат» тұрғын үй алабы, №23 үй «В» блогы, №95 пәтерді Қазақстан Республикасы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы арқылы 5 949 000 теңгеге сатып алып, оны 2017 жылғы 8 қарашадағы №3183 сатып алу-сату келісім шарты негізінде сатып, иелігінен шығарған.

Алайда, талапкердің тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы баянатпен жүгінген уақытта, қызмет атқарып жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды иеліктен шығарғанына бес жылдан астам уақыт өтіп кеткені ескерілмеген және оған тиісті құқықтық баға берілмеген.

Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің тұрғынжай құқығын іске асыруы белгіленген тәртіппен олар тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап қызметтік тұрғынжай беру немесе олардың жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асыру туралы өзгеріс Заңға 2018 жылдың 1 қаңтарында енгізілгенін ескерген жөн.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы есептейді.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің

  1. тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент гарнизоны әскери сотының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 23 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаменті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Г.К. Нурбаев Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.