6001-20-00-3гп/449
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 24 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші М.Таймерденовтің,
судьялар С.Ж.Абдолла, Б.Д.Мақұлбековтің, прокурор У[...], талап қоюшы А[...], өкілі А[...],
жауапкер өкілі Д[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] жауапкер «Түркістан облыстық полиция департаменті» ММ-не (бұдан әрі - Полиция департаменті) бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Полиция департаментінің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Полиция департаментінің 2020 жылғы 28 ақпандағы № 268 бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, Сарыағаш аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің (бұдан әрі - Полиция бөлімі) учаскелік полиция инспекторы қызметіне жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 3 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Полиция департаментінің 2020 жылғы 28 ақпандағы № 268 ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
А[...] Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне қайта орналастырылған.
Жауапкерден амалсыз бос жүрген уақыт үшін 1 574624 теңге өндірілген.
Полиция департаменті өтінішхатында апелляциялық сотпен іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, Түркістан облыстық сотының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысының күшін жойып, Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 3 шілдедегі шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшының және өкілінің қарсылығын, прокурордың апелляциялық сот алқасы актісінің күшін жойып аудандық соттың шешімін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актісінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2015 жылғы 22 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің № 164 ж/қ бұйрығымен А[...] Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалған.
2019 жылғы 7 қарашада Полиция бөлімінің ақпараттарды есепке алу кітабында азаматша У[...] өзін жұбайы С[...] ұрыпсоққаны туралы арызы тіркелген.
Аталған арызды А[...] өндірісіне қабылдап, 2019 жылғы 8 қарашада У[...] қатысты сот-дәрігерлік сараптама тағайындау туралы қаулы шығарған, алайда арызданушы сараптамадан өтуден бас тартқан.
2019 жылы желтоқсанда Ж.С.А[...].С[...] қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 73-2-бабының 1-бөлігімен (тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау) хаттама жасақтаған. Аталған баппен көзделген құқық бұзушылық үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.
А[...].А[...]-нің 808-бабының талаптарын орындамай, С[...] қатысты хаттаманы қарау үшін сотқа дереу жiбермеген. Полиция бөлімінің 2020 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығы негізінде А[...] 2020 жылғы 4-13 қаңтар аралығында Түркістан қаласының аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін іс-сапарға жолданған.
С[...] қатысты жинақталған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы құжаттар А[...] іс-сапарда болған уақытта 2020 жылғы 9 қаңтарда сотқа жолданған. Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен С[...] қатысты әкімшілік іс әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі ай өтуіне байланысты ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігіне сәйкес өндірісінен тоқтатылып, С[...] әкімшілік жауапкершіліктен босатылған.
Осы факті бойынша Полиция бөлімімен қызметтік тексеру жүргізіліп, 2020 жылғы 26 ақпанда тәртіптік комиссиямен А[...] қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту жариялау туралы ұсыныс енгізілген. Полиция департаменті тәртіптік комиссияның ұсынымымен келіспей, 2020 жылғы 28 ақпандағы № 268 ж/қ бұйрығымен А[...] «Құқық қорғау қызметі» туралы Қазақстан Республикасының Заңының (әрі қарай - № 380 Заң) 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасы негізінде ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарған.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, Ж.С.А[...].С[...] қатысты жасақталған әкімшілік хаттаманы уақытында сотқа қарау үшін жібермеген салдарынан әкімшілік іс өндірістің заңмен белгіленген екі ай өтуіне байланысты тоқтатылуына әкеп соққан деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот, сот шешімін өзгерте отырып, У[...] қатысты құқық бұзушылық оқиға 2019 жылғы 6 қарашада орын алғанын, оның арызы Полиция бөліміне 2019 жылғы 7 қарашада түскенінін, алайда С[...] тұрғылықты мекен-жайы 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгісіз болғанын, ал 2020 жылғы 4-13 қаңтар аралығында, яғни ӘҚБтК-нің 62-бабының 1-бөлігімен белгіленген екі айлық мерзім аяқталған кезде, А[...] Түркістан қаласында іс-сапарда болғанын атап көрсеткен.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді деп санайды.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес қызметкерлер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі - Әдеп кодекс) 5- тармағының 2), 11) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер адал, әділ болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануы тиіс.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының С[...] таба алмадым, мереке күндері сот жұмыс жасамағандықтан жібере алмадым, одан әрі іссапарға кетім қалдым деген уәждерін негізсіз деп дұрыс тапқан.
ӘҚБтК-нің 808-бабына сәйкес жасалғаны үшiн жауаптылық әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға әкеп соғуы мүмкiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалғанынан кейiн судьяға дереу жiберiледi.
А[...], А[...] 2019 жылғы 31 желтоқсанда С[...] түсініктеме алған, сол күні соттың жұмыс істегеніне қарамастан хаттаманы жолдамаған.
С[...] қатысты әкімшілік іс бойынша тиісті құжаттар жинақталмаған, соңғының мекен-жайында болмағаны туралы актілер мен түсініктемелер тиісті баянаттармен Полиция бөлімінде тіркеуден өтпеген. Талап қоюшының С[...] қатысты хаттаманы белгіленген мерзім ішінде жолдауға толық мүмкіндігі болған. Соның салдарынан, С[...] әкімшілік жауапкершіліктен босатылған.
Мемлекеттік қызмет туралы заңның 44-бабы 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
Сондықтан, жоғарыда аталған заң бұзушылықтардың орын алуына байланысты А[...] ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған. Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтініште келтірілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды.
Осыған орай, апелляциялық қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 3 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.
«Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М. Таймерденов Судьялар С. Абдолла Б. Мақұлбеков
Көшірмесі дұрыс.
Судья С. Абдолла
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.