Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 29.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/2950 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2950

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 29 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А. Исполова, талап қоюшының өкілі Б. Б. Орынбековтың, жауапкердің өкілі И.Б. Махшатовтың,

үшінші тұлғаның өкілі Т.А. Исмагуловтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Дархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті жосықсыз қатысушы деп тану туралы азаматық істі жауапкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 ақпандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Қызылорда облысының мемлекетік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Басқарма) «Дархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (бұдан әрі- ЖШС, Серіктестік) жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік конкурстық құжаттамаға дұрыс емес ақпарат ұсынғанымен негіздеген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында және қосымша шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін және үшінші тұлға өкілін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады. Жергілікті соттармен бұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғаны: 2024 жылғы 21 мамырда талап қоюшы балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі бойынша конкурс жариялаған.

2024 жылғы 12 шілдедегі конкурс қорытындыларына сәйкес жеке кәсіпкер А.К. Жубатканова женімпаз болып танылған, «Дархан» ЖШС-гі екінші орын алған.

Конкурсқа қатысқан жеке кәсіпкер А.К. Жубатканова талап қоюшыға берген өтініште «Дархан» ЖШС-нің біліктілік талаптарында дұрыс емес ақпарат бар екенін көрсеткен.

«Дархан» ЖШС-нің қызметкері Р.Б.Жалпакова 0508000 - «Тамақтандыру мекемелері маманы» мамандығы және «III санатты аспаз» біліктілігі бойынша білім алмағаны, техникалық кәсіптік білім туралы ТКБ № 1235214 № 4113 дипломы 2019 жылғы 12 қыркүйекте берілмегені және дипломда көрсетілген мамандық колледж тарапынан оқытылмайтыны іс құжаттарымен толық расталған.

Жауапкердің әлеуетті өнім беруші ретінде конкурсқа қатысуда бiлiктiлiгi туралы дұрыс емес ақпарат бергені сотта өз дәлелін тапқан, бұл мән-жайларға соттар дұрыс баға беріп, аталған ақпарат біліктілік талаптары болып саналатын еңбек ресурстарына кіреді деп тұжырымдаған.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Осы Қағидада жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру тәртібі айқындалған. Қағидалардың 4-тармақшасына сәйкес, оған конкурс жеңімпазы деп таныған жағдайда шарт жасасудан жалтарған; олармен жасалған шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған; біліктілік талаптары бойынша

дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) енгізіледі.

Қағиданың талаптарына сәйкес конкурсқа қатысқан кезде дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) аталған тізбеге енгізілуге жатады. Сотқа талап қоюмен ұйымдастырушы не болмаса тапсырыс беруші жүгінуге міндетті. Көрсетілетін қызмет әлеуметтік маңызы бар қызмет болып табылады, сондықтан қызмет көрсетушінің қонкурсқа қатысуға берген өтінімде біліктілік талаптарына әсер ететін құжаттарға қатысты кез келген анық емес мәліметтер өнім берушіні жосықсыз қатысушы деп тану үшін негіз болып табылады.

Жауапкердің кассациялық шағымда көрсетілген мән-жайлар жергілікті соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды, олардың негізсіздігі тиісті уәждер келтіріле отырып, сот актілерінде көрсетілген. Сондай-ақ, кассациялық шағымда жауапкердің өзіне қатысты мемлекеттік сатып алудын жосықсыз қатысушысы деп негізсіз танылғаны туралы уәждері сот актілерін күшін жоюға негіз болмайды, өйткені бұл жағдай шешімнің мәніне әсер еткен жоқ.

Істі қарау барысында соттар дауды Қағиданың нормаларын басшылыққа алып дұрыс шешкен, тек қарар бөлігінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деген сөз тіркесі қате жазылған. АПК-нің 427-бабының 3-бөлігіне сәйкес , егер сот дұрыс шешім қабылдаса, бірақ көрсетілген бұзушылықтарға жол берілсе, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары келтіріледі, оларға сәйкес шешім өзгеріссіз қалдырылуға жатады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда тараптардың уәждері зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М.Т. Кадырова

Судьялар А.З. Каирбеков

Р.А. Исполова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.