Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4035 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4035

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Есдаулетов, С.С.Абдигалимов болып, талап қоюшы Э.А.Искакованың, өкілі Ф.Ұ.Ұзақовтың,

жауапкер өкілі М.Д.Джанузаковтың қатысуларымен, ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Эльза Алибековна Искакованың жауапкер «Nomadas» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қызметінен босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, қызметіне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіру, моральдық зиянды өтеу жайлы электронық азаматтық ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Э.А.Искакова сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтың күшін жоюды, жұмысына қайта орналастырып, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін 1 557 378 теңге жалақысын және 5 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.

Апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысымен күшінде қалдырылған, бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімімен - талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылуына, соттардың еңбек шартының мерзімінің өтуінің, заңнама бойынша еңбек шартын бұзудың негіздемесі болып табылатыны жайлы тұжырымға келуі негіз болған. Э.А.Искакова кассациялық шағымын, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, еңбек шартының мерзімінің аяқталуының соңғы күні дұрыс есептелмеуіне, даулы бұйрықтың еңбекке жарамсыз болған уақытында шығарылғанына негіздеп, іс бойынша талап қоюын қанағаттандыру жайлы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 49бабының 2-тармағының, 51-бабының 1-тармағының талаптары бойынша, еңбек шарты мерзімінің аяқталуы еңбек шартын тоқтату үшін негіз болып табылады.

Белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң өтуіне байланысты тоқтатылады.

Істі қарауда қолданыста болған, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес, соттар жұмыскерді жұмыстан шығарудың заңдылығы туралы дауды шешу кезінде еңбек шартын белгілі бір немесе белгіленбеген мерзімге жасау салдарының аражігін ажыратуы тиіс.

Белгілі бір мерзім кемінде бір жылға жасалған еңбек шарты тоқтатылған жағдайда еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты оны тоқтату туралы жұмыс берушінің хабарламасы және (немесе) актісі еңбек шарты тарапының біріне соңғы жұмыс күнінен (ауысымынан) кешіктірмей табыс етіледі (беріледі).

Кодекстің 30-бабының 2-тармағының талабына сәйкес, егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы жазбаша хабардар етпесе, осы Кодекстің 51-бабының 2- тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі. Белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты көп дегенде екі ретке ұзартылуы мүмкін.

Анықталғандай, тараптар арасында 2022 жылғы 15 қыркүйекте бір жыл мерзімге еңбек шарты жасалған, еңбек шартының аяқталуы мерзімі қоса есептегенде 2023 жылғы 14 қыркүйекке дейін.

Еңбек шартының мерзімі, Кодекстің 30-бабының 2-тармағы негізінде бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған.

Жұмыс берушімен, Кодекстің 1-бабының 1-тармағының 81)тармақшасына сай, 2024 жылғы 20 тамызда «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен «WhatsApp» мессенджері арқылы талап қоюшыға 2022 жылғы 14 қыркүйектен бастап еңбек шарты тоқтатылатыны жайлы жазбаша хабарлама жолданған.

Одан кейін, тараптар арасында еңбек қатынастары жалғастырылмаған.

Аталған мән-жайлар іс құжаттарымен расталған және тараптармен дауланбаған.

Сондықтан жұмыс берушінің 2024 жылғы 13 қыркүйектегі №101-л бұйрығымен, мерзімі өтуіне байланысты еңбек шарты соңғы жұмыс күні 14 қыркүйектен бастап тоқтатылған.

Кодекстің 23-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сай жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне құқығы бар.

Э.А.Искаковамен еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалмаған, жұмыскермен шарт мерзімінің ұзартылу мәселесі әр тараптың құқығына жатады, жұмыс беруші талап қоюшымен еңбек шартын жалғастыруға ниет білдірмегені, аталған мерзімнің өтуі еңбек қатынастарын тоқтатуға жеткілікті негіз болып табылады.

Сонымен қатар, еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен емес еңбек шартының мерзімі аяқталуына байланысты тоқтатылғандықтан, Э.А.Искакованың мүгедектігі, еңбекке жарамсыз парағында болуы онымен еңбек шартын тоқтатылуына кедергі болып табылмайды.

Жұмыс беруші тарапынан талап қоюшыға тиісті төлемдер, еңбек шартының мерзіміне есептеліп, төленген.

Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге, шағым берілген сот актілерінде дұрыс құқықтық баға берілген.

Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.

Осы мән-жайларға байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 мамырдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Ормаханов

Судьялар С.Абдигалимов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.