Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4577 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4577

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың, талап қоюшы Е.Исабаевтың және оның өкілі К.Шаншаровтың, жауапкер өкілі А.Жанмулдаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ергали Илиясулы Исабаевтың жауапкер «Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігі Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесіне еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Е.Исабаев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкердің 2025 жылғы 7 ақпандағы №28-ж/қ еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған, талап қоюшы бұрынғы қызметіне қайта орналастырылып, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндірілген. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қоюды қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық сатыдағы сот әкімшілік қамақта болуды дәлелді себеп ретінде бағаламағанын, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1- тармағының 8) тармақшасын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, апелляциялық қаулының күшін жоюды және бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Е.Исабаев «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (бұдан әрі - Департамент) Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің 2013 жылғы 12 наурыздағы №07 ж/қ бұйрығымен Е.И.Исабаев Тоғыс суда құтқару стансасына құтқарушы-матрос қызметіне қабылданған.

Талап қоюшы 2025 жылғы 4 ақпанда жұмысқа келмеген.

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Қамақ мерзімі 2025 жылғы 3 ақпан сағат 20:00ден бастап есептелген.

Жауапкердің 2025 жылғы 7 ақпандағы №28-ж/қ бұйрығымен талап қоюшымен еңбек шарты Еңбек кодексінің 49-бабы 3) тармақшасына және 52бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жұмыскердің бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмауына байланысты бұзылған.

Департаменттің жеке еңбек даулары жөніндегі келісу комиссиясының 2025 жылғы 26 наурыздағы шешімімен Е.Исабаевтың талаптары қанағаттандырусыз қалдырылған және азаматтық іс жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілген. Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайда бұзылуы мүмкін.

Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының жұмыста болмауы оның өз құқыққа қарсы әрекеттерінің салдары екенін, яғни әкімшілік құқық бұзушылық жасауы нәтижесінде әкімшілік қамаққа алынғанын негізге алып, мұндай мән-жайды жұмыста болмаудың дәлелді себебі ретінде тануға болмайды деген қорытындыға келген.

Кассациялық сот бұл тұжырымды заңға сәйкес деп санайды.

Әкімшілік қамаққа алу жұмыскердің құқыққа қарсы мінез-құлқының салдары болып табылады және ол еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірген жағдайдың туындауына өзі себепкер болған.

Осыған байланысты, апелляциялық сатыдағы соттың жұмыста болмауды дәлелсіз себеп ретінде бағалауы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасының талаптарына қайшы келмейді.

Сонымен қатар, талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану кезінде Еңбек кодексінің 65, 66-баптарының талаптарын бұзу фактілері анықталмаған. Іс материалдарынан жұмыскерден түсініктеме алынғаны, бұйрықтың белгіленген тәртіппен жолданғаны көрінеді.

Сондықтан кассациялық сот жұмыс беруші өз бастамасымен жұмыскерге тәртіптік шара қолдану кезінде Еңбек кодексінің 65,66,159баптарының, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының 20тармағының талаптарын сақтай отырып, заңды түрде еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын шығарған. Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, апелляциялық сатыдағы сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Джаппарова

Судьялар А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.