№6001-22-00-6ап/1215
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 6 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.Б.Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры К[...],
талап қоюшының өкілі А[...],
жауапкерлердің өкілдері Е[...], У[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Т[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Алматы облысы әкімдігінің «Алматы облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі –Басқарма), «Алматы облыстық құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – құрылыс басқармасы, тапсырыс беруші), «ҚТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – «ҚТ[...]» ЖШС) 2022 жылғы 13 қаңтардағы №6489345-1 санды конкурсын заңсыз деп танып, оның нәтижелерінің күшін жою; 2021 жылғы 17 қарашадағы №6338430-1 санды конкурсын өткізілді деп тануды және аталған конкурс нәтижесін есептеуді Алматы облысы әкімдігінің «Алматы облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне міндеттеу; талап қоюдың орындалуын техникалық қамтамасыз етуді «Электрондық қаржы орталығы» акционерллік қоғамына жүктеу; тапсырыс беруші «Алматы облыстық құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен мердігер «ҚТ[...]» ЖШС арасында жасалған 2022 жылғы 14 ақпандағы №23/02/2022 санды мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 16 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. 2022 жылғы 13 қаңтардағы №6489345-1 санды №46728483-ОК1 лот бойынша конкурс заңсыз деп танылып, конкурс нәтижелерінің күші жойылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған. Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Соттармен анықталғандай, Басқарма мемлекеттік сатып алу вебпорталы арқылы конкурс тәсілімен №6338430 санды «Алматы облысы, [...]нда 30 орынға арналған жатақханасы бар 100 орынға арналған гуманитарлық колледж салу» нысанына құрылысмонтаж жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізген.
2021 жылғы 17 қарашадағы конкурстың қорытындылары бойынша хаттамаға сай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартылған.
2021 жылғы 18 қарашада сол объект бойынша жаңа конкурс жарияланған.
2022 жылдың 13 қаңтарында Басқарма жаңадан конкурс тәсілімен жоғарыда көрсетілген нысанына құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу өткізіп, оның қорытындысы бойынша «ҚТ[...]» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Серіктестік бұл қорытындымен келіспей, 2021 жылдың 22 қарашасында Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне (бұдан әрі - Комитет) жүгінген.
Комитет өз кезегінде Серіктестіктің арызын қарауды Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне (бұдан әрі - Департамент) жолдаған.
Департамент алғашқы конкурсты жүзеге асырудан негізсіз бас тартылғандығын анықтап, құрылыс басқармасының басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын көрсеткен.
Талап қоюшы алғашқы конкурстың және жаңадан өткізілген конкурстың нәтижелерімен келіспей, сотқа талап қоюмен жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жауапкердің бірінші өткізілген конкурстан бас тартып, келесі күні сол объект бойынша жаңа конкурс жариялауы заңсыз болып табылады деген тұжырымға келіп, екінші өткізілген конкурсты заңсыз деп танып, нәтижелерінің күшін жою туралы тұжырымға келген.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 13-тармағының 1) тармақшасында көрсетігендей тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
Соттармен анықталғандай, жауапкерлер тарапынан аталған Заң нормасында көрсетілгендей мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға негіз болатындай тиісті дәлелдемелер ұсынбаған.
Сонымен қатар, іс бойынша мән-жайларды анықтап, жаңа конкурстың қорытындыларын заңсыз деп танып, жауапкерлердің бірінші конкурс бойынша сатып алудан бас тарту және оның қорытындысын жарияламағаны туралы әрекеттеріне тиісті құқықтық баға бермей, соттар талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы негізсіз қорытындыға келген.
Осылайша, соттар талап қоюшының заңды құқықтары мен мүдделері бұзылғандығын анықтап, оларды қалпына келтіру үшін тиісті шаралар қабылдамай, жауапкерлердің бастапқы конкурсты қорытындылау туралы талап қоюдан бас тартқан.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігінде әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 84-бабының үшінші бөлігінде заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданатындығы көрсетілген.
Осыған орай, жергілікті соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымы негізсіз болып табылады. ӘРПК-нің 8-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
Жергілікті соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуы істің дұрыс шешілмеуіне әкеліп, АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігі 1), 3), 4) тармақшасы, екінші бөлігінің 1), 3) тармақшаларына сәйкес сот актілерін өзгерту үшін негіз болып табылады.
Қалған бөлігінде сот алқасы соттардың тұжырымымен келіседі.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері өзгертіліп, талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылуға жатады деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Талап қоюдың қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, жаңа шешім қабылдансын.
«Алматы облысы, [...]нда 30 орынға арналған жатақханасы бар 100 орынға арналған гуманитарлық колледж салу» нысанына құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша конкурстық комиссияның сатып алудан бас тарту туралы 2021 жылғы 17 қарашадағы №6338430-ОК1 санды №45819421-ОК1 лот бойынша конкурс нәтижелерінің күші жойылсын.
Осы конкурсты қорытындылау «Алматы облыстық құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жүктелсін.
Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.
«Алматы облысы әкімдігінің «Алматы облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінен «Т[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 7 257 (жеті мың екі жүз елу жеті) теңге өндірілсін.
«Т[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов Ш. Даниярова Г. Дүйсенбаев Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.