ҚАУЛЫ 2026 жылғы 26 мамыр
№6003-26-00-2к/914
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың,
талап қоюшының өкілі Н.Б.Шажалиевтің, жауапкердің өкілі Н.М.Касымбековтың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы Шымкент қаласының әкімінің (бұдан әрі - Әкім) жауапкер Равшан Нимаджанович Амановқа мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 5 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Әкім жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Р.Н.Амановтың Шымкент қаласы, Абай ауданы, Қызыл Жар шағын ауданы, №496 жер телімі мекен-жайында орналасқан, жалпы алаңы 5,0 га, кадастрлық №22-327-023-043 жер учаскесінің (бұдан әрі - жер учаскесі) жалпы құны 221 133 000 теңге төленіп, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 5 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Шешімнің Р.Н.Амановқа мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесінің жалпы құны 221 133 000 теңге өтемақы құны 498 631 500 теңгеге ұлғайтылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сот мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің нарықтық құнын дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің шағымға қарсылығын, прокурордың апелляциялық соттың қаулысының күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық соттың жаңадан
қайта қарауына жолдауға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екені қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағына сай, меншiк құқығының мерзiмi шексіз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1- бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3- тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін
ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Іс құжаттарына қарағанда, 2023 жылғы 16 қаңтардағы №85 сатып алусату шарты негізінде жауапкер Р.Н.Аманов 5,0 га жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Әуежай аумағында жаңа ұшу-қону жолағы үшін» мемлекеттік қажеттерге байланысты жауапкердің жер учаскесі мемлекеттік мұқтажы үшін алып қою туралы Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 28 қазандағы №5551 қаулысы қабылданған.
Талап қоюшының тапсырысы негізінде жүргізілген «АЖК ТРЕЙД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) бағалау есебіне сәйкес жауапкердің аталған жер учаскесі 221 133 000 теңге болып бағаланған.
Жауапкер жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, талап қоюшы ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
Талап қоюшы жауапкерге тиесілі даулы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін, жалпы құны 221 133 000 теңгеге сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 18 шілдедегі ұйғарымымен сот құрылыс-тауартану сараптамасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Сот сараптама орталығының Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының 2025 жылғы 13 тамыздағы №1859 сараптама қорытындысында жер учаскесінің бағалау жүргізу күніне ықтималды нарықтық бағасы 508 000 000 теңгені құрайтыны көрсетілген.
Сонымен қатар, жауапкердің тапсырысы бойынша жасалған бағалау есептеріне сай: «Центр Профессиональной Оценки» ЖШС-нің 2025 жылғы 10 шілдедегі жер учаскесінің нарықтық құны 471 107 000 теңгені, «Everest-L» ЖШС-нің 2025 жылғы 6 наурыздағы осы жер учаскесінің нарықтық құны 401 135 405 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот «АЖК ТРЕЙД» ЖШС-нің бағалау есебін негізге алып, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің нарықтық құнын 221 133 000 теңге мөлшерінде анықтаған.
Апелляциялық сот талап қоюшының тапсырысы бойынша 2025 жылғы 24 ақпандағы жағдайына «АЖК ТРЕЙД» ЖШС-нің өткізген бағалау есебі салыстырмалы әдісін қолданған кезде даулы жер учаскесіне ұқсас (аумағы, қашақтығы, орналасқан мекен-жайы бойынша) жер телімдерін таңдамағанын
және оның сот шешімі қабылданған уақытта, яғни 2025 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы №501 бұйрығымен бекітілген Бағалау туралы есептің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарының 10-тармағында көзделген жарамды алты айлық мерзімі өтіп кеткенін дұрыс назарға алған.
Дегенмен, бұл анықталған мән-жайға қарамастан бірінші сатыдағы сот жауапкерге жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты өтемақының құнын 221 133 000 теңгеге мөлшерінде осы бағалау есебінің негізінде анықтаған.
Апелляциялық сот алқасында талап қоюшының тапсырысы бойынша жүргізілген бағалау есебіндегі, жауапкердің тарапынан жүргізілген екі бағалау есептеріндегі және 2025 жылдың 13 тамыздағы Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Сот сараптама орталығының Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының сараптамасының №1859 қорытындысында жер учаскесінің нарықтық құнында едәуір айырмашылық болуына байланысты сот алқасы 2025 жылғы 20 қарашадағы ұйғарыммен комиссиялық сот құрылыс - тауарлық сараптамасын тағайындалып, оны жүргізу Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Сот сараптама орталығының Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институтының сарапшыларына тапсырған.
2025 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығы Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институты сараптамасының №1425/8817 қорытындысына сай жер учаскесінің нарықтық құны 498 631 500 теңгені құраған.
Апелляциялық сот осы соңғы сот сараптамасының қорытындысын жеткілікті негізделген және объективті деп танып, сараптамаға ұсынылған жылжымайтын мүліктің орташа нарықтық бағаларын анықтау кезінде жер учаскесі орналасқан мекенжайдағы ұқсас бірнеше жер телімдерінің баға құрылымдары құндарын жобалау аясында маркетингтік зерттеу қолданылғанын, жүйелі баспасөздегі деректер мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары, жылжымайтын мүліктерді сату сайтының мәліметтері жинақталып, тиянақты талданылғанын негізге алған.
Сонымен қатар, апелляциялық сот 2025 жылдың 13 тамыздағы Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институты сараптамасының №1859 қорытындысы Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институты сараптамасының қорытындысына ұқсас деген тұжырымға келген және бұл
сараптамалардың көп айырмашылығы болмағанын дұрыс назарға алған.
Апелляциялық сот комиссиялық сараптама тағайындалғанын ескеріп, өтемақының құнын Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалары институты сараптамасының №1425/8817 қорытындысының негізінде айқындау қажет деген орынды тұжырым жасаған.
Кассациялық шағымның сот сараптамасында салыстырмалы тәсілді қолданғанда балама (аналог) ретінде алынған жер учаскелерінің нарықтық құнын айқындаудың сенімді дереккөздері пайдананылмаған деген уәждері негізсіз болып табылады. Өйткені, бұл балама (аналог) ретінде алынған жер учаскелерінің бағалары сот сарапшыларымен krisha.kz интернет-ресурсынан алынған.
Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласы мен оның маңайындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүліктің нақты нарықтық құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Сонымен қатар, сарапшыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Талап қоюшының кассациялық шағымындағы іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспейтіні туралы уәждері дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Істі қарау барысында апелляциялық соттың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 5 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.