ВС РК - Постановление от 13.10.2022 по делу 6001-22-00-6ап/812 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 13 қазан 6001-22-00-6ап/812 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшы – «И[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілі А[...],

жауапкер – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілі Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «И[...]» ЖШС-нің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-не (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) қойған 2021 жылғы 25 қазандағы №119301-10-21 бұйрыққа дау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 2 желтоқсандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«И[...]» ЖШС-гі жауапкер (Серіктестік) Қазынашылық комитетінің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 25 қазандағы №119301-10-21 бұйрығының (бұдан әрі – бұйрық) күшін жою жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, бұйрықтың күші жойылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы өкілінің шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Тапсырыс беруші) 2021 жылы 1 шілдеде жалпы құны 118 876 761 теңге болатын «Қызылорда облысы, [...] дәрігерлік амбулатория құрылысы» жұмысына ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға конкурс жариялаған .

2021 жылғы 2 тамыздағы қорытындылар туралы №5996199-ОК2 хаттамаға сәйкес Серіктестік жеңімпаз деп танылып, Тапсырыс берушімен 2021 жылғы 18 тамызда мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – Ш[...]) жасалған.

Ш[...] 4.1 тармағының 2) тармақшасында талап қоюшы Ш[...] жасалған күнен бастап он жұмыс күні ішінде 3 345 965,88 теңге мөлшерінде, яғни 2021 жылғы 2 қыркүйекке дейін Ш[...] орындалуын қамтамасыз ету сомасын енгізуге міндетті екені көрсетілген.

Аталған мерзімде Серіктестік бұл соманы төлемеген. Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің бұйрығымен ол мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған және мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.

Бұл бұйрықпен келіспеген Серіктестік сотқа берген талап қою арызында қамтамасыз ету сомасын енгізу мерзімі Ш[...] қазынашылық органында 2021 жылы 24 қыркүйекте тіркеуге алынғаннан бастап есптелуге тиісті екенін көрсеткен. Сондықтан ол бұл соманы 2021 жылы 8 қазанда төлегендігімен негіздеген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандыру туралы шешімдерін тараптар арасындағы дау Ш[...] орындалуын қамтамасыз етудің енгізілу мерзіміне қатысты туындап отырғандығын және бұл мәселе бойынша заңнамалардағы күмәндар, қайшылықтар мен көмескілер талап қоюшының пайдасына түсіндірілуге жатады деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттар дау бойынша дұрыс шешім қабылдай тұра заңды дұрыс түсіндірмеген деп есептейді. Бірақ бұл мән-жай АПК-нің 451бабының жетінші бөлігіне сай сот актілерінің күшін жюға негіз бола алмайды.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434 Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 43-бабының 9- тармағына сай (2021 жылғы 12 қазанға дейінгі мәтінінде) өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізуге міндетті.

Яғни, шарттың орындалуын қамтамасыз етудің мерзімі шарт жасалған күннен бастап есептелетіні Заңда тікелей көзделген. Заңның 2021 жылғы 12 қазанға дейінгі мәтініндегі бұл нормада аталған мерзімді Ш[...] заңды күшіне енгізілуімен байланыстырмаған.

Т[...] 2021 жылғы 18 тамызда жасаған. Осы күннен бастап он жұмыс күнін есептегенде, шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу мерзімінің аяқталуы – 2021 жылдың 2 қыркүйегі болып есептелуі тиіс. Серіктестік болса заң нормаларын қате түсініп, шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын Заңда көрсетілген мерзімнен кешіктіріп төлеген. Бірақ, осы жағдай Серіктестіктің аталған соманы төлемей, шарт міндеттемелерін орындаудан қасақана жалтармағанын білдіреді. Сондықтан сот алқасы әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алу негізді болып табылады деп есептейді. Сонымен қатар сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.

Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы іс бойынша шешімді ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылдау қажет деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 2 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Судьялар Ш.Даниярова

Е.Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.