6кг-10-21
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 27 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Д. Рахметулин, судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...], «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Е[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан əрі - ӘҚБтК) 164-бабының 3-бөлігі бойынша «HALYQ SU» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне қатысты,
Түркістан қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2020 жылғы 13 қарашадағы жəне Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы бойынша келіп түскен əкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тəртіппен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі - Департамент, уəкілетті орган) 2020 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен «HALYQ SU» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (бұдан əрі - Кооператив) ӘҚБтК-нің 164-бабының 3-бөлігіне сəйкес əкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танылып, оған осы бап бойынша 73 440 719 теңге айыппұл салынған
Түркістан қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2020 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен уəкілетті органның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен сот актісі өзгертілген, тағайындалған жаза 2 521 506 теңгеге төмендетілген. Қазақстан Республикасы Бас Прокурор орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде жəне қолдануда
бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тəртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды сұраған.
Н[...] қуаттаған прокурордың, Е[...] пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабына сəйкес əкімшілік құқық бұзушылық туралы сот қаулысының күшін жоюға не оны өзгертуге мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мəн-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дəлелдемелерге сəйкес келмеуi; əкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған əкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнəлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сəйкес келмеуi негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына сəйкес Департамент Түркістан облысы, [...] бірқатар тұрғындарының ауданда К-20 каналымен суды сату бағасының қымбаттығы туралы арызын қарау кезінде Кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының хаттамасына сəйкес суармалы судың кұнын бекітіп, өз тұтынушыларына табиғи монополиялар саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уəкілетті орган тарапынан бекітпей, суды сатып, жеткізумен айналысқанын анықтаған.
Департамент айыппұл мөлшерін анықтауда 2019 - 2020 жылдардағы əкімшілік құқық бұзушылық жасау кезіндегі кірістерді қосып, 73 440 719 теңге айыппұл салған. Бірінші сатыдағы соттың қаулысымен уəкілетті органның қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Апелляция сотының қаулысымен сот актісі өзгертілген, тағайындалған жаза 2 521 506 теңгеге төмендетілген.
Н[...] іс-əрекеттерінің ӘҚБтК-нің 164-бабының 3- бөлігі бойынша саралануының дұрыстығына дау айтылмайды, ӘҚБтК-нің 164-бабының ескертпесін дұрыс қолданбағаны көрсетіледі.
ӘҚБтК-нің 164-бабының 3-бөлігіде табиғи монополия саласына жатқызылған қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың уəкілетті органға табиғи монополиялар туралы заңнамада белгіленген тəртіппен осы қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде Табиғи монополиялар субъектiлерiнің мемлекеттік тіркеліміне енгізу туралы өтінішті жəне құжаттарды (ақпаратты) ұсынбауы көзделген. ӘҚБтК-нің 164-бабының 3-бөлігінің санкциясы əкімшілік құқық бұзушылық жасау нəтижесінде алынған кіріс (түсім) сомасының бір жүз пайызы мөлшерінде айыппұл салуға əкеп соғады.
Бұл ретте ӘҚБтК-нің 164-бабына ескертпеде кіріс (түсім) əкімшілік құқық бұзушылық жасау нəтижесінде алынған кіріс (түсім) деп табиғи монополия субъектісі алған кіріс (түсім) пен Қазақстан Республикасының
заңнамасы сақталған кезде табиғи монополия субъектісі алуға тиіс кіріс (түсім) арасындағы айырма деп түсініледі.
Департамент 73 440 719 теңге сомасында бұзушылықты жəне кіріс (түсім) алуды анықтаған. Бұл ретте субъектінің табысы (түсімі) заңды көрсетілген ретте белгіленбеген.
Уəкілетті орган заңды табысты (түсімді) есептеуді ұсынбаған, нақты алынған табыстан заңды табысты шегерім жүргізбеген. ӘҚБтК-нің 768-бабының 2-бөлігіне сəйкес егер ұсынылған дəлелдемелер жеткiлiксiз болса, iстi қарап жатқан сот не орган процеске қатысушыларға қосымша дəлелдемелер ұсынуды не оларды өз бастамашылығымен жинауды ұсынуы мүмкiн.
Осыған байланысты алқа Түркістан қаласының мамандандырылған əкімшілік сот жəне Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күшін жойып, істі қайта қарауға жолдау туралы тұжырымға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мəселелерге сот назар аударып, қажет болған жағдайда сараптама тағайындауы тиіс. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандыруға жатады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Түркістан қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2020 жылғы 13 қарашадағы жəне Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қарау үшін жолдансын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Рахметулин Судьялар Ж. Ермағамбетова
Судьялар
М. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.