Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 наурыз №6003-25-00-2к/5660 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы Ж.С.Баекееваның, жауапкер Ш.Б.Есеншораеваның, аудармашы Е.А.Төкештің бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Жазира Сейлхановна Баекеева (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер Шолпан Болатовна Есеншораевадан (бұдан әрі - жауапкер) ақша және моральдық шығынды өндіру туралы электрондық азаматтық істі талап қоюшының Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкер сапасыз қызмет көрсеткенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 56 740 теңге келтірілген шығын, 20 000 теңге моральдық шығын, 768 теңге мемлекеттік баж, 50 000 теңге өкілдің қызметіне төленген шығын өндірілген, талап қоюшыға «London» деген жазуы бар қара түсті костюмды, сұр түсті костюмды (трехнитка), сұр түсті алдында жылқының суреті бар футболканы жауапкерге қайтару міндеттелген.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты толық көлемде қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді қарап, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Занының 7-бабының 6), 8) және 12) тармақшаларын, 35-бабының 1-тармағының 1-3) тармақшасын, осы баптың 2-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік
құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Талап қоюшы тұтынушы ретінде 2024 жылғы 11 қыркүйекте Алматы қаласы, Навои көшесі, №310 мекен-жайы бойынша орналасқан «Шик» ательесіне жөндеу және дұрыстау үшін 7 киім өткізген.
Талап қоюшы талап қоюында жауапкер өткізген киімдерді бүлдіріп тастағанын, соның салдарынан олар пайдалануға жарамсыз болып қалғанын көрсетіп, бүлінген киімдердің ақшасын, жол шығындарын және келтірілген моральдық зиянды өндіруді сұраған.
Соттар «London» деген жазуы бар қара түсті костюмның құны 25 000 теңге, сұр түсті костюмның (трехнитка) құны 23 900 теңге, сұр түсті алдында жылқының суреті бар футболканың құны 7 840 теңге, барлығы 56 740 теңге материалдық шығын өндірілуге жатады деген дұрыс қорытындыға келген, себебі талап қоюшы сотқа өзінің жоғарыда аталған киімдерді сатып алғандығы жөнінде дәлелдеме ретінде «Kaspi Bank» акционерлік қоғамының қосымшасы арқылы төлегендігі туралы төлем құжаттарын сотқа ұсынған.
Одан бөлек, жауапкермен көрсетілген сапасыз қызметтің салдарынан талап қоюшыға мүліктік залал келгені, жауапкердің киімдерді жөндеу кезінде жіберген кемшіліктері айтарлықтай және жойылмайтындай дәрежеде болғаны іс құжаттарымен қатар тараптардың жауаптарымен және анықталған мәнжайлармен дәлелденіп бекітілген.
Сондай-ақ, соттар істің мән-жайларына тиісті құқықтық бағасын бере отырып, талап қоюшыға келтірілген моральдық зиянның мөлшерін дұрыс айқындаған. Талап қоюшының таксимен ательеге барып келген шығындары мен сатып алған киімнің өзіне жеткізу қызметінің құнын өндіруден негізді бас тартқан, себебі ол дәлелдік күші бар төлем құжаттарын ұсынбауымен қатар осы қызметтері пайдаланудың қажеттілігін дәлелдемеген.
Істің мұндай тұрғысында, талап қою ішінара қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Жазира Сейлхановна Баекееваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.