№6003-25-00-2к/5101 5101(2)
Ж Е К Е Ұ Й Ғ А Р Ы М
2026 жылғы 6 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, аудармашы Г.Н.Нурланованың, талап қоюшылар З.С.Ишабаевтың, М.Ғ.Алпысбаевтың, өкілдері Е.Т.Издибаев пен К.Б.Айсалбаевтың,
жауапкер өкілі Г.А.Сасинның қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімі мен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымдарымен түскен,
талап қоюшылар Зұлқарнай Серікұлы Ишабаев пен Мағжан Ғалымжанұлы Алпысбаевтың жауапкер «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне академиядан оқудан шығару жөніндегі бұйрығының күшін жойып, оқудың бірінші курсына қайта қабылдау туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотының 2026 жылғы 6 сәуірдегі қаулысымен «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Академия) 2025 жылғы 17 ақпандағы № 57 ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылып, З.С.Ишабаев пен М.Ғ.Алпысбаев осы оқу орнының кәсіби даярлық факультетінің 103-оқу тобының 1-курсына қайта қабылданған.
Академиядан талап қоюшылардың пайдасына өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығындары 2 000 000 теңге өндірілген.
Себебі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 17-бабының 1- тармағының және 22-бабының 1-тармағының талаптары бойынша, азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады.
Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi олардың заңды өкілдерінің келiсiмiмен жасайды.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңының (бұдан әрі-Заң) 9-бабының 1 және 4-тармағының талаптарына сәйкес, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта бiлiмi бар, жасы он алтыға толған адамдар қабылдана алады.
Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының еркін нысандағы жазбаша келісімі қажет.
Аталған талап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 13 мамырдағы № 500 бұйрығының 1-қосымшасының 2-тарауының 5-тармағында (бұдан әрі-Қағида) көзделген.
Өз кезегінде, талап қоюшылар даулы оқудан өз қалаулары бойынша шығару туралы баянатпен Академия басшылығына жүгінгенде, кәмелет жасына толмаған, олар 17 жаста болған.
Сәйкесінше осы баянаттар негізінде келісімшарттарды бұзу үшін, оған міндетті тұрде кәмелетке толмағандардың ата-аналарының жазбаша келісімі қажет болған, алайда Академиямен аталған заңның талабы бұзылған, бұл келісім олардан алынбаған.
Талап қоюшылардың баянаттарының құқықтық салдары болған, оқу орнынан шығарылғаннан бөлек, кейіннен олардан Заңның 9-бабының 6- тармағына сәйкес оқуларына жұмсалған 1 167 500 теңге бюджет қаражаты мемлекет кірісіне сот бұйрықтары негізінде кері қайтарылған.
Одан бөлек, Қағиданың 2-тарауының 6-тармағының талабы бойынша, Келісімшарт тараптардың келісімі немесе тараптардың бірінің бастамасы бойынша, сондай-ақ келісімшарт талаптары бұзылған жағдайда бұзылады. Келісімшартты бұзу туралы куәландыратын құжат ІІМ білім беру ұйымының бұйрығы болып табылады.
Келісімшарт Заңның 80-бабы 1-тармағының 12), 12-1), 13), 14), 15), 16) және 17) тармақшаларын қоспағанда, тараптардың бірінің бастамасы бойынша екінші тараптың оны бұзғаны туралы жазбаша хабарлаған күнінен бастап 30 жұмыс күні өткеннен кейін бұзылады.
Бұл Қағиданың талаптары тараптар арасында 2024 жылғы 25 тамыздаға жасалған келісімшарттың 6-тармағында көзделген. Сондықтан, талап қоюшылар оқудан Заңның 80-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы негізінде шығарылғандықтан, Қағиданың талабы бойынша Академияның оқудан шығару туралы бұйрығы баянаттар жазылған күнінен бастап 30 жұмыс күні өткеннен кейін шығарылуға тиіс болған.
Дегенмен оған қарамастан 2025 жылғы 14 ақпанда (жұма күні) берілген баянаттар бойынша, талап қоюшыларды осы күнмен оқудан шығару жөніндегі бұйрық Академиямен келесі жұмыс күні 17 ақпанда (дүйсенбі күні) шығарылып, Қағиданың бұл талаптары бұзылған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшылардың оқу үлгерімдері немесе тәртіптері нашар болмаған, себебі көрсетілмеген оқудан өз қалауы бойынша шығару туралы баянаттар бір күнде бірден 3 курсантпен жазылған, жазылған баянаттардың мәтіні сөзбе сөз бірдей. Олардың біреуі артынша Академияға қайтадан оқуға қабылданса, екеуі осы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жиынтығында, аталған фактілер талап қоюшылардың баянаттардың өз қалаулары бойынша емес тікелей Академияның офицер - оқытушысының
қорқытуымен жазылғандығы жөніндегі уәждерін растайды, оларды жоққа шығармайды.
Нәтижесінде, Академиямен оқудан шығару туралы заңсыз бұйрықтарды қабылдау арқылы кәмелетке толмағандардың Конституцияда қаралған оқу мен кәсіп түрін еркiн таңдау құқыларының шектелуіне жол берілген. Соның салдарынан мемлекетке 2 000 000 теңге шығын келтірілген.
Өз кезегінде, аталған Заңның талаптарына сәйкес құқық қорғау қызметі мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылады және адамның құқықтары мен бостандықтарын қол сұғушылықтан қорғау міндеттілігі оның арнайы принциптерінің бірі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 270-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша, заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
«Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару практикасы туралы» 2010 жылғы 25 маусымдағы № 1 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 2-тармағына сәйкес, сот отырысында анықталған заңдылықты бұзу жағдайлары жеке ұйғарымдар шығару үшін негіздер болып табылады.
Нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін ісәрекеттерді заңдылықты бұзу деп түсінген жөн.
Сондықтан алдағы уақытта заңдылықтық бұзылуын болдырмау және алдын алу мақсатында, сот аталған фактіге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің назарын аудару қажет деп тапты.
АПК-нің 268, 269, 270-баптарын басшылыққа алып, кассациялық сот
Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:
«Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің тарапынан жол берілген заңдылықтың бұзылған жағдайлары туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне хабарлансын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.