ВС РК - Постановление от 22.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/574 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 22 қыркүйек 6001-22-00-6ап/574 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья – сот алқасының төрағасы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Е.Ж.Өміралиев болып,

жауапкердің өкілі Б[...],

мүдделі тұлғаның өкілі Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «НС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (Қазынашылық комитеті) бұйрығының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 қазандағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 ақпандағы қаулысына жауапкер Қазынашылық комитетінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«НС[...]» ЖШС-гі жауапкер Қазынашылық комитетінің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 9 қыркүйегіндегі №116448-09-21 бұйрығының (бұдан әрі – бұйрық) күшін жою жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Бұйрықтың күші жойылып, мемлекеттік бюджеттен талап қоюшы «НС[...]» ЖШС-не 14 585 теңге мөлшерінде төленген мемлекеттік баж қайтарылған. Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған. Шешімнің қарар бөлігінің үшінші азат жолы «Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінен талап қоюшы «НС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына мемлекеттік бажға төлеген сот шығыны 14 585 (он төрт мың бес жүз сексен бес) теңге өндірілсін.» деп жазуға қаулы етілген.

Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 4-тармағының 2) тармақшасына, 5- тармағына сай, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі: жеңімпаздар деп айқындалған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.

«Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – тапсырыс беруші) «Шу ауданына жеңіл автокөліктерді жүргізушісімен жалға алуға» бағасы 904 017,86 теңгеге мемлекеттік сатып алу өткізген.

2021 жылғы 27 тамыздағы конкурсының нәтижесі бойынша 900 000 теңге ұсынған «НС[...]» ЖШС-гі жеңімпаз болып танылған. 901 000 теңге ұсынған жеке кәсіпкер «Ернар» екінші орын алған әлеуетті өнім беруші болып айқындалған.

2021 жылы 3 қыркүйек күні 15:42 сағатта тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы талап қоюшыға қол қою үшін мемлекеттік сатып алу туралы шартты жолдаған.

Бірақ заңда көзделген мерзімде «НС[...]» ЖШС-гі шартқа қол қоймаған.

Қазынашылық комитетінің 2021 жылы 9 қыркүйектегі бұйрығымен «НС[...]» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған.

Төменгі сатыдағы соттар «НС[...]» ЖШС-нің шарт жасасудан жалтару ниеті болмағандығын анықтап талапты қанағаттандырған кезде әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алғаны негізді болып табылады.

Соттар тапсырыс берушінің жолдаған шартына жауапты қызметкердің кінәсінен қол қойылмағаны, ал «НС[...]» ЖШС-ің басшысы жұмыс орнында болмауына байланысты (тапсырыс нысандарында болған) қол қоюға мүмкіндігі болмағаны адами фактор болып табылады деп бағалаған.

«Электронды қаржы орталығы» АҚ-ның берген жауабына сәйкес 2021 жылдың қыркүйегінің 3 мен 8 аралығында шартқа қол қою кезеңінде «НС[...]» ЖШС-мен автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесі порталында кіру және өзге де әрекеттер жасалмаған.

Сонымен қатар талап қоюшының мемлекеттік сатып алу нарығының адал қатысушысы болып табылатыны, себебі 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 60-тан аса мемлекеттік сатып алу шарттары, оның ішінде көлік қызметі, автокөлікке техникалық қызмет көрсету туралы ұқсас шарттардың басым бөлігі ескертусіз орындалғаны, біразы орындалу барысында екендігі (2021 жылы 12 шарттың 7-уі орындалған) және бұл мән-жайлар көлік қызметі шарты бойынша міндеттемені орындауға қажетті тәжірибе, материалдық және еңбек ресурстары болғандығын дәлелдейтінін және осыған байланысты шартқа қол қоюдан әдейі жалтаруға негіздер болмаған деген тұжырымға келген.

Мемлекеттік сатып алу конкурсын қайта жүргізгеннен кейін шартты басқа жеңімпазбен жасасудың тапсырыс берушіге теріс салдары болмаған.

Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.

Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

Апелляциялық саты соты АПК-нің 427-бабының алтыншы бөлігіне сай сот шешімін өзгертпестен іс бойынша сот шығынының тағдырын дұрыс шешкен.

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінің 616-бабының 17) тармақшасына сай мемлекеттiк мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары – үшiншi тұлғалардың мүдделерiн қорғау жағдайларын қоспағанда, талап қойған және сот шешiмдерiне шағым жасаған кезде соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

Тиісінше мемлекеттік мекемелер жауапкер болған жағдайда соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылмаған.

Сондықтан АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшының пайдасына оның төлеген сот шығыстары жауапкерден өндірілуге жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 қазандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Баймаханов

Судьялар Б.Нажмиденов

Е.Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.