№6003-26-00-
2к/743
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 13 мамыр Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков,
судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова,
арыз берушінің өкілі Н[...], мүдделі тұлға К[...], оның өкілі Ж[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
арыз беруші Ақтау қаласы полиция Басқармасының Көші-қон қызметі бөлімінің (бұдан әрі –Басқарма) мүдделі тұлға Өзбекстан Республикасының азаматы К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі мүдделі тұлғаның өкілінің Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 5 желтоқсандағы шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуді сұраған. Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 5 желтоқсандағы шешімімен К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған.
Мүдделі тұлғаның өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот шешімімен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, арызданушы өкілінің шағымға қарсылығын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот шешімін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Бірінші сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол
берілмеген.
Қазақстан Республикасының «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабына сәйкес егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады. Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер заң мен сот алдында тең болады, оларды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды.
Заңның 28-бабында шетелдік мына жағдайларда: егер оның iсәрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса; егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса; егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса; егер Қазақстан Республикасының азаматымен некеге тұруы оны Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру үшiн негiз болып табылып, заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен неке заңсыз деп танылған жағдайда Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберілуі мүмкiн екендігі қарастырылған.
Іс құжаттарына қарағанда К[...] 1994 жылдың 28 маусымында туған, Өзбекстан Республикасының азаматы, тұрақты негізде отбасымен бірге Қазақстан Республикасының аумағында Ақтау қаласында өмір сүреді. 2018 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасының азаматшасы Қ[...] заңды некеге тұрған. Осы ортақ некеден дүниеге келген кәмелетке толмаған үш баласы Қазақстан Республкасының азаматтары.
К[...] 2021 жылғы 16 қыркүйекте қолдану мерзімі 2028 жылғы 26 мамырға дейін №051271472 шетелдіктің тұруына ықтиярхаты берілген.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтерге сәйкес, К[...] келесідей заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған:
- 2025 жылғы 29 қаңтардағы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының (бұдан әрі - сот) қаулысымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық
туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 6-бөлігімен көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адам көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалған;
2025 жылғы 26 наурыздағы хаттамамен ӘҚБтК-нің 615-бабының 1-бөлігімен тас жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін кінәлі деп танылып, айыппұл түріндегі жаза тағайындалған;
2025 жылғы 24 мамырдағы хаттамамен ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен көлік құралдарын басқару құқығы жоқ күйде көлік құралын басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл түріндегі жаза тағайындалған;
2025 жылғы 27 маусымдағы соттың қаулысымен ӘҚБтК-нің 608бабының 7-бөлігімен бір жыл ішінде қайталап көлік құралын қасақана алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған;
2025 жылғы 27 маусымдағы хаттамамен ӘҚБтК-нің 593бабының 2-бөлігімен көлік құралын жүргізу кезінде қауiпсiздiк белдіктерiн тақпағаны үшін кінәлі деп танылып, айыппұл тағайындалған;
2025 жылғы 20 қарашадағы хаттамалармен ӘҚБтК 434бабының 1-бөлігімен темекі қалдығын белгіленбеген орынға тастағаны үшін, ӘҚБтК-нің 593-бабының 3-бөлігімен бір жыл ішінде қайталап көлік құралын басқару кезінде қауiпсiздiк белдіктерiн тақпағаны үшін, ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-бөлігімен көлік құралын жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра көлік құралын басқарғаны үшін кінәлі деп таналып, айыппұл түріндегі жазалар қолданылғын.
Ақтау қаласының №2 сотының 2024 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы уәкілетті органның арызы орын алған құқық бұзушылықтардың мемлекет пен қоғамға аса қауіптілік тудырмайтыны, шетелдікті шығарып жіберу оның отбасы мүшелеріне қиындық тудыратыны, жанұя арасындағы қарымқатынасты бұзылуы мүмкін екені ескеріліп, қағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 15 тамыздағы сот бұйрығымен К[...] оның жұбайы Қ[...] пайдасына кәмелетке толмаған балаларын күтіп бағу үшін алимент өндірілген.
Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 14 наурыздағы шешімімен К[...] Қазақстан Республикасының
аумағынан тыс шығарып жіберу туралы уәкілетті органның арызы аталған шетелдік азаматының отбасының Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты негізде өмір сүретіні, кәмелетке толмаған балаларының мүддесі ескеріліп, отбасын бөлмеу қағидасының сақталуын қамтамасыз ету үшін қанағаттандырудан бас тартылған.
Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, онда шетел азаматы К[...] жоғарыда аталған әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасау салдарынан Қазақстан Республикасының заңын өрескел бұзғанын, оның мұндай әрекеттері қоғамға қауіп тудыратынын көрсетіп, К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуді сұраған.
Сотта анықталғандай, шетелдік азамат К[...] Қазақстан Республикасының аумағында болу кезінде сипаттау бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтарға жүйелі түрде жол берген, соның ішінде екі мәрте көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Бірінші сатыдағы сот аталған шетелдік азаматының жоғары қауiптiлiк көзi болып табылатын көлік құралын оны басқару құқығы жоқ бола тұра, алкогольдік масаң күйде басқаруы халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретіні және қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетіні туралы негізді тұжырым жасаған. Сонымен қатар, отбасын бөлмеу қағидасын сақтау негізімен сот шешімдерімен К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберуден екі мәрте бас тартылған.
Алайда, К[...] бұған қарамастан, өзіне тиісті қорытынды шығармай, Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде, өрескел бұзуды жалғастырған.
Сондай-ақ, К[...] алғашқы екі сотта да қарсылықтарын отбасы мен кәмелетке толмаған балаларының Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты негізде тұратынын, Республика аумағынан тыс шығарып жіберілген жағдайда отбасы тұтастығының бұзылатынын көрсетіп, негіздеген болатын.
Бірінші сатыдағы сот К[...] жұбайының пайдасына кәмелетке толмаған балаларын асырап бағу үшін алимент өндіру туралы сот бұйрығының шығарылуы, оның ата-аналық міндетін де тиісті дәрежеде атқармайтынын айқындайды деп санап, оның осы істі қарау барысында қарсылықта келтірген ұқсас уәждеріне орынды сыни баға берген.
Мүдделі тұлға өкілі кассациялық шағымында К[...] Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде
тұрғанын, жұмыс істейтінін, жұбайы мен жас балаларымен бірге өмір сүріп жатқанын, жұбайы этникалық қазақ азаматшасы екенін және оның банктер алдында қаржылық міндеттемелері бар екенін алға тартқан.
Алайда, кассациялық шағымның бұл уәждері назарға алуға жатпайды.
Өйткені, К[...] Қазақстан Республикасының аумағында уақытша бола тұра жоғарыда көрсетілген Заңның талаптарын сақтамай, жүйелі түрде өрескел бұзып келген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы №4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» Нормативтік қаулысының (бұдан әрі –Нормативтік қаулы) 14-тармағында азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу туралы шешім шығару кезінде соттар шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жасаған құқық бұзушылығын ескеруі қажет екені көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот шешімінде К[...] жасаған әкімшілік бұзушылықтары дұрыс ескерілген. Оның мұндай әрекеттері қоғамдық тәртіпті қорғау мүдделеріне қайшы келетіні және оған қолданылған шара құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды құралы болып табылатыны назарға алынған. К[...] көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде басқарқарғаны қасақана жасалынған құқық бұзушылық болып табылады және де оның Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарын сақтауға ниетті болмағанын көрсетеді.
Бірінші сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс анықталған, материалдық заң нормаларын дұрыс қолданған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Мұндай жағдайда, кассациялық сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деген тұжырымға келеді.
Нормативтік қаулының 18 тармағына сай соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.
Сондықтан кассациялық сот К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан 2026 жылдың 1 маусымына дейін шығарылуы тиіс деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 5 . желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
1994 жылдың 28 маусымында туылған Өзбекстан Республикасының азаматы К[...] Қазақстан Республикасының аумағынан 2026 жылдың 1 маусымына дейін шығарылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.