Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 01.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4032 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4032

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 1 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі Н.Егізбаевтің, даудың нысанасына дербес талабы жоқ үшінші тұлғалар «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатыныстары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.Серікбайдың, Асықата кенті әкімінің өкілі Ғ.Т.Кенжебековтың, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Жетісай аудандық тіркеу бөлімі және жер кадастр бөлімінің өкілі А.Түзелханның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Жетісай ауданы әкімінің жауапкерлер Куляш Итбаевна Усимбековаға, Замира Турарбековна Адырбековаға, Темирлан Турарбекович Адырбековқа, Фарида Турарбековна Адырбековаға, Баглан Турарбекович Адырбековқа мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы азаматтық істі жауапкер К.И.Усимбекованың Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

К.И.Усимбековаға, З.Т.Адырбековаға, Т.Т.Адырбековқа, Ф.Т.Адырбековаға, Б.Т.Адырбековқа тиесілі Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылдық округі аумағында орналасқан, кадастрлық № 19-325-029-198 көлемі3,6925 га уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер К.И.Усимбекова кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор Н.А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі

тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Кодекстің 88-бабының 1-тармағында егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулымен келіспесе не жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт талаптары бойынша онымен келісімге қол жеткізілмесе, жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талапарызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Іс құжаттарына қарағанда, Мақтаарал ауданы әкімінің 2000 жылғы 10 мамырдағы №2481 шешімі негізінде, Т.Адырбековқа шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін Ынтымақ ауыл әкімшілігі аймағынан көлемі - 4,24 га (бұдан әрі - жер учаскесі) суармалы жер учаскесі тұрақты ортақ үлестік жер пайдалану құқығымен бөлініп берілген.

Жер учаскесі уәкілетті орган тарапынан кадастрлық №19-288-119-923 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, тіркеуден өткен.

Т.Адырбеков 2020 жылғы 12 қыркүйекте қайтыс болуына байланысты, Жетісай ауданы әкімінің 2021 жылғы 10 ақпандағы №106 қаулысымен, жер учаскесі ортақ үлестік құқығында К.И.Усимбековаға, А.Т.Адырбековқа, У.Т.Адырбековқа, З.Т.Адырбековаға, Т.Т.Адирбековқа, Ф.Т.Адырбековаға, Б.Т.Адырбековқа уақытша өтеулі ұзақ мерзімге 29 жылғы жалға жер пайдалану құқығымен қайта бекітіліп берілген.

Жетісай аудандық мәслихатының 2022 жылғы 15 наурыздағы №18-107VІІ шешіміне сәйкес, Жетісай ауданы, Асықата кентінің бас жоспары бекітілген.

Жетісай ауданы әкімінің 2023 жылғы 5 мамырдағы №395 және Жетісай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 5 мамырдағы №2-15-VІІІ бірлескен қаулы және шешімімен, Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылдық округінен, ауыл шаруашылығы және басқа мақсатындағы 336,13 гектар жерді қосу арқылы,

Жетісай ауданы Асықата кентінің шекарасы өзгертіліп, жалпы көлемі - 700,07 гектарды құраған.

Жауапкерлерге тиесілі жер учаскесі Жетісай ауданы, Асықата кентінің бас жоспарына сай елді-мекен шегіне енген.

Жетісай ауданы әкімінің 2024 жылғы 16 қазандағы №730 қаулысымен, Жетісай ауданы Асықата кентін дамытудың және құрылыс салудың бас жоспарына немесе схемасына сәйкес, жеке тұрғын үй салу үшін халықтың жер учаскелеріне деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін және мәдени демалыс орталығын, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы жол (көше) салу мақсатында жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару басталған.

Талап қоюшымен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы және орнына берілетін жер учаскесінің туралы хабарламаны жауапкерлерге 2024 жылы 18 қазанда табысталған. Сондай-ақ орнына басқа жер учаскесі берілу мүмкіндігі қарастырылып, ұсынылған.

Жер учаскесін мемлекеттік мұқтажы үшін алып қоюға жер пайдаланушылардың келісімі берілмеген. Істің мән-жайларына қарағанда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін еріксіз иеліктен шығару туралы тараптар арасында келісімге қол жеткізілмеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қою қанағаттандыру туралы тұжырымын, талап қоюшы заңмен белгіленген сотқа дейінгі барлық іс-әрекеттерді тиісті түрде жүргізіп, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару рәсімі және жалпы шарттарын сақталғанымен негіздеген.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Кодектің 84-бабының 3-тармағына сәйкес, егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, оған осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнына басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.

Жауапкерлер мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесіне қатысты мемлекеттен жер пайдалану құқығын сатып алмаған.

Кассациялық сотта жауапкерлерге «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі иеліктен шығарылатын жер учаскесінің орнына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері ұсынылды. Алайда ұсынылған жер учаскелерінің алудан бас тартты. Осыған орай, жауапкердің тең құнды өтемақы ұсыну міндетті рәсімін сақтамады деген уәжі негізсіз.

Жауапкердің шағымдағы уәждері апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген .

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер К.И. Усимбекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.