ҚАУЛЫ
2024 жылғы 18 шілде 6001-24-00-6ап/588 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Г.Б. Дүйсенбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытынды хаттамаларының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешімімен талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.
Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-нің өкілі істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) дәлелді деп санамайды.
Жауапкер Басқарма мен мүдделі тұлға «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-мы өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Басқарма электрондық вебпортал арқылы автомобиль жолдарын салу жұмыстары бойынша №10586744ОК, №10583377-ОК, №10583392-ОК мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізген.
Бұл конкурстарға әлеуетті өнім берушілер Серіктестік пен « «АҚ[...]»» ЖШС-гі қатысқан.
Конкурс қорытындыларының 2023 жылғы 6 қазандағы №10586744-ОК1, 2023 жылғы 9 қазандағы №10583377-ОК1 және №10583392-ОК1 қорытындылары бойынша « «АҚ[...]»» ЖШС-гі жеңімпаз деп танылған. Конкурс қорытындыларымен келіспей Серіктестік әкімшілік талаппен сотқа жүгінген. Онда конкурс хаттамалары жасалған кезеңде «АҚ[...]» ЖШС-нің мерзімі аяқталмаған төрт - 2023 жылғы 13 наурыздағы №69, №70, 15 наурыздағы №71, 3 наурыздағы №51 мемлекеттік сатып алу шарты веб-порталмен ескерілмей қалғанын, сол себепті олардың шартты жеңілдіктері дұрыс қойылмағанын, яғни 0,4 пайыз теріс мән шегерілмегенін көрсеткен.
Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.
Конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарды қолдану нәтижесімен екі өнім берушінің де шартты жеңілдігі 4% мөлшерінде анықталған.
Мұндай жағдайда, яғни конкурстық баға ұсыныстарының шартты бағалары тең болған кезде, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру Қағидаларының» (бұдан әрі - Қағида) 293-тармағына сәйкес қаржылық орнықтылығының үлкен көрсеткіші бар конкурсқа қатысушы жеңімпаз деп танылады.
Сондықтан қаржылық орнықтылығының көрсеткіші жоғары «АҚ[...]» ЖШС-гі (80,11) конкурс жеңімпазы деп танылған. Теріс мәндер өлшемшарты екі өнім берушіге да қолданылмаған, себебі олардың орындауында қолданыстағы шарт болмаған.
Қағиданың 289-5 тармағына сай:
теріс мәнді қолдану автоматты түрде веб-портал арқылы жүргізіледі, яғни оны қолдану-қолданбау мәселесі конкурстық комиссия арқылы шешілмейді;
теріс мән орындаудағы, яғни веб-порталда орындалғаны туралы белгі
қойылмаған, шарттар бойынша қолданылады.
Талап қоюшының сілтеме жасаған 2023 жылғы 13 наурыздағы №69, №70, 15 наурыздағы №71, 3 наурыздағы №51 шарттар бойынша веб-порталға олардың орындалғаны туралы белгі соғылған.
Сондықтан «АҚ[...]» ЖШС-нің көрсеткіштері дұрыс есептелмегені жайлы шағым уәждері негізсіз болып табылады.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қарашадағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Г[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Г. Дүйсенбаев Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.