ВС РК - Постановление от 06.04.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1730 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1730

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 6 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер К[...] жауапкер «Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасы» ММ-не (бұдан әрі - Басқарма) 4 желтоқсан 2020 жылғы №01/20 және 02/20 санды кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруге өтініштерін кері қайтару туралы әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 шілдедегі қаулысына мүдделі тұлға «KG[...]» ЖШСтің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда Басқармамен 4 желтоқсан 2020 жылғы №01/20 және 02/20 санды талап қоюшының кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алу үшін тапсырған өтініштері және қосымша құжаттары негізсіз қайтарылғанын көрсеткен.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 18 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Басқарманың 4 желтоқсан 2020 жылғы №01/20 және 02/20 санды кен таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруге өтініштерін кері қайтару туралы әрекеті заңсыз деп танылған.

Осы соттың 2022 жылғы 28 шілдедегі жеке ұйғарымымен Ақтау қаласы прокурорының назарына осы әкімшілік іс бойынша анықталған қылмыстық құқық бұзушылық белгілері аударылған.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін қалпына келтіруді сұраған.

ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

АПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, талап қоюшы жеке кәсіпкер К[...] Маңғышлақ стансасынан солтүстік - шығыс бағытында 383, 385 шақырымында орналасқан кен таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алу мақсатында 4 желтоқсан 2020 жылы №01/20 және №02/20 санды өтініштерімен Басқармаға жүгінген.

Осыған қоса 25 желтоқсан 2020 жылы талап қоюшы «ББП[...]» ЖШС-мен (бұдан әрі - Серіктестік) №9/ББП/2020, №10/ББП/2020 санды келісім шарттар жасақтаған. Бұл келісім шарттар бойынша орындаушы Серіктестік кен орындарынан пайдалы қатты қазбаларды өндіру туралы өтінішті рәсімдеп тапсыруға, тау-кен жұмыстарының жоспарын, жою жоспарын және эмиссияға рұқсатты жасақтауға және келісімдеуге міндеттелген.

Сонымен қатар, осы шарттарды орындау мақсатында тапсырыс беруші жеке кәсіпкер К[...] 6 қаңтар 2021 жылғы №001 санды сенімхат арқылы орындаушы Серіктестіктің жұмысшысы М[...] пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны алу мәселесі бойынша өз атынан уәкілеттік етуге құқығы, осыған байланысты оған арыз беру, құжаттарды қабылдау, қажетті құжаттарға қол қоюға және басқада әрекеттер жасауға құқығы берілген.

Басқарма 8 желтоқсан 2020 жылы №04-11-1139 және №04-11-1140 санды хаттарымен кен орындарының шекараларын келісімдеу үшін өтініштерді тиісті құжаттарымен бірге «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан геология өңіраралық департаментіне (бұдан әрі - Департамент) жолдаған.

Департаментпен жеке кәсіпкер К[...] сұрастырып отырған Маңғышлақ стансасынан солтүстік - шығыс бағытында 383, 385 шақырымында орналасқан кен орындарының шекаралары келісімделген. 25 желтоқсан 2020 жылы Басқармамен талап қоюшыға тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру жөніндегі операцияларға тиісті экологиялық рұқсат алу, тау-кен жұмыстарының жоспарына және жою жоспарына сараптамалар мен келісулер жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жолданған.

Алайда, 28 шілде 2021 жылы Басқармаға талап қоюшының сенімхаты бойынша өкілі тарапынан жеке кәсіпкер К[...] атынан дайындалған, учаскені рәсімдеуден бас тартатыны, 4 желтоқсан 2020 жылғы №01/20 және 02/20 өтінішке қосымша құжаттарды қайтару және хабарламалардың күшін жою туралы өтініш түскен.

Аталған өтініш негізінде Басқарманың 2 тамыз 2021 жылғы № 0411/2735 хатымен, талап қоюшының 4 желтоқсан 2020 жылғы №01/20 және №02/20 өтініштері және қосымша құжаттары кері қайтарылған.

Талап қоюшы уәкілетті органның бұл әрекетімен келіспей сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, жауапкердің іс-әрекеті заң талаптарына сәйкес келетіндігі туралы тұжырымға келген, себебі талап қоюшы тарапынан тиісті сенімхат берілген және бұл жұмыстарды жүргізу мақсатында тиісті шарттар жасақталған.

Сонымен қатар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 205-бабының 3-бөлігіне сәйкес, тау-кен жұмыстарының жоспарында сипатталған өндіру жөніндегі операцияларға тиісті экологиялық рұқсаттың көшірмесін, тиісті келісулер мен сараптамалардың оң қорытындыларын өтініш беруші құзыретті органға осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген хабарлар ету күнінен бастап бір жылдан кешіктірмей ұсынуға тиіс. Алайда, талап қоюшыға аталған хабарлама 25 желтоқсан 2020 жылы берілген, сондықтан құзыретті органға тиісті құжаттарды ұсыну үшін белгіленген бір жылдық мерзім өтіп кеткенін көрсеткен.

Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспеген, себебі жауапкердің кен таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруге арналған өтініштерді кері қайтару әрекеттеріне негіз болған 4 желтоқсан 2020 жылғы №01/20 және №02/20 өтініштер талап қоюшымен рәсімделіп, Басқармаға ұсынылмаған және оның өтініштерді қайтарып алуға ойы мен ниеті болмаған. Өз кезегінде Серіктестіктің келісім шарт бойынша және сенімхат негізінде өтініштерді кері қайтару құқығы болмаған.

Осыған қоса апелляциялық сот алқасымен сот кешенді (сот-жазутану, сот-техникалық) сараптамасы тағайындалған. Оның нәтижесінде ұсынып отырған 28 шілде 2021 жылғы №59 хаттағы мөр бедері зерттеуге ұсынылған «ИП К[...]» деген мөр-үлгілердің орындау тәсілімен сәйкес келмеген. Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымдары негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «KG[...]» ЖШС-тің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.