Қ А У Л Ы
2025 жылғы 27 қараша №6003-25-00-2к/2542 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы М.Ш.Шарафиеваның және оның өкілі Л.М.Утешованың, жауапкер өкілі О.В.Охулковтың, аудармашы Г.С.Сарсенбаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Шарафиева Мариям Шайхымеденовнаның (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер «SULEIMEN CLINIC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) келісім шартты бұзу және соманы қайтару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 сотының 2025 жылғы 14 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны тауарды алудан бас тартатынымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылып, талап қоюшыдан Серіктестіктің пайдасына 52 763 теңге өкілдің көмегіне төленген ақы өндірілген.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 284-бабын, 440-бабының 1 және 2-тармақтарын, 445-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2024 жылғы 14 желтоқсанда талап қоюшы мен мен Серіктестік (медициналық орталық) арасында ақылы медициналық қызмет көрсету жөнінде №2 жария оферта шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) жасалып, осы шарттың негізінде талап қоюшы Серіктестікке 841 698 теңге алдын ала төлем жасаған.
Даулы шартқа сәйкес Серіктестік 1-этап бойынша талап қоюшыға 2024 жылғы 18 желтоқсанда 157 032 теңге құрайтын емдік шәйлар мен шөптерден жасалған тұнба (бұдан әрі - Тауар), 2025 жылғы 29 қаңтарда 157 032 теңге құрайтын Тауарды жеткізген, яғни талап қоюшыға жеткізілген Тауардың жалпы құны 314 064 теңге.
Алайда, талап қоюшы дайындалған Тауардың ешқандай пайдасы жоқ деген негізбен 2025 жылғы 31 қаңтарда 2-этап бойынша дайындалып жеткізілетін Тауарды әзірлемеуді, оны алудан бас тартатынын және Даулы шартты бұзу қажеттілігі жөнінде Серіктестікке хабарлама жіберген.
Серіктестік талап қоюшыға жауап қайтарып, емдеу курсын жалғастыруды ұсынған және алдын ала төленген ақша қайтарылмайтынын көрсеткен. Одан кейін, Даулы шарт талаптарын орындау мақсатында Серіктестікпен талап қоюшыға 2-этап бойынша дайындалып, жеткізілген тауарды соңғысы алудан бас тартқан.
Талап қоюшы сотқа берген талабында Даулы шартты бұзуды және Серіктестіктен алдын ала төлем жасалған соманың қалғаны 527 634 теңгені өндіруді сұраған.
Дегенмен, Серіктестік талап қоюшының тапсырысын және Даулы шарт талаптарын орындау мақсатында алдын ала жасалған төлемге дәрілік заттарды дайындау үшін қажетті ингредиенттерін (шөптерін) сатып алғаны және дайындайтын еңбек күші мен дәріні құятын ыдыстарға жұмсалғаны іс құжаттарымен дәлелденіп бекітілген.
Шартты бұзу негіздері АК-тің 401-бабының 2-тармағында айқындалған, алайда сотта ондай негіздер анықталған жоқ, өз кезегінде «дайындалған Тауардан пайда болған жоқ» деген талап қоюшының уәжі өздігінен Даулы шартты бұзуға негіз бола алмайды.
«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).
Даулы шарттың 8.6-тармағында алдын ала төлем жасалған қаржы қайтарылмайтыны, емделушінің денсаулығының одан әрі жәй күні үшін клиника жауап бермейтіні көрсетілген.
Соттарда Даулы шартты бұзуға негіз болатын мән-жайлар және Серіктестік тарапынан Даулы шарт талаптарын орындамау фактілері анықталған жоқ, талап қоюшы аталған мәселеге қатысты нақты дәлелдемелер ұсынбады және ондай дәлелдемелерді алдырту жөнінде өтінішхаттар мәлімдемеді, тиісінше АПК-тің 72-бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.
Сонымен қатар, «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатушымен айырбастауға және қайтарылуға жатпайды.
Істің мұндай тұрғысында, талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 сотының 2025 жылғы 14 мамырдағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Шарафиева Мариям Шайхымеденовнаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.