ВС РК - Постановление от 14.07.2021 по делу 6001-21-00-3гп/269 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/269

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 14 шілде Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші М.Таймерденовтың,

судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, Р.А.Қуанышбаеваның жауапкердің өкілі Д[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Л[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» ММ-не өкімді заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешімін, Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)» ММ-нің (бұдан әрі - Департамент) өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Л[...] Департаменттің 2020 жылғы 06 қазандағы № 6001-20-7-9/696 өкімін заңсыз деп тану, Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақыты үшін жалақысын өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып: - Департаменттің Л[...] жұмыстан босату туралы 2020 жылғы 06 қазандағы № 6001-20-7-9/696 өкімі өзгертіліп, ол Түркістан облысы соттар әкімшісінің басшысы лауазымынан 2020 жылғы 19 қазаннан бастап босатылған деп танылған;

  • Департаменттен Л[...] пайдасына 2020 жылғы 28 қыркүйектен 2020 жылғы 17 қазанға дейінгі уақыт үшін 215 325 теңге жалақы өндірілген; - шешімнің жалақы өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған. Талап қою арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі

өзгертілген, шешімнің Департаменттен Л[...] пайдасына 215 325 теңге жалақы өндіру туралы бөлігінің күші жойылған. Бірінші сатыдағы сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Департамент өтінішхатында жергілікті соттармен іс бойынша материалдық және процестік заң нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымдарымен келіспей, іс бойынша қабылданған сот актілерін өзгертіп, талап қою арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы сот отырысының уақыты туралы тиісті түрде хабардар болғанына қарамастан, кассациялық сатыдағы сот отырысына қатыспады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.

Сот алқасы Департамент өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, төмендегі негіздер бойынша сот актілерін өзгертуге жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Л[...] 2008 жылғы 30 шілдедегі Департаменттің өкімімен Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы лауазымына тағайындалған.

2020 жылғы 21 сәуір - 30 маусым және 03 тамыз - 17 қазан аралықтарында Л[...] еңбекке уақытша жарамсыз болып, оған J36, J41.1, N11,М65.8,N41.0,М65.8 қодты диагноздар қойылған.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1033 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі - № 1033 бұйрық), Л[...] қойылған диагноздар екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесіне жатпайды.

2020 жылғы 18 қарашада күші жойылған, алайда даулы қатынастар туындаған кезде күшінде болған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 183 бұйрығымен Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және анықтамасын беру қағидалары бекітілген.

Қағиданың 11-бөлігіне сәйкес, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы мереке және демалыс күндерін қоса алғанда, еңбекке жарамдылығын қалпына келтірудің бүкіл кезеңі бойына беріледі.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабының 1-тармағының 20) тармақшасына сай, егер ауру денсаулық

сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке қабілетсіздіктің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін. Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес, ішкі қауіпсіздік бөлімі мен Департаменттің басшысы орынбасарының 2020 жылғы 13 шілде мен 06 қазандағы қызметтік жазбалары негізінде 2020 жылғы 06 қазандағы өкімімен Л[...] еңбек қатынастары тоқтатылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдап, Еңбек кодексінің 53-бабының 8-тармағы, 52-бабының 1-тармағының 20) тармақшасымен көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзуға жұмыскер еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парағын ұсынғаннан кейін жол берілетінін және 2020 жылғы 21 сәуірден 30 маусым аралығында еңбекке жарамсыз болып, 01 шілдеде жұмысқа кіріскен Л[...] тиісті парақ ұсынылғаннан кейін еңбек шартын бұзу мәселесі шешілмей, ол, 03 тамызға дейін лауазымдық міндеттерін орындауды жалғастырғанын, сонымен бірге, талап қоюшының 2020 жылғы 03 тамыздан 17 қазан аралығында екі айдан астам уақыт еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан жұмысқа шықпауы еңбек қатынастары Департаменттің бастамасымен бұзылғаны негізді екенін, алайда даулы өкім еңбекке жарамсыздық парағы жабылған және жұмысқа кірісуге белгіленген күннен, яғни, 2020 жылғы 19 қазаннан бастап шығарылуға тиіс екенін көрсеткен.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 03 тамызда ашылған еңбекке жарамсыздық парағы 26 қыркүйекте (сенбі күні) жабылып, 2020 жылғы 28 қыркүйектен 16 қазанға дейін бұрынғы диагнозбен қайта ашылып, ол амбулаториялық ем қабылдағанын көрсетіп, талап қоюшының пайдасына Департаменттен 2020 жылғы 26 қыркүйектен 17 қазанға дейінгі уақыт үшін жалақы өндірген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың талап қоюшының 2020 жылғы 26 қыркүйектен 17 қазанға дейін еңбекке жарамсыз болуына байланысты оның пайдасына жалақы өндіруге жататын тұжырымымен келіспей, даулы өкімге өзгеріс енгізбей, материалдық заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетіп, осы негізбен шешім өзгертіліп, аталған бөлігінің күші жойылып, қалған бөлігі күшінде қалдырылған.

Кассациялық сатыдағы сот алқасы келесі негіздер бойынша қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағының талаптары бойынша жұмыскерді еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде, Еңбек кодексінің 52бабының 1-тармағының 20) тармақшасында көзделген негіздер бойынша жұмыстан босатуға жол беріледі.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 06 қазандағы № 9

нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес, Еңбек кодексі жұмыс берушінің жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіз болған кезеңде еңбек шартын тоқтату немесе бұзу жөніндегі құқығын екі негіз бойынша ғана шектейді, атап айтқанда: жұмыскердің еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тартуы кезінде еңбек шартын тоқтату (Еңбек кодексінің 58-бабы) және Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 1), 18), 20) және 23) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, 52-бабында көрсетілген негіздер бойынша жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу.

Яғни, жоғарыда көрсетілген нормалардың мазмұнында, жұмыскерді еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде жұмыстан босатудың ерекше негізі көзделген.

Жергілікті соттармен Л[...] 2020 жылғы 21 сәуір мен 30 маусым аралығында жетпіс бір күн бойы жұмыста болмау фактісі бойынша Департаментпен даулы өкімді қабылдауға негіз болғаны ескерілмеген. Атап айтқанда, 01 шілдеде жұмысқа кіріскен күні оның еңбекке жарамсыздық парағы алынған, қызметтік хат жазылған, Денсаулық сақтау министрлігіне сұраныс жолданып, тергеп-тексеру шаралары жүргізілген. Алайда аталған шараларды жүргізу барысында талап қоюшы қайта еңбекке жарамсыздық парағы негізінде жұмысқа шықпаған. Сондай-ақ, жергілікті соттармен Л[...] жұмыстан босатудың негізгі себебіне тиісті баға берілмеген. Оның 2020 жылғы 21 сәуір - 30 маусым және 03 тамыз - 05 қазан аралығында жұмыс орнында болмағанына және де жалпы жұмыс берушінің жұмыскердің еңбекке қабілетсіздігі парағы жабу күнін күту міндеті заң талаптарымен көзделмегеніне назар аударылмаған.

Істің мұндай тұрғысында, Департамент талап қоюшыны екі айдан астам уақыт еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан жұмысқа шықпауына байланысты, Еңбек кодексінің талаптарын сақтай отырып жұмыстан босатқан.

Сондықтан, кассациялық сатыдағы сот алқасы 2020 жылғы 6 қазанда Департаментпен қабылданған өкім қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қабылданды деген қорытындыға келеді.

Осыған орай, сот алқасы АПК-нің 427-бабының 1-бөлігінің 4)-тармақшасына сәйкес іс бойынша қабылданған сот актілерінің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департамент басшысының Л[...] жұмыстан босату туралы 2020 жылғы 6 қазандағы №6001-20-7-9/696 өкімін өзгерту, талап қоюшы жұмыстан босату күнін 2020 жылдың 6 қазанынан 19 қазанға өзгерту туралы бөлігінде күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.

АПК-нің 451 бабының 2- бөлігінің 8 тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешімі, Нұр-Сұлтан қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 наурыздағы қаулысы өзгертілсін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департамент басшысының Л[...] жұмыстан босату туралы 2020 жылғы 6 қазандағы №6001-20-7-9/696 өкімің өзгерту бөлігінде сот шешімінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.

Сот актілерін қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Департаменттің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М.Таймерденов Судьялар М.Бектұрғанов

Р.Қуанышбаева

Көшірмесі дұрыс Судья М. Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.