ҚАУЛЫ
2025 жылғы 6 қазан № 6003-25-00-4к/1072 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші– судья М.А.Туғанбаев,
судьялар – Л.Е.Каирбаева, Ж.А. Оспанова болып,
талап қоюшының өкілдері- Д.Н.Балтина, Ж.М.Шарипова, А.І. Қартабай, М.Камбиулының,
жауапкердің өкілі М.А.Бейсенбаевтың,
мүдделі тұлғаның өкілі Ж.Т.Айткужинның қатысуымен ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның жауапкер «Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Агенттік) қойылған өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларға сараптама жүргізу қорытындылары бойынша анықтама-негіздемеде баға құнының есебіне нақты көрсеткіштер мен шығындарды қосу жөнінде іс-әрекеттер жасауға мәжбүрлеу туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 22 қаңтар 2025 жылғы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы ұйғарымымен әкімшілік іс Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан былай – ӘРПК) 138-бабы 2-бөлігінің 11) – тармақшасында көзделген негіздер бойынша қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы және мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілінің шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс материалдарын және кассациялық шағымда келтірілген уәждерді зерделеп, сот төмендегі тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Істің мән-жайларына қарағанда, 2024 жылғы 14 қарашада Агенттік мемлекеттік монополияға жататын «Мемсараптама» РМК өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларға сараптама жүргізу қорытындылары бойынша анықтама-негіздеме ұсынған.
Бұл анықтама өздігінен талап қоюшыға қандай да бір міндеттеме жүктемейді.
Аталған сараптама көрсетілетін қызметтердің бағаларын белгілеу тәртібін бекіту туралы Министрліктің бұйрығын қабылдауға дейін жүзеге асырылатын аралық рәсім ретінде қарастырылады.
Талап қоюшының хабарламасы негізінде жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша берілген қорытынды ұсынымдық сипатта болып, әкімшілік акт болып саналмайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, «Мемсараптама» РМК көрсететін қызметтерге бағаларды белгілеу туралы шешімді қабылдау өкілеттігі Министрлікке тиесілі. Сондықтан талап қоюшыға қатысты құқықтық салдар монополияға қарсы орган жүргізген сараптама нәтижелері бойынша жасалған анықтамадан емес, бағаларды белгілеу туралы Министрліктің шешімінен туындайды.
Осыған орай, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 4-бабының 1- бөлігінің 4) тармақшасында көзделгендей, жауапкер тарапынан талап қоюшының құқықтарын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын, не оның құқықтары мен міндеттерін айқындайтын ауыртпалық салатын әкімшілік акт қабылданбаған.
Кассациялық сатыдағы сот осы мән-жайларды ескере отырып, тараптар арасында жария-құқықтық қатынастар болмағандықтан, жергілікті соттар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес талап қоюды қайтару туралы дұрыс шешім қабылдаған деп есептейді
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
М.Туғанбаев
Төрағалық етуші
Л.Каирбаева
Судьялар
Ж.Оспанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.