ВС РК - Постановление от 13.02.2023 по делу 6001-23-00-3Г/110 (Гражданское)

6001-23-00-3г/110

ҚАУЛЫ

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі – Басқарма, салық органы) жауапкерлер дара кəсіпкер «Нұр-Аға»-Ағабек Ә[...] (бұдан əрі – ДК «Нұр-Аға»), «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан əрі-ЖШС), «НИК[...]» ЖШС-не мəмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысына жауапкер ДК «Нұр-Ағаның» сенімді өкілі Ж[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкерлер ДК «Нұр-Аға» мен «К[...]» ЖШС-нің арасында 2019 жылы 28 желтоқсанда ESF [...]-20191231-46678301 электронды шот-фактурамен (бұдан əрі - ЭШФ) дəлелденетін жалпы сомасы 19 375 648 теңге, қосымша құн салығынсыз (бұдан əрі - ҚҚС) айналым сомасы 17 299 686 теңге, ҚҚС 2 075 962 теңгеге жасалған мəмілелері жарамсыз деп танылған.

Жауапкерлер ДК «Нұр-Аға» мен «К[...]» ЖШС-нен тең үлесте мемлекет кірісіне мемлекеттік баж сомасы 1 532 теңге, əрқайсысынан 766 теңге өндірілген.

Жауапкерлер ДК «Нұр-Аға» мен «НИК[...]» ЖШС-нің арасында 2019 жылы 28 желтоқсанда ESF [...]-20200113-49777641 ЭШФ-мен дəлелденетін жалпы сомасы 5 675 300 теңге, ҚҚС-сыз айналым сомасы 5 067 232 теңге, ҚҚС 608 068 теңгеге жасалған мəмілелері жарамсыз деп танылған.

Жауапкерлер ДК «Нұр-Аға» мен «НИК[...]» ЖШС-нен тең үлесте мемлекет кірісіне мемлекеттік баж сомасы 1 532 теңге, əрқайсысынан 766 теңге өндірілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушының өкілі Ж[...] шешімде баяндалған бірінші сатыдағы сот түйіндерінің істің мəн-жайларына сəйкес келмеуін, істі қарау барысында материалдық жəне процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда жауапкерлер уəкілетті органдарда заңды тұлға, дара кəсіпкер болып жəне қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелген.

Жабдықтаушы ДК «Нұр-Аға» мен тұтынушы «К[...]» ЖШС-нің араларында 2019 жылғы 28 желтоқсандағы № ESF-92042230138120191231-46678301 ЭШФ-мен дəлелденетін (мастика битумная, алкидная краска, растворитель, разъединитель, электрод, диск отрезной жəне т.б.) жалпы сомасы 19 375 648 теңгеге мəміле жасалған.

Сондай-ақ, ДК «Нұр-Аға» мен «НИК[...]» ЖШС-нің араларында 2019 жылғы 28 желтоқсандағы № ESF-[...]-2020011349777641 ЭШФ-мен дəлелденетін (провод, кабель жəне т.б.) жалпы сомасы 5 675 300 теңгеге мəміле жасалған. Жергілікті соттар ЭШФ-ға қарағанда ДК «Нұр-Аға» тұтынушыларына құрылыс заттарын жеткізген, алайда оның бұл тауарды қайдан алғаны, қайда сақтағаны, қалай тасымалдағаны белгісіз, себебі оның меншігінде коммерциялық мақсаттағы меншік нысандары (қоймалар, базалар, жер учаскелері) мен жылжымайтын мүліктер, көлік құралдары тіркелмеген, сатылған тауардың кəсіпкерге кірісі жоқ, ол өзі құрылыс заттарын өндіруші болып табылмайды, яғни жабдықтаушы тұтынушыларға сатқан тауардың шығу көзі күмəн туғызады. ДК «Нұр-Аға» соңғы үш жыл көлемінде 700.00 салық есептілік нысанын тапсырмаған жəне тиісті түрде көлік жүк құжаттары, жол жүктерді тасымалдау бойынша жолдама парақтары жəне тауар-транспорттық іліспе жүк құжаттары, нақты операциялардың болғандығын заң белгіленген тəртіппен дəлелдейтін құжаттар ұсынбаған, бұл мəн-жайлар оның жоғарыда аталған қызметтерді көрсетуге мүмкіншілігінің жоқ екенін айқындайды деп көрсеткен.

Соттардың талап қоюды қанағаттандыруына жауапкерлердің салықтық міндеттемелерді азайту жəне салық төлеуден жалтару мақсатында формальды құжат айналымын жасағаны негіз болған. Өтінішхатта төмендегі мəн-жайлар көрсетілген.

Басқарма ДК «Нұр-Ағаға» 2020 жылғы 4 тоқсанда камералдық бақылау жүргізіп, анықталған бұзушылықтарды жою керектігі бойынша хабарлама жолдаған. Онда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, жазбаша түсініктемеге қоса есеп-шаруашылық операцияларының жүргізілгенін растайтын құжаттарды тіркеп, 5 жұмыс күнінде салық органына табыстауды міндеттеген. Сонымен қатар, Банк шоты мен ЭШФ-сы бойынша шығыс операцияларын тоқтатқан.

ДК «Нұр-Аға» салық органының жолдаған хабарламасына түсініктемені 2020 жылғы 24 желтоқсанда сұратылған құжаттармен қоса, есеп-шаруашылық операциялардың тиісті құжаттарымен растап, оның электронды поштасына заңнамада белгіленген мерзімде жолдаған. Хабарламаның орындалуына дəлел, салық органының ДК «Нұр-Ағаның» Банк шоты мен ЭШФ-сын 2021 жылғы 18 наурыздағы хатына сəйкес ашуы.

Сонымен қатар, Салық заңнамасына сəйкес 700.00 салық есептілік нысанды тапсыру заңды тұлғаларға ғана жүктелген, ал ДК «Нұр-Аға» жеке кəсіпкер болып табылады, сондықтан оған ондай міндеттілік қойылмаған, жеке кəсіпкер көлік салығы бөлігін толтырмайды.

ДК «Нұр-Ағаның» тіркелу деректеріне сəйкес негізгі айналысатын қызмет түрі көтерме саудада сату. Бұндай қызмет көрсетуге жылжымайтын мүлкі, көлігі, ауыл шаруашылығы жəне арнайы құрылыс техникасы болуы шарт емес. Ондай міндеттер ДК «Нұр-Ағаның» тауарларды сатып алған контрагенттерінде бар.

Сонымен қатар сатып алған жəне сатқан тауарларын сатушылар мен алушылар өз көліктерімен тасымалдап отырған. Ал сатып алынған тауарлар, жалға келісім шарты бойынша алған қоймада сақталынып келген (құжаттар өтінішхатқа тіркелген). Бірақ ол құжаттар соттардың назарларынан тыс қалған.

2019 жылғы 19 желтоқсанда № 9 шот фактурамен жеке кəсіпкер «Нуржанова» тауарларды ДК «Нұр-Ағаға» 11 000 000 теңгеге өзі жеткізген. Шот фактура жергілікті соттарға ұсынылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 короновирусын пандемия деп жариялануына байланысты 2020 жылы Қазақстан Республикасында төтенше жағдайлар жарияланып, салықтық декларация өткізуге уақытша шектеулер қойылған. Осыған байланысты 2021 жылғы 28 сəуірде осы табыс көзі көрсетіліп, қосымша 300.00 форма декларация тапсырылған. Оған дейін 200.00 жылдық форма тапсырылғанда қате қызмет түрінде 11 000 000 теңге көрсетіліп кеткендігін жəне ДК «Нұр-Ағаның» салықтан қашу ниеті болмағанын көрсеткен.

Апелляциялық сатыдағы сот жауапкердің уəждері мен ұсынылған құжаттарды талдап, зерттемей, оларға баға бермей, бірінші сатыдағы сот шешімін қайта көшірумен ғана шектелген.

Сонымен қатар, ДК «Нұр-Аға» жеке кəсіпкер «Нуржанова» алдындағы 2019 жылғы 19 желтоқсанда № 9 шот фактурамен алған тауар бойынша

7 000 000 теңге қарыз ақшасын 2023 жылы 6 қаңтарда төлегені туралы төлеу түбіртегін өтінішхатына қосымша тіркеп отырғанын көрсеткен. Жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттардың түйіні іс құжаттарымен сəйкес келмейді.

Судья өтінішхат берушінің келтірген уəждері сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер дара кəсіпкер «НұрАғаның» сенімді өкілі Ж[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесін іс бойынша қатысқан тұлғаларға жолдансын.

Судья Б.Р.Ералиева Көшірмесі дұрыс Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.