6001-24-00-6ап/61
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 23 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Шалабаева Арнаш Мусилимовнаның жауапкер жеке сот орындаушысы Алыкпашев Олег Канатовичке 2023 жылдың 24 тамызындағы хабархаттың (сот орындаушының хабарламасы) күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 қазандағы шешіміне, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шалабаева А.М. жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде жауапкердің өндірісіндегі оны Сәтбаев қаласы, Мәңгілік ел көшесі, 4-үй, 15-пәтерден басқа баспана берместен мәжбүрлеп шығару туралы 2023 жылғы 25 мамырда қозғалған атқару өндірісі негізінде пәтерден мәжбүрлеп шығару орындау әрекеттерінің 31 тамыз 2023 жылы болатындығы туралы хабархатпен келіспейтінін көрсеткен.
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 қазандағы шешімімен әкімшілік талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған. Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, талап қоюшының пәтерден шығару жөніндегі сот актілерімен келіспеуі сот орындаушының әрекеттеріне шағымдануға себеп бола алмайды деген тұжырымға келген.
Сондай-ақ, заңды күшіне енген сот шешімімен келіспеген жағдайда оған апелляциялық және кассациялық түрде шағым беру тәртібі азаматтық процестік кодексте көзделген деп негіздеген.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының бұл тұжырымдары сотта зерттелген іс құжаттарына, қолданыстағы материалдық заң нормаларының талаптарына сай келмейді деп есептейді.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, жауапкердің өндірісінде заңды күшіне енген Сәтбаев қалалық сотының 2021 жылғы 29 қазандағы шешімі негізінде берілген атқару парағымен қозғалған А.Шалабаеваны пәтерден басқа баспана берместен мәжбүрлеп шығару туралы атқару өндірісі бар.
Атқару өндірісі 2023 жылғы 25 мамырда қозғалып, жауапкер 2023 жылғы 24 тамызда талап қоюшыға 2023 жылғы 31 тамызда пәтерден мәжбүрлеп шығару бойынша орындау әрекеттерінің болатындығы жайлы жазбаша хабархатты тапсырған.
Атқару құжаттарына сәйкес, аталған уақытқа дейінгі жолданған хабархаттар талап қоюшының пәтерде болмауы салдарынан орындаусыз қалған.
ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.
ӘРПК-нің 4-бабының 4) бөлігіне сай әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім. ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде, егер тараптар арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет екені көзделген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда тараптар арасында жарияқұқықтық қатынастардан туындайтын дау орын алмаған, себебі жауапкер тарапынан берілген хабархат, яғни пәтерден мәжбүрлеп шығару әрекеттерінің болатындығы туралы жазбаша хабархат әкімшілік акт болып табылмайды.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар талап арызды кері қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет болған.
Сот алқасы, іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерінің күші жойылып, талап арыз ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылуға жатады деп есептейді.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 қазандағы шешімі, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысының күші жойылып, талап қоюшы А.М.Шалабаеваның талап арызы кері қайтарылсын.
Талап қоюшы Шалабаева Арнаш Мусилимовнаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
С.Ү. Баймаханов
Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.