ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8 қыркүйек № 6003-25-00-4к/1026 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші– судья Туғанбаев М.А., судьялар – Л.Е.Каирбаева, Ж.А.Оспанова болып, прокурор Б.И. Саттыбаевтың, талап қоюшының өкілдері Д.Рахымгожиннің, Д.Толегеновтің қатысуымен ашық сот отырысында
талап қоюшылар «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы, «КННК Казахстан Б.В.» компаниясы, «ИНПЕКС НОРТ КАСПИАН СИ, ЛТД.» компаниясы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясы, «TotalEnergies EP Kazakhstan» «ТотальЭнерджиз ЭП Казахстан» компаниясы, «КМГ Кашаган Б.В.» компаниясы, «ЭксонМобил Казахстан Инк.» корпорациясы және «Shell Kazakhstan Development BV» - «Шелл Казахстан Девелопмент БВ» фирмасының жауапкер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент)
тексеру нәтижелері бойынша хабарламаларға дау айту туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 қыркүйектегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысына Департаменттің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 қыркүйектегі шешімімен әкімшілік талап қою ішінара қанағаттандырылған.
2024 жылғы 10 маусымдағы келесі тексеру нәтижелері туралы хабарламалар заңсыз деп танылып, күштері жойылған:
№ 41 – «TotalEnergies EP Kazakhstan» / «ТотальЭнерджиз ЭП Казахстан» компаниясына 18 874 284 (он сегіз миллион сегіз жүз жетпіс төрт мың екі жүз сексен төрт) теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарудан бас тарту бөлігінде;
№ 42 – «Shell Kazakhstan Development B.V.» - «Шелл Казахстан Девелопмент Б.В.» фирмасына 18 874 284 (он сегіз миллион сегіз жүз жетпіс төрт мың екі жүз сексен төрт) теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарудан бас тарту бөлігінде; № 43 – «ЭксонМобил Казахстан Инк.» корпорациясына 18 874 284 (он сегіз миллион сегіз жүз жетпіс төрт мың екі жүз сексен төрт) теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарудан бас тарту бөлігінде;
№ 44 – «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясына 18 874 284 (он сегіз миллион сегіз жүз жетпіс төрт мың екі жүз сексен төрт) теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарудан бас тарту бөлігінде;
№ 45 – «ИНПЕКС Норт Каспиан Си Лтд.» компаниясына 6 086 336 (алты миллион сексен алты мың үш жүз отыз алты) теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарудан бас тарту бөлігінде;
№ 46 – «КМГ КАШАГАН Б.В.» компаниясына 18 957 257 (он сегіз миллион тоғыз жүз елу жеті мың екі жүз елу жеті) теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарудан бас тарту бөлігінде;
№ 47 – «КННК Казахстан Б.В.» компаниясына 7 601 810 (жеті миллион алты жүз бір мың сегіз жүз он) теңге сомасында қосылған құн салығын қайтарудан бас тарту бөлігінде.
Хабарламалардың өзге бөлігіне қатысты қойылған талап қоюлар қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот іс бойынша талап қоюшы өкілдерінің қарсылықтарын, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымдар уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Істің мән-жайы дауланған сот актілерінде толық көрсетілген.
Дауды шешіп, талап арызды ішінара қанағаттандыра отырып, жергілікті соттар Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 431-бабының 1-тармағының 1) тармақшасының, 152бабының 10, 12-тармақтарының, «Қосылған құн салығының асып кетуін қайтару және қосылған құн салығының асып кеткен сомасының анықтығын растау мақсатында тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қағидаларын, сондай-ақ тәуекел дәрежесінің өлшемшарттарын бекіту туралы» қағидаларының 45, 46, 47, 54- тармақтарының, сондай-ақ ӘРПКнің 129-бабының үшінші бөлігінің басшылыққа алып, жауапкердің тексеру жүргізу кезінде жол берген рәсімдік бұзушылықтарының салдарынан тексеру актісі бойынша шынайы емес хабарлама шығарылғаны жөнінде дұрыс қорытындыға келген.
Орын алып отырған жағдайда даулы хабарламалар заңдылық пен негізділік талаптарына сәйкес келмейді.
ӘРПК-нің 4-бабында заңдылық қағидатына байланысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне мазмұны, ресімделуі және (немесе) оларды қабылдау рәсімдері бойынша сәйкес келмейтін мемлекеттік органдардың актілері мен шешімдері заңсыз және жарамсыз деп танылады және олардың күші жойылуға жатады деп көзделген. Салықтық әкімшілендіру сондай-ақ заңдылық қағидаттарына және салық төлеуші мен салық органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға негізделеді (Салық кодексі 68-бабының 2-тармағы).
Сонымен қатар, заңдылық – бұл әкімшілік рәсімдер қағидаттарының бірі (ӘРПК-нің 7-бабы).
Жоғарыда келтірілген нормаларды саралай келе, сот жоғарыда аталған қағидаттарды бұзу ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес жалпы сомасы 108 572 362 теңгені құрайтын даулы хабарламаларды заңсыз деп тануға және олар қабылданған сәттен бастап күшін жоюға әкеп соғады деп есептейді.
ӘРПК-нің 84, 156-баптарына сәйкес заңсыз ауыртпалық салатын әкімшілік акт міндетті түрде жойылуға тиіс.
Осыған байланысты, жергілікті соттардың мәлімделген талаптарды толық көлемде қанағаттандыру туралы тұжырымдарын, сот іс материалдары мен құқық нормаларына сәйкес заңды және негізделген деп есептейді.
Сонымен бірге, тексеру жүргізу кезіндегі жауапкердің жіберген рәсімдік бұзушылықтарын назарға ала отырып, кассациялық сот шешімнің қарар бөлігін салық органына соттың құқықтық ұстанымын негізге ала отырып әкімшілік рәсімді аяқтау міндетін жүктеу жөніндегі абзацпен толықтыруды дұрыс деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 қыркүйектегі шешімі , Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Шешімнің қарар бөлігі келесі абзацпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер Комитетінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, талап қоюшылар «КННК Казахстан Б.В.» компаниясы, «ИНПЕКС НОРТ КАСПИАН СИ, ЛТД.» компаниясы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясы, «TotalEnergies EP Kazakhstan» «ТотальЭнерджиз ЭП Казахстан» компаниясы, «КМГ Кашаган Б.В.» компаниясы, «ЭксонМобил Казахстан Инк.» корпорациясы және «Shell Kazakhstan Development BV» - «Шелл Казахстан Девелопмент БВ» фирмасының өтінішімен қозғалған әкімшілік рәсімді аяқтау міндеті жүктесін».
Жауапкер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М.Туғанбаев
Судьялар
Ж. Оспанова
Л. Каирбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.