ВС РК - Постановление от 29.04.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3249 (Административное)

№6001-24-00-6ап/3249

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 29 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры

Н.А.Молдахановтың,

Талап қоюшының өкілдері Н.П.Алыбаевтың, Б.М.Нарбекованың қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Төребек-Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Түркістан облысының білім басқармасының Сайрам ауданының білім бөлімінің «Аяла санаторлық бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Аяла бөбекжайы), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) хабарламаға дау айту, конкурстық қорытынды хаттамаға дау айту, шартты жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 8 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлға «БАУМ - НОРМА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 8 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылғы 5 маусымдағы № 611010000-КППТСОПО32-293140 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып күші жойылған;

2024 жылғы 18 маусымдағы №12104927-1 қорытындылар туралы хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған;

Аяла бөбекжайы мен «БАУМ-НОРМА» ЖШС-гі арасында 2024 жылғы 21 маусымда жасалған №22 «Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы» шарт жарамсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Арызданушы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер Департаменттен істі олардың қатысуынсыз қарауды сұраған. Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, 2024 жылғы 16 сәуірде №12104927-1 «Азық түлік тауарларын сатып алу» бөбекжайдағы тәрбиеленушілер мен білім алушылардың тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды, нақты айтқанда «сиыр етін» саты алу бойынша ашық конкурс жариялаған. 2024 жылғы 20 мамырда №12104927-1 конкурстың қорытындылары туралы хаттамасы бойынша Серіктестік жеңімпаз болып айқындалған.

Департаменттің 2024 жылғы 5 маусымдағы №611010000-КППТСОПО32-293140 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасымен жоғарыда аталған қорытындылар туралы хаттаманың күші жойылып, 2024 жылы 18 маусымда қайта конкурс жүргізіліп, №12104927-ОК1 қорытындылар туралы хаттамамен мүдделі тұлға жеңімпаз болып айқындалған.

Нәтижесінде мүдделі тұлға мен Тапсырыс беруші арасында Шарт жасалған. Талап қоюшы талап қоюын Серіктестіктің конкурс жарияланған ауданда жұмыс тәжірибесі жоқ деген негізбен алдыңғы қорытындылар туралы хаттаманы жою туралы хабарлама заңсыз қабылданған деп негіздеген.

Жергілікі соттар талап қоюды толығымен қанағаттандырып, келесі мәнжайларға назар аударған.

Серіктестіктің құжаттарына сай Үлгілік конкурстық құжаттаманың 8- қосымшасының 1-тармағы «Әлеуетті өнім берушінің тиісті аймақта конкурстың мәні болып табылатын тауар нарығындағы өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесі» бөлімі негізінде конкурс өткізілетін тиісті аймақ-деп облыстық әкімшілік аумақтық бөлініс түсініледі.

Яғни, конкурсқа сәйкес қажетті қызметтерді көрсетуде бүкіл облыс аумағы бойынша жасалған жұмыс тәжірибесі қамтыла отырып, баллдық жүйемен есептеледі.

Демек, конкурсты тапсырыс берушімен алғашқы конкурста Серіктестіктің жұмыс тәжірибесі бойынша (5) балл дұрыс есептелген.

Бұл жағдайда талап қою қанағаттандыруға жатады деген тұжырым заңды болып табылады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 8 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «БАУМ - НОРМА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.