Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5412 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5412

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 14 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Ғ.Әзімбайдың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «АстанаНедвижимость» акционерлік қоғамына ақшалай өтемақы төлей отырып, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасарының Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешіміне берген кассациялық наразылығы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

2005 жылғы 2 ақпанда Астана қаласының əкімдігімен «АстанаНедвижимость» акционерлік қоғамына (бұдан әрі-Қоғам) Астана қаласы, «Ақ-Бұлақ-5» шағын ауданында орналасқан, жалпы алаңы (кадастрлық №21-318-080-889) 0,3047 га жер учаскесі берілген.

2005 жылғы 4 мамырда Қоғам мен Астана қаласы əкімдігі арасында жасалған шартқа сəйкес, мемлекеттен осы жердің 0,1737 га жер учаскесі 1 988 865 теңгеге сатып алынған.

Жер учаскесінің нысаналы мақсаты - аз қабатты тұрғын үй кешенін салу жəне пайдалану.

Астана қаласы əкімдігінің 2014 жылғы 28 мамырдағы №197-860 қаулысына сəйкес аталған жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін - зерттеу, іздестіру жұмыстары, жобалау жəне сквер құрылысының аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында алып қоюға жатады.

Көрсетілген қаулының 1-тармағына сəйкес жер учаскесі 2015 жылғы 10 қыркүйекке дейін мəжбүрлеп алынуға тиіс.

Астана қаласы əкімі орынбасарының 2022 жылғы 28 сəуірдегі №5101311 қаулысымен аталған қаулының 1-тармағына өзгеріс енгізіліп, мəжбүрлеп алып қою мерзімі 2022 жылғы 27 шілдеден 2023 жылғы 27 шілдеге дейінгі аралықта белгіленген.

Астана қаласы əкімінің 2024 жылғы 4 қазандағы №510-3070 қаулысымен мəжбүрлеп алып қою мерзімі 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін өзгертілген.

2024 жылғы 29 сəуір мен 7 қазанда əкімдік Қоғамды жер учаскесін мəжбүрлеп алып қою рəсімінің басталғаны жөнінде хабардар етіп, бағалау жүргізу үшін құқық белгілейтін жəне сəйкестендіру құжаттарын ұсынуды сұраған.

«Дом Оценки» тəуелсіз бағалау компаниясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дайындаған 2024 жылғы 14 қазандағы жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есепке сəйкес, алып қойылуы жоспарланған жер учаскесінің нарықтық құны 202 177 591 теңгені құраған.

«Астана қаласының Тұрғын үй жəне тұрғын үй инспекциясы басқармасы»мемлекеттік мекемесі көрсетілген соманы төлеумен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мəжбүрлеп алып қою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - эконономикалық сот) 2025 жылғы 13 ақпандағы оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тəртібімен шығарылған шешімімен жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін 202 177 591 теңге өтемақы төлеу арқылы алып қойылған.

Прокурор кассациялық наразылығында бірінші сатыдағы сотпен процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, азаматтық істі экономикалық сотқа басқа құрамда талап қою тәртібімен жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Кассациялық сот прокурордың кассациялық наразылықты қолдаған пікірін және талап қоюшы өкілінің түсінігін тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Төменгі сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Іс бойынша шығарылған сот актісі заңсыз болып табылады жəне оның күші жойылуға жатады.

Қазақстан Республикасының Конституцияның 26-бабының 3- тармағына, Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 1-бабының 25-тармақшасына сəйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығару заңда көзделген айрықша жағдайларда оның тең құны өтелуі шартымен жүргізілуі мүмкін.

Тең бағамен өтеу деп алып қойылатын жер учаскесінің жəне ондағы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын өтеу түсініледі (Заңның 62-1бабы).

Заңның 203-бабы 2-тармағына, 208-бабы 1-тармағына сəйкес, нарықтық құн «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңға жəне уəкілетті орган бекітетін бағалау стандартына сəйкес айқындалады.

Осыған байланысты мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын жер учаскесінің өтемақы құнын анықтауға қатысты уəждерді қамтитын бағалау есебі тек бағалау тəртібі, стандарты мен əдістемесін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер талаптарын сақтай отырып орындалған жағдайда ғана жарамды дəлел ретінде бағалануы мүмкін.

АПК-ның 16-бабының 2-бөлігіне, 68-бабына, 92-бабының 7-бөлігіне, «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес бағалау есебі басқа дəлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие болмайды жəне сот үшiн мiндеттi болып табылмайды.

АПК-ның 67-бабына, 68-бабының 1-бөлігіне, сəйкес әрбір дәлелдеме, оның ішінде сарапшының қорытындысы, бағалаушының есебі олардың жарамдылығы мен дұрыстығы тұрғысынан тексерілуге жатады.

Алайда, бірінші сатыдағы сот бұл заң талаптарын орындамаған. Сот актілерінде соттар бағалау құжатын дəлелдеме ретінде қабылдайтын немесе одан бас тартатын дəлелдер көрсетілуге тиіс. Соған қарамастан, сот дəлелдемелерді толық зерттеместен, сот талқылауын өткізбестен, сот сараптамасын тағайындамастан істі оңайлатылған іс жүргізу тəртібімен қараған.

АПК-ның 267-2-бабының 1-бөлігінің 2-тармақшасына сəйкес талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға жəне (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қоюлар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тəртібімен қаралуға жатады.

Мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын жер учаскесіне төленетін өтемақыға қатысты даулар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тəртібіне жатпайды, себебі:

  1. талап қоюдың құқықтық табиғаты - бұл шарт бойынша берешекті өндіріп алу емес, Конституция мен арнайы заңдардан (Жер кодексі, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң) туындайтын мемлекеттің жарияқұқықтық міндеттемесі (алып қоюға өтемақы төлеу) ;

  2. ақша міндеттемесінің алдын ала белгіленген мөлшері жоқ - жерді сатып алу туралы келісімге қол жеткізілмеген жағдайда өтемақы сомасы

алып қою туралы актімен емес, учаскенің құнына баға беру нəтижелерін ескере отырып сотпен белгіленеді;

  1. істі дұрыс шешу үшін дəлелдемелерді (бағалау есебі, актілер, қорытындылар) зерттеу қажет.

Сондықтан кассациялық сот АПК-ның 267-1-бабының 3-бөлігінің 5,6тармақшаларына сəйкес, бұл дау тек талап қою іс жүргізуінің жалпы қағидалары бойынша (АПК-ның 14-тарауы) қаралуы тиіс деп санайды. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 ақпандағы шешімінің күші жойылсын.

Азаматтық іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына басқа құрамда талап қою тәртібімен жаңадан қарауға жолдансын.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасарының кассациялық наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.