ҰЙҒАРЫМ ақшалай өндіріп алу туралы
2024 жылғы 15 тамыз 6001-24-00-6ап/476 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
талап қоюшының өкілі М.К. Менисбаевтың,
мүдделі тұлға «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі С.С. Дабаровтың,
мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың, оның өкілдері С.У. Мусабеков пен Е.А. Ерсұлтанның қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Айнаш Карабаевна Сатиеваның жауапкер Жетісай қаласының әкіміне іс-әрекетін заңсыз деп тану, 2022 жылғы 25 тамыздағы №196 шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың және Түркістан облысы Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы жеке ұйғарымына талап қоюшы А.К. Сатиеваның кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 127-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 185-бабына сәйкес төрағалық етушi азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарына сәйкес процестік әрекеттер жасаудың сабақтастықтығы мен тәртiбінiң сақталуын, процеске қатысушылардың процестік құқықтарын жүзеге асыруын және олардың процестік міндеттерді орындауын, процестің тәрбиелiк ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды. Төрағалық етушi сот отырысында тиiстi тәртiптi қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолданады. Сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптар іске қатысатын барлық тұлғалар және олардың өкілдері, мамандар, сарапшылар, аудармашылар үшiн, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшiн мiндеттi.
Сот алқасында осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында тараптар өкілдері тыңдалды.
Өз кезегінде, мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың өкілі С.У. Мусабековке сөз берілді.
С.У. Мусабеков кассациялық шағымдағы уәждерін бірнеше рет қайталап айта берген соң оған төрағалық етуші басқа уәждері болса айтуын ұсынды. Бірақ ол уәждерін қайталап айтуын тоқтатпады. Сондықтан төрағалық етуші іске қатысушының өкілі С.У. Мусабековке ескерту жасады. Осыдан кейін С.У. Мусабеков төрағалық етушіге қарсылық білдіретінін мәлімдеді.
Төрағалық етуші АПК-нің 40-бабында көзделген тәртіппен қарсылық білдірудің уәждерін көрсетіп мәлімдемесін жазбаша түрде беру үшін оған бір сағаттай уақыт беріп үзіліс жарялады.
Үзіліс аяқталғаннан кейін, сот мәжілісі ашылғанда сот алқасының құрамы жарияланғанына қарамастан, С.У. Мусабеков судьялардың атыжөндерін білмейтінін желеу етіп және жазбаша қарсылықты рәсімдеу уақытына шек қойылмайды деп жазбаша қарсылықты тапсырмады және оны қашан тапсыратынын да нақты айтпады.
Сондықтан сағат 9-ға қарауға тағайындалған іс бойынша тағы да үзіліс жарияланып, істі қараудың жалғасы түстен кейінгі уақытқа қалдырылды. Жазбаша карсылық сағат 15:26-да тапсырылды. Нәтижесінде істің қаралуы жұмыс уақытының соңында ғана аяқталды.
Іске қатысушы басқа тұлғалардың өкілдері болса С.У. Мусабековтың жазбаша қарсылықты рәсімдемеуінен күні бойы сот ғимаратында болуларына мәжбүр болды. Сот алқасы С.У. Мусабековтың бұл әрекеттерін әкімшілік істі қараудың созылуына алып келген процестік құқықтарын теріс пайдалану деп бағалайды.
Сондықтан сот алқасы С.У. Мусабековке ақшалай өндіріп алуды қолдану қажет деп санайды.
ӘРПК-нің 127-бабынның үшінші бөлігін басшылыққа алып, сот алқасы
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Мүдделі тұлға Ж.Ә. Әбдіғаппардың өкілі Мусабеков Сеилхан Уалихановичтен он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 36 920 (отыз алты мың тоғыз жүз жиырма) теңге өндіріліп алынсын. ӘРПК-нің 127-бабына сай:
ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатыны және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынатыны;
сот актісін немесе соттың талаптарын орындамаған кезде сот тұлғаға он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы екендігі түсіндірілсін. Ұйғарым шағымдануға жатпайды.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.