6001-23-00-3пп/43
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 18 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Т.Ә.Молдахметова,
судьялар С.А.Жармұхамбетова, Г.Ж.Әлмағамбетова талап қоюшы С[...], жауапкер Н[...], жауапкердің өкілі М[...] қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында,
талап қоюшы С[...] жауапкер Н[...] туу туралы акт жазбасындағы әкесі туралы мәліметті алып тастау туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысы Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 10 қыркүйектегі шешімін қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы бойынша азаматтық істі алдырту арқылы қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Талап қоюшы С[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда облысы Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 10 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2013 жылы 5 наурызда туған Н[...] есімді қыз баланың туу туралы акті жазбасындағы әкесі туралы мәліметтер алып тасталынған.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымында бірінші сатыдағы сотпен материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған, құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғандықтан, сот актісін қайта қарауға назар аударылған.
Ұсынымның дәлелдерін, талап қоюшының қарсылықтарын, жауапкердің түсіндірмесін тыңдап, азаматтық іс материалын зерттей отырып, сот алқасы мынадай қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті сотпен аталған іс бойынша заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына сәйкес 2012 жылғы 16 шілдеден бастап тараптар заңды некеде тұрған.
Қызылорда қалалық сотының 2015 жылғы 10 қыркүйектегі шешімімен неке бұзылған.
Ортақ некеден кәмелетке толмаған 2013 жылғы 5 наурызда туған Н[...] атты бала бар.
Осы талапты қарау кезінде талап қоюшы жауапкермен араларындағы некесі бұзылғанын, 2015 жылы алимент өндіру туралы сот бұйрығы шыққанын, алайда жауапкер осы күнге дейін алимент төлемегенін, бала тәрбиесіне араласпайтынын, ортақ баласы әкесін танымайтынын, жауапкер өзінің әкелік парызын орындамайтынын көрсетті.
«Сот шешiмi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында түсіндірілгендей АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (бұдан әрі – АК) 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында өндiрiлген осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен құпталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мәнжайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.
Бірінші сатыдағы сот істі қараған кезде осы мән-жайларды ескермей, тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға және ұсынған дәлелдемелерге дұрыс баға берместен, дауды дұрыс шешпеген, заңнаманың өрескел бұзылуына жол берген.
Талап қоюшының талаптарын қанағаттандыра отырып, сот Кодекстің 47-бабы 6-тармағының ережелеріне сілтеме жасайды, оған сәйкес некені (ерлі-зайыптылықты) қию, бұзу туралы куәлікке немесе акт жазбасына, сондай-ақ бала асырап алу, әке болуды анықтау туралы өтінішке сәйкес баланың әкесі ретінде адам көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастауды тіркеуші орган соттың тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасындағы баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау туралы шешімі негізінде жүргізеді.
Бұл ретте бірінші сатыдағы сот тіркеуші органның әкесі туралы жазбаны алып тастау туралы бас тартуын және баланың әкесі тарапынан қарсылығының болмауын жеткілікті деп пайымдайды. Қабылдаған шешімнің басқа себептері келтірілмеген. Сонымен бірге, мұндай тұжырым материалдық заңның дұрыс қолданылмауына негізделген. Шынында да, тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасында баланың әкесі туралы мәліметтерді алып тастау сот шешімінің негізінде жүзеге асырылады, бірақ мұндай шешім әке болуды жоққа шығаратын сот актілері, мысалы, әке болуды талап ету туралы шешім және баланың әке болуын болдырмайтын басқа да сот актілері болып табылады.
Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 51-бабының 1-тармағына сәйкес туу туралы актілер жазбалары кiтабына ата-аналардың жазуы баланың әкесi немесе анасы ретiнде жазылған адамның, iс жүзiнде баланың әкесi немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толған соң оның өзiнiң, баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуi бойынша тек қана сот тәртiбiмен даулануы мүмкiн.
Соттар әкелікті тануды даулау туралы істер бойынша ата-ана тарапынан теріс пиғылға, кәмелетке толмаған баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға, оның ішінде өз ата-анасын білу құқығына жол бермеуге тиіс.
Алимент төлеуден қасақана жалтару және баланы күтіп-бағу мәселелеріне жауапсыз қарау баланың әкесі туралы мәлімет мемлекеттік тіркеу туу туралы акт жазбасынан алып тастауға негіз болып табылмайды. Аталған заң бұзушылықтар АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіз болады. Істің мұндай тұрғысында біріші сатыдағы соттың қабылдаған сот актісінің күші жойылып, С[...] талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысы Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 10 қыркүйектегі шешімінің күшін жойып, жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшы С[...] жауапкер Н[...] туу туралы акт жазбасындағы әкесі туралы мәліметті алып тастау туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Т.Молдахметова
Судьялар С.Жармұхамбетова
Г.Әлмағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.