ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 маусым 6001-24-00-6ап/3289 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш. Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
жауапкер өкілі М[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – А[...]) шешімдер мен әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 шілдедегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 шілдедегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
А[...] С[...] №ЖТ-2024-03524874, №ЖТ-[...], №ЖТ-2024-03676777, №ЖТ-2024-03866458 өтініштері бойынша шешім қабылдауға тиісті уәкілеттігі жоқ мемлекеттік орган «Алматы облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Әкім аппараты) бағыттаған әрекеттері заңсыз деп танылған.
Талап қоюдың Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің (бұдан әрі – Департамент) басшысы Ж[...] қатысты қызметтік тергеу тағайындау арқылы жол берілген бұзушылықтарды толық көлемде жоюға мәжбүрлеу (міндеттеу) туралы бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерінің талапты қанағаттандыру бөлігінде келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын толық қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлға Әкім аппаратының өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлға Әкім аппараты өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды. Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасы отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы, жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2024 жылғы 27 наурызда (бұдан әрі – №1 шағым) Е.С[...] жолдаған шағымында өзіне қатысты жүргізілген қызметтік тексеру барысында Қонаев қаласының әкімі К[...], сондай-ақ Әкім аппаратының басшысы М[...] қатысты Департамент енгізген ұсыным нәтижелері бойынша тәртіптік іс жүргізуге шаралар қабылдамаған Департамент басшысы Ж[...] әрекетсіздігімен келіспейтінін көрсеткен.
2024 жылғы 29 наурызда А[...] №1 шағымды М[...] қатысты бөлігінде тиесілігі бойынша қарау үшін Әкім аппаратына, Ж[...] қатысты шағымды Департаментке жолдаған.
2024 жылғы 10 сәуірде Е. С[...], Қазақстан Республикасы П[...], Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына шағымдар жолдаған. О[...] Ж[...], К[...], Қонаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Н[...], заң бөлімінің басшысы М[...] әрекеттері шағымдалынған.
2024 жылғы 11 сәуірде А[...] өзіне түскен №2, №3 шағымдарды тиесілігі бойынша қарау үшін Әкімі аппаратына, Ж[...] қатысты шағымды Департаментке жолдаған.
2024 жылғы 14 мамырда талап қоюшы Қазақстан Республикасы П[...] шағым (бұдан әрі – №4 шағым) жолдап, онда А[...] Н[...] жауапкершілігі туралы мәселені қарауды және Ж[...] тәртіптік жауаптылыққа тартуды сұраған.
№4 шағымды А[...] тиістілігі бойынша қарау үшін Әкім аппаратына жолдаған.
Талап қоюшы сотқа берген талап қоюында А[...] шағымдарды басқа мекемелерге жіберу жөніндегі іс-әрекеттерін заңсыз деп тануды, жауапкерді Департамент басшысы Ж[...] қатысты қызметтік тексеру тағайындауға және жүргізуге мәжбүрлеуді сұраған.
Сот актілерінің талапты қанағаттандырусыз қалдырған бөліктеріне кассациялық шағым берілмеген. Сондықтан іс АПК-нің 449-бабына сай жауапкердің шағымы шегінде, яғни талапты қанағаттандыру туралы бөлігінде ғана қаралады.
Соттар талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.
ӘРПК-тің 65-бабының талаптарына сай жолданымды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға келіп түскен жолданым, келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 29-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сай облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларына, сондай-ақ аудандар (облыстық маңызы бар қалалар, республикалық маңызы бар қаладағы аудан, астанадағы аудан) әкiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртiптiк жауапкершiлiк шараларын қолдану мәселелерiн шешедi.
Қазақстан Республикасы П[...] 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №150 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес талап қоюшының шағымдарында көрсетілген лауазымды тұлғаларды (Әкім аппаратының басшысы М[...], Қонаев қаласының әкімі К[...], Қонаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Н[...]) қызметке тағайындауды жоғары тұрған лауазымды тұлға болып табылатын Алматы облысының әкімі жүзеге асырады.
Заңның 38-бабына сәйкес әкiмнiң қызметiн ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi әкiм аппараты жүзеге асырады. Әкiм аппараты жергiлiктi бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекеме болып табылады. Яғни, А[...] талап қоюшының шағымын қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік орган - Әкім аппаратының қарауына жолдауы негізсіз болып санады.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 шілдедегі шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.