КСАД РК - Постановление от 10.06.2026 по делу 6003-26-00-4к/720 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 маусым № 6003-26-00-4к/720 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші судья Н.М. Кабдрахманова,

судьялар Л.Е. Каирбаева, Н.Е. Нуралыева,

талап қоюшы А[...], оның өкілі Ә[...] қатысуларымен

ашық сот отырысында А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне жеке ісін бермеу әрекетсіздігін заңсыз деп тану, беруді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінді.

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымымен А[...] әкімшілік талап қоюы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтына байланысты қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында процессуалдық нормалар бұзылғанын көрсетіп, соттан аталған ұйғарымның күшін жоюды сұрады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Істі қарағанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім (ӘРПК-нің 4 бабы бірінші бөлігінің 4 тармақшасы).

ӘРПК-нің 4 бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жарияқұқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).

Аталған ұғымдардан әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жария-құқықтық қатынастарда, белгілі бір құқықтар мен міндеттерді іске асыру кезінде туындайтыны көрінеді. Алайда дауланып отырған әрекеттер әкімшілік әрекеттер болып табылмайды, себебі олар талап қоюшының құқықтарын жүзеге асырмайды, атап айтқанда оның жеке ісін алуға құқығын шектемейді.

Іс-құжаттарынан анықталғандай А[...] Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде әскери қызмет атқарған, 2023 жылғы 10 тамыздағы № 354жқ/қбп бұйрықпен қызметтен босатылып, 2024 жылғы 19 шілдедег № 283 жқ/қпб бұйрықпен запасқа шығарылған.

Талап қоюшы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне қызметке орналасу барысында кейінгінің кадр аппараты 2025 жылғы 29 мамырдағы № 21-02-11/18/1158-4 сұраныс хат негізінде «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен (бұдан әрі – Департамент) жеке ісін сұраттырған.

Департамент 2025 жылғы 10 маусымдағы хатында А[...] жеке ісі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі әскери қызметшілерінің жеке істері қызмет орындарында тұрақты сақталатынын, яғни әскери міндеттілер мен әскерге шақырушылардың әскери есепке алу Қағидаларының 28-қосымшасына сәйкес А[...] мәліметтері Келес және Сарыағаш аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөліміне жолданғаны туралы мәлімет берген. Осылайша, Департамент хатында белгіленген жеке істін қозғалыс тәртібін түсіндірді, талап қоюшының құқықтарын шектейтін әрекеттер жасамаған.

Соттардың дауланып отырған әрекеттер әкімшілік әрекеттер болып табылмайтынын, сондықтан оларға әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен дау айтылмайтыны туралы қорытындысы дұрыс, себебі бұл әрекеттермен А[...] жария құқықтары іске асырылмайды.

Аталғандар негізінде кассациялық сатыдағы сот соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.

ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Кабдрахманова

Л. Каирбаева

Судьялар

Н. Нуралыева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.