6001-22-00-6ап/1636
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов болып,
талап қоюшы өкілі А[...], жауапкер Қ[...] қатысуларымен,
Н[...] жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Қ[...] әрекетіне шағым келтіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшы өкілі А[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкердің әрекеттеріне дау келтіріп: Қызылорда қалалық сотының 22 қыркүйектегі 2015 жылғы атқару парағын жарамсыз деп танып, ЖСО атқарушылық іс өндірісін қозғау туралы қаулысын, 2015 жылғы 10 қыркүйектегі мүлкіне тыйым салу туралы, мүлікті бағалау жөніндегі, сауда-саттыққа шығару туралы қаулыларын және тәуелсіз бағалаушының мүлікті бағалау қорытындысын, 2016 жылғы 14 сәуірдегі электронды сауда-саттықтың қорытынды хаттамасының күшін жойып, 2016 жылғы ЖСО-сы мен А[...] арасындағы сатып алу-сату келісім шартының күшін жоюды сұраған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымымен күшінде қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюмен сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтіруден бас тартылып, талап қою тіркелген құжаттарымен бірге талап қоюшыға қайтарылған. Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың сот актілерінің тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, істі бірінші сатылы сотқа басқа құрамда қарау үшін жолдау туралы шешім шығаруды сұраған.
Сот алқасы, шағым уәждерін қолдаған талап қоюшы өкілінің уәждерін тыңдап, сот актілерімен келісетіндігі туралы жауапкердің пікірімен танысып, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша осындай негіздер бар.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда, Қызылорда қалалық сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі шешімімен талап қоюшы Н[...] ЖСО Қ[...] әрекетіне дау келтіру, электронды аукцион қорытындыларының күшін жойып, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын қалпына келтіру туралы талабы ішінара қанағаттандырылып, 2016 жылғы 14 сәуірдегі жылжымайтын мүлікті сату туралы электронды аукцион қорытындысы жойылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 25 тамыздағы заңды күшіне енген қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талаптың 2016 жылғы 14 сәуірдегі электронды аукцион қорытындысын даулаған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Мүлікті сауда-саттыққа шығаруға Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 23 сәуіріндегі қосымша шешімі негізінде берілген атқарушылық құжат болған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 31-бабында сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану үшін негіз болып табылатындығы көрсетілген. Талап қоюмен сотқа жүгіну үшін ақырушылық құжат сотпен берілмегені, азаматтық іске қосымша шешім тіркелмегені, сотпен өндіріп алушының осы қосымша шешім негізінде атқарушылық құжаттың телнұсқасын беру туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылғаны негіз болған. Осы уәждерге жергілікті соттармен тиісті баға берілмей, жоғарыда көрсетілген сот актілеріне сілтеме жасалып, ЖСО-ның әрекеттеріне заңды күшіне енген сот актісімен баға берілгендігі көрсетілген.
Апелляциялық саты бірінші сатылы сот талап қоюды сотқа беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанына қарамастан, іс жүзінде талап қоюды беруге арналған мерзімге қатысты негіз аясынан шығып, істің мәні бойынша түпкілікті шешім қабылдап, талап қоюды ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 12) тармақшасына сәйкес қайтарған.
Осы нормада сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы болса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығаратындығы көрсетілген.
Алайда, сілтеме жасалған сот актілерінен осы талап қоюмен сотқа жүгіну үшін негіз болған мән-жайлар мен уәждерде айырмашылықтар бар, яғни талап қою негіздері мүлдем басқа.
Бұл ретте талап қою негіздерінің бірі ол ЖСО-ның атқарушылық
өндірісті қозғау туралы қаулысының күшін жою.
Бұл жағдайларға жергілікті соттармен сотқа ұсынылған талап қою мен оған тіркелген материалдар негізінде тиісті баға берілмеген және сот актілері іс үшін маңызды мән-жайлардың барлығын жан-жақты зерттелмей, оларға тиісті құқықтық баға берілмей қабылдаған.
АПК-нің 449-бабын 1-бөлігінде істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша өтiнiшхаттың, ұсынудың, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексеретіндігі көзделген.
Сондықтан сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың сот актілері толығымен күштері жойылуға, ал іс мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберілуге жатады деген тұжырымға келді.
Істі жаңа қарау барысында сот талап қоюдың уәждерін ӘРПК-нің принциптерін ескере отырып тексеріп, оларға тиісті баға беруі тиіс.
Сонымен қатар, ӘРПК-нің 136-бабының 7-бөлігіне сәйкес дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК-нің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін.
АПК-нің 126-бабының 2-бөлігімен егер белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкіндігі көзделген.
Атқару парағының телнұсқасын беру туралы сот ұйғарымы іс құжаттарына тіркелмегендігі туралы талап қоюшыға Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 18 сәуірдегі хатынан белгілі болған, яғни талап қоюшы сотқа жүгінуге арналған мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алған.
Осыған орай бірінші сатылы сотының Н[...] талап қоюды сотқа беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдары қате.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 5)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 мамырдағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымдағы ұйғарымының күші жойылсын.
Н[...] талап қоюмен сотқа жүгінуге арналған мерзім қалпына келтірілсін.
Іс мәні бойынша қарау үшін Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолдансын. Талап қоюшы өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Г. Дүйсенбаев
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.