6001-22-00-3гп-451
Қ А У Л Ы
Астана қаласы
2022 жылғы 20 желтоқсан
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ж.Мырзаке,
судьялар Б.Р.Ералиева, Ж.М.Қашқынбаеваның,
талап қоюшының өкілдері С[...], Б[...],
жауапкердің өкілі А[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы «Шымкент қаласы бойынша экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкерлігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын алғанға дейін сарқынды суларды өз бетінше сай жерге төгуін уақытша тоқтата тұру туралы талабымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 27 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысына Серіктестіктің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 27 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Шымкент қаласы, Абай ауданы, Ынтымақ-2 шағынауданында орналасқан «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкерлігі шектеулі серіктестігіне тиесілі қалалық кәріз суларын тазарту қондырғысынан түзілген сарқынды суларды тазалау қондырғысының оңтүстік бөлігінде 200 метрден астам қашықтықта орналасқан сай жерге төгу үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын алғанға дейін өз бетінше сай жерге төгуі уақытша тоқтатылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Серіктестік өтінішхатында істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер Серіктестіктің өкілі А[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы Департаменттің өкілдері С[...], Б[...] өтінішхатқа қарсы пікірлерін, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, 2021 жылғы 8 маусымда Департаментпен Серіктестікті жоспардан тыс тексеру тағайындалып, тексеру нәтижесі бойынша 2021 жылы 22 маусымда № 017-02-16 санды акті түзілген.
Аталған актімен Серіктестіктің 2021 жылғы 9 наурыздағы мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының талаптарын сақтамай, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Ынтымақ-2 шағынауданында орналасқан тазарту қондырғысының оңтүстік бөлігінде 200 метрден астам қашықтықта орналасқан сай жерге сарқынды суларды төккені анықталған.
Осыған байланысты Департаментпен заң бұзушылықты жою туралы 2021 жылғы 22 маусымдағы нұсқама орындау үшін Серіктестікке жолданған.
2021 жылғы 2 шілдедегі Департаменттің қаулыларымен Серіктестік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328, 332-баптарында көрсетілген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, жауапкермен айыппұлдар өз еркімен төленген.
Сондай-ақ, талап қоюшының 2021 жылғы 16 шілдедегі нұсқамасымен Серіктестік экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залалды ерікті түрде өтеу міндеттелген. 2021 жылғы 26 шілдеде Серіктестік келтірілген залалды өтеу үшін ерікті түрде 497 976 теңге төлеген.
Департамент өз талабын жауапкерге қоршаған ортаға эмиссияға берілген 2021 жылғы 9 наурыздағы рұқсатында сарқынды суларды сай жерге төгу қарастырылмағандығымен негіздеген.
Жергілікті соттар Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 18 қазандағы шешімімен
Департаментпен берілген нұсқаманың заңдылығы бекітілгені, Серіктестікпен өзіне тиесілі кәріз суларын тазарту қондырғысынан 200 метрден астам қашықтықта орналасқан сай жерге сарқынды суларды өз бетінше төгіп, қоршаған ортаны ластағаны анықталғанымен, Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің 2021 жылғы 15 маусымдағы су сынамасын алу хаттамасымен дәлелденгенімен негіздеп, талап қоюды қанағаттандырған. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - ЭК) (2007 жылғы 9 қаңтардағы) 69-бабының 3-тармағына сай табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатта көрсетiлген шарттарды орындауға мiндеттi және оларды сақтамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
ЭК-ң 156-бабының 2-4-тармақтарына сәйкес көмудiң мемлекеттiк кадастрын жедел ақпарат алу, қоршаған орта саласында шешiм қабылдау, зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көму мен сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жай-күйiне жоспарлы бақылау жасау мақсаттарында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
Көмінділердің мемлекеттiк кадастрының деректерi жер қойнауы мемлекеттік қорының бірыңғай кадастріне енгiзiледi және жер қойнауы мемлекеттiк мониторингiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
Көмудiң мемлекеттiк кадастрының есебiне зиянды заттар, радиоактивтi қалдықтар көмiлетiн объектiлер мен жер қойнауына сарқынды су ағызылатын жерлер жатады.
Істегі Серіктестікке 2021 жылы берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынан жауапкер өзіне тиесілі К-1 коллекторында тазартылған сарқынды суларды Бүржар тоғанында сақтап, әрі қарай сүзбе каналына жіберуі қажет болған.
Аталған факті бойынша, жауапкермен 2021 жылғы 15 маусымдағы су сынамасын алу туралы Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің хаттамасы дер кезінде шағымдалмаған және онда келтірілген мәнжайлар жоққа шығарылмаған.
Серіктестік осы факті бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлды өз еркімен төлеген.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 16 шілдеде Департаменттің шығарған нұсқамасымен келісіп, қоршаған ортаға келтірілген залалды өз еркімен өтеген.
Нұсқаманың заңдылығы заңды күшіне енген 2021 жылғы 18 қазандағы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен анықталған.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар, аталған заң талаптарына сәйкес, жауапкерде сарқынды суды тазарту қондырғысының оңтүстік бөлігінде 200 метрден астам қашықтықта орналасқан сай жерге төгуге
рұқсаты болмаған деген қорытындыға дұрыс келіп, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын алғанға дейін өз бетінше сарқынды суларды сай жерге төгуін заңды түрде уақытша тоқтатқан.
Сот алқасы, жергілікті соттардың жауапкердің 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Экология кодексі) талабы бойынша сарқынды сулар коммуналдық қалдықтарға кірмейді және оған рұқсат алудың қажеті жоқ деген уәжін заңды еске алмаған,себебі Департамент тексеруді 2021 жылы 22 маусымда, яғни ескі ЭК кезінде жүргізген.
Сонымен қатар, жергілікті соттар жаңадан қабылданған Экология кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген және оның 417-бабына сәйкес, осы кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады деген тұжырымға дұрыс келген.
Алайда жаңа қабылданған Экология кодексінің талаптарына сай (213-баптың 3-тармағының 4)-тармақшасы) сарқынды суларды қалалық кәріз желілеріне бұру төгінді болып табылмайды, бірақ 216-баптың 2-тармағына сай жол берілетін төгінділер нормативтеріне дейін тазартылмаған сарқынды суларды су объектісіне немесе жергілікті жер бедеріне төгуге тыйым салынады.
Экология кодексінің 217-бабының 1-тармағына сәйкес I санаттағы объектілер үшін, жол берілетін төгінділер нормативтерінен басқа, кешенді экологиялық рұқсатпен төгінділердің технологиялық нормативтері белгіленеді.
Аталған кодекстің 222-бабының 1-тармағына сәйкес сарқынды суларды табиғи жерүсті және жерасты су объектілеріне төгуге тиісті экологиялық рұқсат болған кезде ғана жол беріледі.
Сонымен бірге бұл жердегі тараптар арасындағы дау төгінді емес, сарқынды суларды рұқсатсыз сай жерге төгу мәселесі болып отыр.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы Серіктестіктің келтірген уәждерімен келіспейді, себебі жергілікті соттар істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, Департаменттің талап қоюын қанағаттандыру туралы заңды және негізді шешім қабылдаған.
Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, Серіктестіктің өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 27 мамырдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Су ресурстары-Маркетинг» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ.Ж.Мырзаке Б.Р.Ералиева Ж.М.Қашқынбаева Б.Р.Ералиева
Көшірмесі дұрыс: Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.