ВС РК - Постановление от 27.02.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2061 (Административное)

6001-23-00-6ап/2061

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Е.Ж. Өмірәлиев болып, талап қоюшының өкілі Б[...],

аудармашы Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы К[...] мен К[...] жауапкер «Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Еңбек инспекциясы) «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай - Серіктестік) еңбек ақы қарызы бойынша тексеру тағайындамаған әрекетін заңсыз деп тану, тексеріс ұйымдастыруды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 маусымдағы қаулысына талап қоюшы К[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар К[...] пен К[...] сотқа жоғарыда аталған талап арызбен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 ақпандағы шешімімен талап қоюшылар К[...] пен К[...] талап арыздары қанағаттандырылып, «Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің К[...] пен К[...] 2022 жылғы 28 қазан күні жолдаған арызын қарау барысындағы әрекеті заңсыз деп танылған. Еңбек инспекциясының К[...] пен К[...] 2022 жылғы 28 қазандағы арыздары негізінде Серіктестік тарапынан жалақы төлеу бойынша еңбек заңнамасының сақталмауына тексеру тағайындамаған әрекеті заңсыз деп танылып, талап қоюшылардың арызы негізінде Серіктестікті еңбек заңнамасының сақталуы бойынша тексеру міндеттелген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талапкерлер К[...] пен К[...] талаптарын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, даулы сот актісінің күшін жойып бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жауапкер «Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінен істі бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған өтінішхат келіп түсті.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, кассациялық шағымдардың уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Сот алқасы, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық шағым уәждерін жанжақты талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 7-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігінде әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті екені көзделген.

Іс құжаттарына қарағанда, К[...] Серіктестікте 2013 жылғы 1 қазаннан бастап бас шарап жасаушы, ал К[...] 2014 жылғы 10 қыркүйектен шарап құю цехінің басшысы болып жұмыс атқарған.

Серіктестіктің 2018 жылғы 30 қазандағы №24 бұйрығына сәйкес К[...] үш күннен аса жұмыста болмауына байланысты қызметінен босатылса, 2020 жылғы 5 қарашадағы №18 бұйрығымен К[...] үш күннен аса жұмыста болмауына байланысты жұмыстан босатылған.

К[...] пен К[...] Басқармаға арызданып, 2013-2014 жылдардан бастап Серіктестіктен ай сайынғы айлық жалақыларын және еңбек демалысының ақыларын ала-алмай жүргендерін, сондықтан аталған мекемені жалақы қарызы бойынша қайта тексеріп, нақты қарызын анықтап беруді сұраған.

Басқарма Серіктестікке қатысты ұжымдық арыздарының 2021 жылғы 8 қаңтарда Сарыағаш ауданының прокуратурасы арқылы түсіп, Серіктестікте жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның нәтижесі туралы жазбаша жауап жолданғанын және де Серіктестікте 2013 жылдан бастап тексеру мүмкіндігі жоқ екендігін, себебі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 178бабында көзделген үш жылдық талап қою мерзімдерінің өтіп кеткені жөнінде хабарлаған.

Талап қоюшылар аталған хатпен келіспей, бұрынғы берген арызында тексерілмеген 2013-2018 жылдар аралығындағы кезеңдерін тексеруді сұраған.

Төмеңгі саты соттарымен анықталғандай, Басқарма тарапынан 2021 жылдың қаңтар айында жүргізілген тексеру кезінде, талап қоюшылардың арызы негізінде Серіктестіктің 2019 жылғы 1 қаңтар мен 2021 жылғы 8 қаңтар аралығы тексеріліп, К[...] 1 005 936 теңге, К[...] 505 945 теңге айлық жалақы берешек қарызы бар екені анықталып, оны төлеуге Серіктестікке міндеттеме-нұсқама берілген.

Нұсқама заңда көзделген мерзімде орындалмағандықтан, жеке сот орындаушыға мәжбүрлі түрде орындауға жолданып, бүгінгі күні нұсқамада көрсетілген талап қоюшылардың жалақы қарыздары Серіктестікпен толық көлемде төленгені анықталған. Бірінші сатыдағы сот талап қоюшылардың талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Серіктестік ұсынған есеп-қисап бөлімі құжаттарын зерделеп К[...] пен К[...] 2014-2020 жылдардағы жалақы ведомосттарында айлық жалақыларын ай сайын еңбек шартына сәйкес толық алмағандары, кейбір айларға жалақы төленбегені, талап қоюшылардың қолдары жалақы ведомосттарында қойылмағаны жөнінде жазбалар анықталғанымен және де мемлекеттік бақылау, қадағалау функциясын жүзеге асыратын Басқарманың негізгі міндеті жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау болып табылатындығымен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, талап қоюшылардың 2013-2018 жылдар аралығындағы еңбекақыларына қатысты заңда көзделген даулау мерзімдері өтіп кеткен деп тұжырымдаған.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 160-бабының 1-тармағы -ның 2)тармақшасына сәйкес келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша – жұмыскер, оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болған жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл жүгіну мерзім белгіленетіні көзделген. Заңда көрсетілген бұл мерзім жұмыскерлерге өздерінің бұзылған құқықтарын қорғау мерзімі болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында апелляциялық саты сотымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық саты сотымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал талап қоюшылардың сотта зерттеліп дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан іс бойынша қабылданған апелляциялық алқа сотының қаулысын жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Е.Ж. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.