Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/5110 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5110

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 10 наурыз Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың, прокурор А.Камашевтың, талап қоюшы өкілі Н.А.Әбдіғанидің, жауапкер өкілі А.К.Құсайновтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Руслан Аманжанович Шаловтың жауапкер «Жылыой ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйді апатты деп тану және материалдық шығынды өндіру туралы талап қоюы бойынша Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Р.А.Шалов сотқа талап қоюмен жүгініп, онда Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласы, №203 көшесі, №26 мекенжайында орналасқан құрылысы аяқталмаған тұрғын үйін табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан апатты деп тануды және жауапкерден 20 179 600 теңге мөлшерінде материалдық шығын өндіруді сұраған.

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда талап қоюшы ұсынған дәлелдемелер тұрғын үйдің бүлінуі мен 2024 жылғы су тасқыны арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін растамайды деген қорытындыға келген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, талап қоюшының талаптарын қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деп таныған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы соттар істің мән-жайларын толық анықтамағанын, тұрғын үйіндегі ақаулар су тасқынынан кейін белгілі бір уақыт өткен соң анықталғанын, сондай-ақ іс бойынша сараптама қорытындыларына дұрыс баға берілмегенін көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін және прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда ғана заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Анықталғаны талап қоюшы Р.А.Шалов, Жылыой ауданы Құлсары қаласы әкімінің 2003 жылғы 21 тамыздағы №1418 шешімінің негізінде Құлсары қаласы, Автодорожник ықшамауданы, 26 мекенжайдан (қазіргі мекенжайы №203 көше, №26) тұрғын үй салуға берілген жер телімінің меншік иесі болып табылады.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшыға тиесілі тұрғын үй құрылысы аяқталмаған құрылыс болып табылады және оны пайдалануға қабылдау фактісі расталмаған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар тұрғын үйдің бүліну себептерін анықтау мақсатында іс бойынша ұсынылған барлық дәлелдемелерді зерттеген.

Атап айтқанда, соттар «ZIGMUND» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сарапшысы А.А.Каиргалиевтің түсіндірмесін зерттеп, онда тұрғын үй құрылысындағы ақаулардың нақты су тасқыны салдарынан туындағаны анық көрсетілмегенін назарға алған.

Сонымен қатар «Ғылыми арнайы және сарапшылық зерттеу лаборатория» мекемесінің техникалық зерделеу қорытындысында тұрғын үй конструкцияларында су басудың айқын іздері анықталмағаны және құрылымның жұмысқа қабілетті 2-санатқа жататыны көрсетілген.

Бұдан бөлек, 2024 жылғы 18 шілдеде Жылыой ауданы әкімдігінің жүргізілген мониторингтік топтың актісінде талап қоюшының тұрғын үйі орналасқан аумаққа тасқын су жетпегені көрсетілген.

Осы дәлелдемелерді жиынтықта бағалай отырып, соттар талап қоюшының тұрғын үйінің бүлінуі мен су тасқыны арасында себеп-салдарлық байланыс анықталмаған деген тұжырымға келген.

Кассациялық шағымда келтірілген тұрғын үйдегі ақаулардың уақыт өте анықталғаны туралы уәждер соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды, себебі іс бойынша жүргізілген техникалық зерттеулерде су басудың нақты белгілері анықталмаған.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге міндетті.

Алайда талап қоюшы тұрғын үйдің бүлінуі табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан болғанын растайтын жеткілікті дәлелдемелер ұсынбаған.

«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі. Мыналар:

  1. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын, уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстар, сондай-ақ заңсыз салынған объектілер;

  2. бағалы киім, сән-салтанат заттары не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттар өтелуге жатпайды.

Сонымен қатар, «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген қағидасының 1-бөлігінің 1,2-тармақтарына сәйкес, осы Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Заңның 11-бабының 62) тармақшасына сәйкес әзірленді және табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке тұлғаның денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу тәртібін айқындайды.

Осы Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасының Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылықтұрмыстық және өзге құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге, бағалы киімге, сән-салтанат заттарына не қымбат бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттарға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелетін мүлікке қолданылмайды.

Демек аталған Қағидаларға сәйкес заңсыз салынған немесе пайдалануға қабылданбаған объектілер бойынша шығынды өтеу көзделмеген.

Іс құжаттарынан талап қоюшының тұрғын үйі аяқталмаған құрылыс екені және пайдалануға қабылданбағаны анықталған.

Осыған байланысты талап қоюшының талаптарын қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деген бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдары дұрыс болып табылады.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот актілерін күшінде қалдырып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 02 сәуірдегі шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.