Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/430 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 қыркүйек №6003-25-00-2К/430 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова, талап қоюшының өкілі Т.Саитгалиевтің, жауапкер Ш.Бекетованың мобильді бейнеконференц байланысы

арқылы қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Жамила Наурызбаевна Аллахованың жауапкер Шолпан Нурлыевна Бекетаеваға төленген ақшаны өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қалалық сотының 2024 жылғы 22 қазандағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Ж.Аллахова жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қалалық сотының 2024 жылғы 22 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда Ж.Аллахова талап қоюда көрсетілген дәлелдемелерге сілтеме жасай отырып, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Шағым уәждерін зерделеп, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, Кассациялық сот келесі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Талап қоюшы Ж.Аллахова кассациялық шағымды Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына АПК-нің 434-бабында көзделген алты ай мерзім ішінде 2025 жылғы 16 маусымда берген. Жоғарғы сотпен шағым ағымдағы жылдың 30 маусымында қайтарылған. Талап қоюшы шағыммен Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа 1 шілдеде жүгінген. Демек,

талап қоюшы шағым беру мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған. Сондықтан АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес талап қоюшының кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Алайда соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 953-бабы 1-тармағына сәйкес, заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз осы Кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) алдыңғысына қайтаруға мiндеттi.

АК-нің 953-бабы 3-тармағына сай, осы тараудың ережелері негізсіз баю мүлікті иеленушінің, жәбірленушінің өзінің немесе үшінші тұлғалардың пиғылының нәтижесі не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамастан қолданылады.

Бұл заң нормасынан негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер үш шарт бойынша пайда болатынын: мүлікті иемдену орын алғанда; ол басқа тұлғаның есебінен пайда болғанда; заңдармен немесе мәмілемен белгіленген негіздерсіз мүлікті басқа тұлғаның иеленуіне қандай да бір құқықтық негіздердің болмауы, яғни мүлікті негізсіз иелену орын алатынын байқауға болады.

Негізсіз баюды қайтару міндеттемелердің туындауы үшін мұндай баю заңды негіздер болмаған кезде немесе олар кейіннен жойылуы орын алған кезде бір адамның баюы екінші адамның есебінен болған жағдайда туындайды.

Бұл ретте негізсіз баю (жинақтар) мүлікті иеленушінің, жәбірленушінің немесе үшінші тұлғалардың ойларының нәтижесі не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамайды. Әйткенде бір тұлғаның мүлікті немесе жинақтарын алуы басқа тұлғаның сәйкес азаюы нәтижесінде пайда болған.

Негізсіз баюды өндіру туралы істер бойынша дәлелдеу және дәлелдеу ауыртпалығын тарату ерекшелігі талап қоюшыға жауапкер жағы негізсіз байығанын (негізсіз мүлік алынды немесе жинақталды) дәлелдеу міндеті жүктеледі; баю талап қоюшы есебінен болғаны; негізсіз баю көлемі; шын мәнінде негізсіз алынғанды немесе жинақталғанды қайтару мүмкіндігі болмағандығы. Өз кезегінде, жауапкер талап қоюшы есебінен негізсіз баю олар жағынан болмағанын, немесе негізсіз баюды өндіруді жоқтайтын жағдайлардың болуын дәлелдеу керек.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Ж.Аллахова (Сатып алушы) мен жауапкер Ш.Бекетаева (Сатушы) арасынды жоғарыда аталған дүкенді сатып алу-сату туралы қолхат жасалған. Ол қолхат бойынша жауапкер өзінің иелігіндегі дүкенді 35 000 000 теңгеге бағалап, талап қоюшы Ж.Аллаховаға сатқаны, дүкеннің құнын талап қоюшы жауапкерге 2021 жылғы 8 желтоқсан мен 2022 жылғы 26 қаңтар араларында төлеген.

Аталған қолхатты және оның мазмұнын екі тарапта дауламайды.

Талап қоюшы 2022 жылғы қаңтар мен 2024 жылғы маусым аралығында дүкенді мақсатына сай пайдаланған.

«Маңғыстау Жарық» ЖШС-гі мен ЖК «Аллахова Ж.Н.» араларындағы салыстыру актісіне сәйкес, 2024 жылдың 31 қаңтарынан бастап талап қоюшы дүкеннің коммуналдық қызмет ақысын өзі төлеп келген.

Талап қоюшы өзінің талабында, тараптардың арасында 2022 жылғы қаңтар айында жауапкерге тиесілі дүкен құрылысының кіре берісіндегі 0,0003 га жер учаскесіне меншік құқығы болмағанын, сондықтан жауапкердің шарт жасау ниеті болмағанын, заң нормаларына сәйкес алдын ала сатып алу-сату мәмілесін жасауға құқығы болмағанын, жарамсыз мәміле заңдық салдарға алып келмейтінін көрсетіп, негізсіз баю сомасын өндіруді сұраған.

Жергілікті соттар, тараптардың арасында дүкенді сатып алу-сату мәмілесіне байланысты талап қоюшымен талап етілген қаражаттар жауапкерге берілгенін, мәміле бұзылмағаны және жарамсыз деп танылмағанын, талап қоюшы дүкенді қабылдап алып, екі жылдан астам уақыт пайдаланып, оны өзінің атына рәсімдеуге мүмкіндігі бола тұра, дүкенді өзінің меншігіне рәсімдеуден бас тартқанын назарға алып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Кассациялық сот жергілікті соттар істі қарау барысында тараптардың жауаптары мен сотта жинақталған барлық дәлелдемелерге тиісті құқықтық бағасын беріп, заңды шешім қабылдаған деп санайды.

Сот актілерінде негіздері мен себептері толық көрсетілген.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар азаматтық іс бойынша сот актілерін заң талаптарына сай және іс үшін маңызы бар мән-жайларды ескере отырып қабылдаған. Жауапкердің дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін келтірген уәждері негізсіз, ал жергілікті соттар іс бойынша жиналған барлық дәлелдемелерге тиісті баға беріп, заңға сәйкес өз құзырында дұрыс шешім қабылдаған.

Талап қоюшының жауапкер тарапы дүкенді сыйға тарту шартымен рәсімдеп бергені, соңынан сыйға тарту шартының күші жойылғаны туралы уәжі де сот шешімінің күшін жоюға негіз болмайды, себебі іс жүзінде тараптардың арасында дүкенді сыйға тарту мәмілесі жасалмаған, олардың арасында сатып алу-сату мәмілесі түрінде болған.

Одан бөлек, талап қоюшының сатылған жылжымайтын мүлік жауапкер Ш.Бекетаеваға тиесілі емес екені туралы уәжі де негізсіз, себебі 1989 жылғы 10 наурызда берілген неке қию туралы куәлігіне және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі анықтамасына сәйкес дүкен мен жер учаскесі ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болып саналады.

Талап қоюшының шағымында келтірген басқа уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.

Көрсетілгендердің негізінде кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Талап қоюшы Жамила Наурызбаевна Аллахованың Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қалалық сотының 2024 жылғы 22 қазандағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысына кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қалалық сотының 2024 жылғы 22 қазандағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

А.Тоқсанбаев

Судьялар

А.Даненова

М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.