Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/2272 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 4 маусым №6003-26-00-2к/2272 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

прокурор К[...], талап қоюшы өкілі А[...], жауапкер өкілі А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «СырдарияТүркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Қоғам) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, орындалған жұмыстар актісін жарамсыз деп тану, шартты бұзу туралы электрондық азаматтық істі талап қоюшының Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 14 қарашадағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 23 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Мекеме сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Қоғам тарапынан шарт талаптары толық орындалмағанымен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Мекеме кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.

АПК-тің 449-бабының 2-бөлігінде кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы екені бекітілген.

2022 жылғы 1 маусымда Мекеме мен Қоғам арасында №50 шаруашылық ішілік жерге орналастыру жобаларын әзірлеу бойынша жалпы сомасы 14 274 589 теңгеге құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты (бұдан әрі - шарт) жасалған.

Шарттың № 1 қосымшасына сәйкес жұмыстар 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін орындалуға тиіс болған.

Шарттың әрекет ету мерзімі 2022 жылғы 31 желтоқсан.

Шарт бойынша жұмыстар 2023 жылғы 4 қаңтарда орындалған, бұл мәнжайлар орындалған жұмыстар актісімен расталады және тараптармен жоққа шығарылмайды.

Бұл жағдайда жергілікті соттар сол кезде қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12бабының 4-тармағының бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген талап қою мерзімі өтіп кеткені және шарттың мерзімі аяқталуына байланысты шартты бұзуға құқықтық негіздер жоқтығы туралы дұрыс тұжырымға келген.

Дегенмен, соттар талап қоюдың орындалған жұмыстар актісін жарамсыз деп тану туралы бөлігін негізсіз қараған.

АПК-тің 63-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот солардың негізінде тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың, сондай-ақ істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар өзге де мәнжайлардың бар немесе жоқ екендігін анықтайтын заңды тәсілмен алынған фактілер туралы мәліметтер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.

Аталған акт іс бойынша дәлелдемелерге жатады, оның жарамсыздығын даулау азаматтық заңнамамен көзделмеген, сол себепті талаптың бұл бөлігі азаматтық тәртіппен қаралуға жатпайды және АПК-тің 277-бабының 1) тармақшасының негізінде іс жүргізілуі тоқтатылуы тиіс. Істің мұндай тұрғысында соттардың сот актілері өзгертілуге, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 14 қарашадағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 23 ақпандағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің талап қоюшы «Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына орындалған жұмыстар актісін

жарамсыз деп тану жөніндегі бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.