ВС РК - Постановление от 29.12.2020 по делу 6001-20-00-3гп/373 (Гражданское)

6001-20-00-3гп/373

ҚАУЛЫ

29 желтоқсан 2020 жыл Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы Таймерденов М.Т.

судьялар Мақұлбеков Б.Д., Иманиязова Ш.С., прокурор У[...], талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкердің өкілі У[...], «Азаматтарға арналған үкімет»АҚ-ның өкілі – Е[...] қатысуларымен мобильдік бейнебайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, Шымкент қаласының Әділет департаментіне, «Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2020 жылғы 24 маусымдағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы Шымкент қаласының әкімдігі келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Ж[...] 2009 жылы Шымкент қаласы, «Солтүстік саяжайы» мөлтек ауданынан №4312 жерді А[...] деген азаматшадан 100 000 тенгеге сатып алғанын, жерге тиісті құжаттардың болмағанын,жерді кейіннен заңдастырып аламын деген ниетпен сатып алғанын, осы жерге 2-3 жылдың ішінде тұрғын үй салып алғанын, бірақ Шымкент қаласының әкімдігінен өзінің меншік құқықтарын анықтайтын құжаттарды ала алмағандығын, сондықтан соттан көрсетілген тұрғын үйге өзінің меншік құқығын тануды сұраған.

Жергілікті соттар Ж[...] талап қою арызын қанағаттандырған.

Кассациялық өтінішхатта жауапкердің өкілі талап қоюшы тұрғын үй салынған жер учаскесін өз бетінше иемденгенін, жерді пайдалануға өкілетті мемлекеттік органдардан рұқсат алмағандығын, жерге және салынған үйге қатысты құқығын анықтайтын құжаттарды заңда көрсетілген тәртіппен рәсімдемегенін, үйдің құрылысы архитектуралық және техникалық

талаптарға сай еместігін көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.

Азаматтық іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, өтінішхаттың уәждерімен танысып, сот отырысына қатысушылардың пікірлерін тыңдап сот алқасы төмендегідей қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 235 бабы 1 бөлігінің талабына сәйкес, егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншік құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиісілі.

Бұл жалпы құқықтық норма.

Аталған заңда көрсетілгендей, кейбір заттарға (мүлікке) меншік құқығы оның сипаты мен мазмұнына сәйкес басқа да құқықтық жолдармен, яғни шарттардың немесе тиісті заңдарда көзделген жолдармен анықталуы тиіс.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында тұрғын үйлерге меншік құқығын танудың құқықтық негіздері тұрғын үй қатынастары және басқа да материалдық заңнамалармен реттеледі.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» (1997 жылғы 16 сәуір № 94) Заңының (бұдан әрі-Арнайы Заң) (өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) 11 бабы 3 бөлігінің талаптарына сәйкес тұрғын үйге меншік құқығын алуға немесе жүзеге асыруға байланысты қатынастар да Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.

Тұрғын үйге меншік құқығының пайда болу негіздері арнайы Заңның 12-бабының нормаларымен айқындалған.

Жоғарыда көрсетілгендей, талап қоюшы Ж[...] тұрғын үй салу үшін жер учаскесін азаматша А[...] сатып алған және осы жер учаскесіне оның құқықтық мәртебесін анықтайтын ешқандай құжаттар алмаған.

Тұрғын үйдің құрылысын бастамастан бұрын, талап қоюшы жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үй салу үшін жер бөлу туралы тиісті арызбен жүгінбеген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (2003 жылғы 20 маусым №442 Кодекс)-(бұдан әрі-ЖК) 22 бабы 3 бөлігінің талаптарына сәйкес жер учаскесіне меншік құқығы:

  1. мемлекеттік органдар актілерінің; 2. азаматтық құқықтық мәмілелердің негізінде; 3. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздерде туындайды.

Қазақстан Республикасында жер мемлекеттік меншікте болатыны белгілі. Жер учаскелері заңнамаларда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін.

Азаматтарға жер учаскесіне құқық беру тәртіптері ЖК-нің 43 бабының нормаларымен реттеледі.

Аталған материалдық заңнамалардың императивтік нормаларын сақтамай, талап қоюшы Ж[...], мемлекеттің меншігіндегі жерді өз бетінше иеленіп, ешбір құқықтық негіздер беретін құжаттарды алмастан, тұрғын үй салу үшін жер бөлудің талаптарын сақтамай, тұрғын үй салған.

Жергілікті соттар қаралып отырған азаматтық дауды қарап, шешкен кезде жоғарыда көрсетілген материалдық заңнамалардың талаптарын сақтамаған.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Заңының 68 бабының 2 бөлігінің талаптарына сәйкес объект құрылысын жүзеге асыруға ниеті бар тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарынан жерге тиісті құқық беру туралы шешімді алуға міндетті.

Объектіде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жер пайдалану құқығы не жеке меншік құқығы берілген жерге ғана жол беріледі.

Осы азаматтық іс бойынша аталған Заңның да талаптары сақталмаған.

Талап қоюшының Шымкент қаласы «Солтүстік саяжайы» шағын ауданының № 4312 мекенжайында заңсыз салған тұрғын үйінің Шымкент қаласы әкімдігінің 25 сәуір 2018 жылғы № 200 қаулысымен бекітілген қаланың бас жоспары бойынша аз қабатты тұрғын үйлер аймағында орналасуы, оның қала құрылысы регламентіне қайшы келмеуі аталған құрылысқа меншік құқығын тануға негіз болмайды.

Бірінші сатыдағы соттың даулы тұрғын үй орналасқан жер учаскесінде газ және су құбырларының санитарлық қорғау аймақтары сақталғандығы туралы, «СМП[...]» ЖШС-ның даулы тұрғын үйдің ғимаратының негізгі көтергіш құрылымдарын ары қарай пайдалануға болады, тұрғын үй құрылысын көлемдік жоспарлау тұрғын үй жобалау нормативтеріне жауап береді деген қорытындысына сілтеме жасауы тұрғын үйге меншік құқығын тануға заңды негіздер болып табылмайды.

Тиісінше аталған уәждер тұрғын үй құрылысын жобалау мен жүргізудің архитектуралық, техникалық сипаттамалары ретінде бағалануы тиіс.

Аппеляциалық сот алқасы талап қоюшы даулы тұрғын үйді салу барысында Қазақстан Республикасы ҚН 3.01-102-2012 ережесінің 5,3,2,3 тармақтарының талаптары сақталмаған деген уәждерді негізсіз назарға алмаған. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі - АПК) 65 бабы 3 бөлігінің талаптарына сәйкес, істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелармен расталуы мүмкін емес.

Сондықтан, жергілікті соттар қабылданған шешімдердің негізі ретінде келтірген дәлелдемелердің қаралып отырған дауды реттейтін заңды күші жоқ

екенін ескермеген және даудың туындауына себеп болған мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермеген.

Аталған кодекстің 438 бабының 5 бөлігінде, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады-деп көрсетілген.

Жоғарыда аталған мән-жайларды басшылыққа ала отырып, кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың осы іс бойынша қабылдаған сот актілерінің күші жойылуға жатады, ал даудың мән-жайы толық, объективті түрде анықталғанын, соттардың материалдық және процестік заңнамаларды қолдануда қателіктер жібергенін ескере отырып, іске қайта қарауға жолдамай, талап қоюшының арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауға толық құқықтық негіздер бар деген тұжырымға келеді.

Талап қоюшының талабының қанағаттандырусыз қалдырылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс қарау барысында келген сот шығысы,яғни мемлекеттік алым талап қоюшыдан өндірілуге жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот

алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 24 маусым 2020 жылғы шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 9 қыркүйек 2020 жылғы осы іс бойынша қабылданған қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы Ж[...] Шымкент қаласы «Солтүстік саяжай» шағын ауданы, №4312 тұрғын үйне меншік құқығын тану туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

  • Талап қоюшы Ж[...] мемлекет пайдасына сот шығысы,

  • 10 649 теңге мөлшерінде мемлекеттік алым өндірілсін.

Жауапкердің өкілінің кассациялық өтінішхаты қанағаттандырылсын.

.

Төрағалық етуші Таймерденов М.Т.

Мақұлбеков Б.Д.

Иманиязова Ш.С.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.