ВС РК - Постановление от 28.02.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2111 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 28 ақпан 6001-22-00-6ап/2111 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігінің өкілі – А[...], жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрілігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілі – Б[...],

мүдделі тұлға А[...] өкілі – С[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрілігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-не 2021 жылғы 19 қарашадағы №38 ұйғарымының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасының 2021 жылғы 19 қарашадағы №38 бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымы заңсыз деп танылып, бұзылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, іс сол сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.

Талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігі кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сот алқасының сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатылы соттың сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлғалар Б[...], Н[...] Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, өздерінің сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілі мен мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер апелляциялық саты сотының тарапынан орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шардара ауданы әкімінің 2003 жылғы 10 сәуірдегі №282 қаулысымен А[...] шаруа қожалығын жүргізу үшін ауданның арнайы қорынан 10,0 га жайылым жер учаскесі берілген.

Шардара ауданы әкімінің 2003 жылғы 28 қарашадағы №899 қаулысымен аталған жер учаскесі А[...] өткен.

Шардара ауданы әкімі 2017 жылғы 26 мамырда көрсетілген жер учаскесін басқа жер учаскелерімен бірге конкурсқа қойып, 2017 жылғы 29 мамырдағы хаттамалық шешімге сәйкес алаңы 58,0 га жайылымдық жер учаскесінің жеңімпазы Б[...] болып анықталған.

Шардара ауданы әкімінің 2017 жылғы 31 мамырдағы №181 қаулысымен Б[...] алаңы 58,0 га жайылымдық жер учаскесіне тиісті құқық табысталған.

Әрі қарай, аталған 58,0 га жер учаскесінің 48,86 га бөлігі мәжбүрлеу тәртібімен кепілге қойылған мүлікті саудаға шығарудың нәтижесі туралы 2021 жылғы 25 қаңтардағы №8 хаттамаға сай Н[...] өткен.

2021 жылғы 18 қазанда А[...] «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (ММ) арызданып, жоғарыда көрсетілген жер учаскесіне қатысты заң бұзушылықтар орын алғанын көрсетіп тексеруді сұраған.

«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ-сі тексеру нәтижесі бойынша 2021 жылғы 19 қарашада Шардара ауданы әкімінің атына Нұсқама жолдап, онда орын алған заң бұзушылықтарды жою мәселесі қойылған. Нұсқамамен даулы жер учаскесі берілген барлық тұлғалардың заңмен қорғалатын мүдделерін қозғалады. Алайда бірінші сатылы сот А[...] бірін іске қатысушы ретінде тартпаған.

Сонымен қатар, Нұсқама аудан әкіміне қатысты қабылданған, бірақ талап қоюды Шардара ауданының әкімдігі берген. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы [...]Заңының 3-бабының 7-тармағына сай аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) әкімдік – алқалы орган, ол заңды тұлға болып табылмайды.

Бұл ретте Шардара ауданының әкімдігі заңды тұлғаларға жатпайды деген апелляциялық сот алқасының тұжырымы негізді.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 8,14 және 16-баптарына сәйкес соттар әділдік қағидатын басшылыққа алуға, формальды талаптарды теріс пайдаланбауға, судьяның белсенді рөлін басшылыққа ала отырып, талап қоюшының талабын нақтылау бағытында жұмыстар жасауға тиіс.

Апелляциялық саты сотымен бірінші сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс анықталмағаны, сотпен іске қатысатын адамдардың құрамы туралы мәселе дұрыс шешілмегені, судьяның белсенді рөлі жүзеге асырылмағаны анықталған.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқ

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Шардара ауданы әкімдігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.