6001-23-00-6ап/1080
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 19 қазан
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор К[...],
талап қоюшының өкілі Ш[...],
жауапкердің өкілі М[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Үржар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) салықтық төлемі бойынша хабарламаны даулау туралы талап қоюы бойынша қабылданған Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысына талап қоюшы өкілімен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкердің 2022 жылғы 17 наурыздағы №3 салықтық тексеру нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын (бұдан әрі - хабарлама) заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюымен жүгінген.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 9 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы өкілі апелляциялық сатыдағы сотымен қабылданған сот актісімен келіспей, онымен материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Тараптардың түсіндірмелерін және прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғандай, 2015 жылғы 2 желтоқсандағы сыйға тарту шарты негізінде А[...] атына Абай обылысы, Үржар ауданы, Қабанбай ауылы, Алакөл көлі жағалауында орналасқан, кадастрлық нөмірі [...], [...]:1 демалыс үйі (бұдан әрі - демалыс үйі) тіркелген.
2019 жылғы 26 наурыздағы шығарылған Өскемен қалалық сотының шешімімен «Ш[...]» шаруа қожалығынан (бұдан әрі - «Ш[...]» ШҚ) «АНК[...]» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - АҚ) пайдасына 17 498 982 теңге қарыз өндірілген. Қарыз ақшаны төлеу кепілге қойылған мүліктерден өндіру арқылы, оның ішінде А[...] тиесілі демалыс үйін жариялы сату арқылы өндіруге жатады деп көрсетілген.
Жеке сот орындаушысының (бұдан әрі - ЖСО) атқарушылық іс жүргізу өндірісінің құжаттарына, оның ішінде аукционның қорытындысы бойынша жасалған хаттамаға сәйкес А[...] атындағы демалыс үйі түріндегі кепілдік мүлік электрондық аукцион арқылы 18 321 160 теңгеге 2019 жылғы 25 маусымда сатылған.
Аукционның қорытындысы бойынша ЖСО-сы мен мүлікті сатып алушы С[...] арасында 2019 жылғы 1 шілдеде сату-сатып алу шарты жасалған.
ЖСО-ның 2019 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен сатудан түскен ақша өндіріп алушы «АНК[...]» АҚ-ның шотына «Ш[...]» ШҚ-ның қарызын төлеу есебіне аударылған.
А[...] қатысты 2021 жылғы 22 шілдеде электрондық тәсілмен камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы №1826Н4800002001 хабарлама жолданған. Бұзушылықтың мәні бойынша уәкілетті орган мәліметі бойынша мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түскен табыс салығы декларациясы табысталмаған. Камералдық бақылаумен қамтылған кезең: 01.01.2019-31.12.2019 жыл.
2021 жылғы 14 қазанда Басқарма №D1826H4800002001 хабарламаның орындалмағандығы туралы шешім (бұдан әрі - шешім) шығарған.
Талап қоюшы сотқа дейінгі тәртіпте 2021 жылғы 14 қазандағы шешім мен 2021 жылғы 22 шілдедегі хабарламаға шағым келтірген, олар бойынша жоғары тұрған инстанциялар А[...] шағымын қанағаттандырусыз қалдырған.
2021 жылғы 24 желтоқсандағы №3 нұсқама негізінде 2019 жылғы 1 қаңтар мен 2019 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңге жүргізілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның орындалмау мәселесі бойынша Басқарма талап қоюшыға қатысты тақырыптық салықтық тексеру жүргізген.
Тексеріс нәтижесі бойынша 2022 жылғы 17 наурызда төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан ұсталатын жеке табыс салығына 1 823 000 теңгені қосымша есептеу туралы №3 хабарлама берілген.
А[...] сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда Басқармамен 2022 жылғы 17 наурыздағы №3 салықтық тексеру нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Талабын жылжымайтын мүліктің «Аграрная кредитная корпорация» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалынан несие алғанда кепіл ретінде қойылғанын, несие алушы «Ш[...]» ШҚ-ның басшысы С[...] болғанын, ал несиені уақытылы қайтара алмағандықтан, 2018 жылғы 26 наурызда Өскемен қалалық сотының шешімі негізінде сот орындаушымен атқару парағын орындау барысында 18 000 000 теңгеге шамасында сатылып кеткенін, яғни жылжымайтын мүлікті сатқан кезде ЖСО-шы кепілдік егесі АҚ-ның пайдасына кеткенімен уәждеген. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық Кодексі) Кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 32-бабына сәйкес, мүлік пен әрекеттер салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылады, олардың болуына байланысты және (немесе) солардың негізінде салық төлеушінің салықтық міндеттемесі туындайды.
Салық кодексінің 238-бабының 1-тармағына сай, егер Салық кодексінде өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші өтеусіз алған кез келген мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны оның кірісі болып табылады.
Салық кодексінің 330-бабының 1-бөлігі 1) тармағымен жеке тұлғаның салық салуға жататын мүліктік кірісіне жеке тұлға Салық кодекстің 331-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс екендігі қарастырылған.
Салық кодексінің 331-бабының 2-бөлігімен осы баптың 1- тармағының 1) - 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылатындығы бекітілген.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.
Салық кодексінің 331-бабының 7-бөлігінің 3) тармақшасымен мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған жағдайларда құн өсімінен түсетін кірісті анықтау тәртібі қарастырылған - ол осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) болып табылады.
Яғни, жауапкер жер учаскесі бар демалыс үйі түріндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде құн өсімінен түскен табысқа жеке табыс салығының сомасын дұрыс есептеген, өйткені электрондық аукционнан сатылған мүлікті талап қоюшы сыйға алған және ол құжат жүзінде талап қоюшының атында болған.
Сауда-саттықтан түскен түсім сомасы мүлік иесінің пайдасына және оның міндеттемелерін өтеу үшін өндіріп алынғандықтан, бұл өз кезегінде жеке тұлғамен мүлікті іс жүзінде сатуын білдіреді. Демек, салық заңнамасының талаптары қарастырылып отырған жағдайды қамтиды.
Осы тұрғыда апелляциялық сот алқасының талап қоюшының құн өсімінен түскен табыс түріндегі салық салу объектісі мүлікті аукционнан өткізу сәтінде пайда болды делінген тұжырымы дұрыс әрі негізді.
Сондықтан жауапкердің жеке табыс салығы 10 пайыз мөлшерінде төленетіні туралы талап қоюшымен шағымданған әкімшілік актісі заңды болып саналады.
Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымымен келіседі. Сот алқасы дауланып отырған сот актінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіз жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Судьялар Ж. Ермагамбетова
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.