ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 шілде 6003-25-00-4к/651 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
прокурор А.Камашевтың қатысуымен
өзінің ашық сот отырысында сот мәжіліс залында талап қоюшы Айгерим Бериковна Темиргалиеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрілігі Атырау облысы Әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, аға сот орындаушы А.Б.Утеулиеваға (бұдан әрі – сот орындаушысы) сот орындаушысының автокөлікті алып қою әрекетін заңсыз деп тану, 2024 жылғы 26 қарашадағы қаулысын заңсыз деп танып күшін жою, автокөлікті кері қайтаруды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы ұйғарымына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
А. Темиргалиева сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы ұйғарымымен А. Темиргалиеваның талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының 2 бөлігінің 15)тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымында талап қоюшы жоғарыда аталған соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған іске қатысушылардың кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот прокурордың қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 188- бабының үшінші бөлігінің 1), 3) - тармақтарымен Салауат Серікұлы Енсеповке, Эрик Бахтиярұлына, Серік Молдағалиұлына қатысты қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме - қылмыстық ізге түсу органымен А. Темиргалиеваға қолхат арқылы қайтарылған мемлекеттік белгісі 791 AEF 06 «Chevrolet Onix» автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленген.
Сот орындаушысының 2024 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен автокөлікті тәркілеу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
Сот қаулысын орындау барысында 2024 жылғы 22 қарашадағы актісімен автокөлік сот орындаушысымен мәжбүрлеп алынып, 2024 жылғы 25 қарашадағы алыс-беріс актісі бойынша «Қазақстан Республикасы Қаржы Министірлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Комитетінің Атырау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Департаменті» мемлекеттік мекемесіне тапсырылған.
2024 жылғы 26 қарашадағы қаулымен атқаршулық іс жүргізу тоқтатылған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.
ӘРПК-нің 136-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
Талап қоюшы сот орындаушысының 2024 жылғы 22 қарашадағы автокөлікті мәжбүрлеп алу әрекетін даулап отыр, ал бұл атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шарасына талап қоюшы және оның жұбайы Э. Бахтиярұлы қатысқан. Демек, жауапкердің бұл ісәрекеті туралы талап қоюшы мен оның жұбайына осы күннен бастап белгілі болған. Сот орындаушысы даулы қаулыны қабылдағанда Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 47- бабының 1-тармағының 7) тармақшасын басшылыққа алған. Бұл қаулы жөнінде атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болған Э. Бахтиярұлына және талап қоюшыға сот орындаушысынан хабар алуына ешқандай кедергі болмаған. Осыған қарамастан, талап қоюшы сот орындаушысының әрекетіне шағымын Заңмен көзделген 10 жұмыс күні ішінде бермей, тек қана 2025 жылдың 5 қаңтарында сотқа жүгінген.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында көрсеткен уәждері төменгі саты соттарымен зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Сонымен қатар, А. Темиргалиеваның талап қоюға құқығы жоқ Р.Мулдашев қол қойғаны жөніндегі уәждері сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды. Бірінші саты сотында талап қоюшының өкілі ретінде қорғаушы А.Узганбаев қатысқан және ол осы соттың ұйғарымына келтірген жеке шағымында бұл уәждерді көрсетпеген.
Сондықтан, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 ақпандағы ұйғарымы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші :
Е. Төлеев
Судьялар: Р. Айнакулова Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.