ВС РК - Постановление от 21.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1495 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 21 қараша 6001-24-00-6ап/1495 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш. Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Есен Рахимшаевич Калмурзаевтың жауапкерлер Түркістан қаласының медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне, «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және «Әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша тағайындалатын ақшаны өндіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюы қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жолдауды сұраған.

Жауапкер Департамент өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Е.Р.Калмурзаев 2011 жылғы 11 шілдеден бастап 3 топтағы мүгедек деп танылған.

Е.Р.Калмурзаев сотқа берген талап қоюында еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша төлем тағайындалмағанын, сондықтан жауапкерден тағайындалатын ақшаны өндіруді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот алдын ала тыңдау барысында ақшаны өндіру туралы талап әкімшілік талап қоюы болып табыламайтынын. Сол себепті оның бұл талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтынын түсіндіріп, оған талапты өзгерту және толықтыру құқығы түсіндірілген.

Алайда Е.Р.Калмурзаев өзінің талабын өзгертуден бас тартқан.

Осыған байланысты соттар ӘРПК-тің 116-бабының бірінші бөлігіне талабына сәйкес істі қарауда сот талап қою талаптарының шегінен шығуға құқылы емес деген қағиданы басшылыққа алған.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Ақшаны өндіру туралы, яғни мүліктік сипаттағы даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды. Е.Р.Калмурзаев әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) немесе әкімшілік актіні дауламаған.

ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 желтоқсандағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Есен Рахимшаевич Калмурзаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

Көшірмесі дұрыс

Судья С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.