ВС РК - Постановление от 12.12.2022 по делу 6001-22-00-3Г/5611 (Гражданское)

6001-22-00-3Г/5611

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 12 желтоқсан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер «Ө[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыппұлын өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша шығарылған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 28 шілдедегі шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Департаменттің өкілі М[...] өтінішхатын алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Департамент сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 28 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Өтінішхатта көрсетілген уәждерді зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беруден бас тарту керек деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Алайда, іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сот актілеріне қарағанда, тараптар арасында 2021 жылғы 30 қарашада мемлекеттік сатып алу туралы шарты түзіліп, оған сәйкес Серіктестік 2021 жылғы 25 желтоқсанға дейін жалпы құны 152 320 000 теңгелік модульдік ғимараттар орнатуға міндеттелген.

Анықталғандай, Серіктестік аталған келісім-шартқа сәйкес өз міндеттемелерін тиісті әрі уақтылы орындағаны және талап қоюшымен тауарды қабылдау туралы актілері веб-портал арқылы қабылданып, рәсімделгені, сонымен қатар, талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп заңда көзделген сотқа шағымдану мерзімін өткізіп алғаны анықталған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 12-бабының 4-тармағының 3-тармақшасына сәйкес осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда тапсырыс беруші өзіне өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті.

Келісім-шарттың 7.3 тармағына сәйкес жұмыстарды орындау мерзімін өткізіп алған жағдайда тапсырыс беруші орындаушыдан мерзімі өткен әрбір күн үшін шарттың жалпы сомасының 0,1 пайыз мөлшерінде тұрақсыздық айыбын ұстап қалады немесе міндеттемесін тиісінше орындамаған жағдайда орындалмаған міндеттемелер сомасынан 0,1 пайыз мөлшерінде тұрақсыздық айыбын ұстап қалады. Бұл ретте тұрақсыздық айыбының жалпы сомасы шарттың жалпы сомасының 10 пайызынан аспауы тиіс.

Талап қоюшы жауапкерден мемлекет пайдасына 11 880 960 теңге тұрақсыздық айыбын өндіруді сұраған. Алайда, іс құжаттарынан талап қоюшының қабылдау актілерімен жұмысты қабылдап алғаны және оның дер кезінде орындалғаны мәлім болған.

Сол себепті жергілікті соттардың Департаменттің талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымы негізді.

Өтінішхат уәждері бойынша дау айтылған сот актілерін зерделеу кезінде, жергілікті соттардың ұстанымы іс үшін маңызы бар мән-жайларға және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келетіні анықталды.

Арызданушының дау айтқан сот актілерін қайта қарау үшін келтірген уәждері негізсіз, себебі жергілікті соттар істі қарау барысында тараптардың берген жауаптарын заңға сәйкес қабылдап, іс бойынша жиналған барлық дәлелдерге тиісті баға беріп, өз құзырында дұрыс шешім қабылдаған.

Өтініш берушінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дау айтылған сот актілерін кассациялық тәртіпте қарау үшін негіз бола алмайды.

АПК-ның 444-бабының 1-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып,

судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 28 шілдедегі шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшы

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...] өтінішхатын беруден бас тартылсын. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Р. Ералиева

Көшірмесі дұрыс: Судья

Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.