Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 12.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1224 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 12 қараша №6003-25-00-2к/1224 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев,

судьялар: М.Н.Ибрагимова, А.А.Даненова, талап қоюшының өкілі М.К.Менисбаев, жауапкердің өкілі

Н.А.Шерменовтің қатысуларымен,

дыбыс-бейне жазба құралын пайдаланумен өткен ашық сот отырысында талап қоюшы Абылай Набиевич Юнусходжаевтың жауапкер «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамына бөтеннің иелігінен мүліктерін қайтару және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюымен қабылданған

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

А.Н.Юнусходжаев (бұдан әрі - талап қоюшы) сотқа берген талап қоюында «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының (бұдан әрі-АҚ, жауапкер) заңсыз иелігінен газ құбыры мен жер телімін қайтаруды және моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Түркістан облысының Жетісай аудандық сотының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-нан Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесінің бойындағы кадастрлық №№19-303-001-1317 және 19-303-006-1161 жер телімдерінде орналасқан ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр газ құбырлары мен жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер телімі талап қоюшының иелігіне қайтарып беру міндеттелген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер қарайтын сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

Сот тараптардың түсіндермелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол берген. Кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюшының жауапкерден моральдық зиянды өндіру туралы талап қою бөлімін қанағаттандырудан бас тартқан тұжырымымен келіседі және жергілікті соттардың сот актілерінің бұл бөлігі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Талап қоюшы өзінің мүліктік құқықтарын даулап сотқа жүгінген, ал АК-нің 951-бабының 4-бөлігіне сәйкес, моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда - жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).

Талап қоюшы талап қоюында «Компания «Еңбек ЛТД» жауапкершілі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) жарғысына байланысты өзі оның құрылтайшысы болғанын айтып көрсеткен.

ЖШС-нің 2019 жылғы 14 қаңтардағы №1 жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес, серіктестіктің балансындағы Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесі бойымен тартылған орта қысымда газ құбыры орналасқан ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер телімі талап қоюшының жеке меншігіне берілген.

2020 жылғы 18 наурыздағы Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес, «Компания «Еңбек ЛТД» ЖШС-і мәжбүрлі түрде таратылған.

Жетісай қаласы әкімінің 2024 жылғы 18 наурыздағы № 35 өкімімен талап қөоюшыға Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесі бойында орналасқан жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер телімі газ құбыры үшін сатып алу арқылы жеке меншік құқығымен бекітіліп берілген.

2024 жылғы 17 шілдедегі № 128 сатып алу-сату шартына сәйкес, талап қоюшы жоғарыдағы газ құбыры үшін жер телімін сатып алған.

Осының негізінде, талап қоюшы кадастрлық №№19-303-001-1317 және 19-303-006-1161 сәйкестендіру актілерін алған.

АПК-нің 72-бабының талабына сәйкес, әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс.

Мақтаарал ауданының жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығының анықтамасына сәйкес, жоғарыда көрсетілген Жетісай ауданы әкімінің 1994 жылғы 29 желтоқсандағы №407 қаулысы негізінде қабылданған газ құбырлары және жер телімдері «Еңбек ЛТД» ЖШС-нің мүлкі болып табылатыны көрсетілген.

Алайда, іс құжаттарына сәйкес, Жетісай қаласында газдандыру желілері 1994 жылдың мамыр айынан тамыз айына дейін жүргізіліп, аяқталған құрылыс объектісін қолдануға мемлекеттік қабылдау актісі рәсімделген. Жетісай

ауданы әкімінің 1994 жылғы 29 желтоқсандағы №407 қаулысына сәйкес, «Мақташы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі-АҚ) Жетісай мақта зауытына салған газдандыру желілерін пайдалануға қабылдау туралы қаулысы бекітілген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 392бабының 1-тармағына сай сот шарт ережелерiн түсiндiрген кезде ондағы сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi ескерiледi. Шарт ережесiнiң сөзбе-сөз мәнi түсiнiксiз болған ретте ол бүкiл шарттың басқа ережелерiмен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.

2003 жылғы 28 қаңтардағы жылжымайтын кепіл мүлікті сату туралы куәлікке сәйкес, АҚ-ның кепілге қойылған мүліктері, соның ішінде Жетісай мақта зауыты 100 000 000 теңгеге сатылған, сатып алушы «Рагнеда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - «Рагнеда» ЖШС). Осы келісім шартта Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесі бойымен тартылған орта қысымда газ құбырлары орналасқан ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер телімі көрсетілмеген.

2003 жылғы 25 маусымдағы сату-сатып алу келісім шартына сәйкес, «Рагнеда» ЖШС-і жоғарыда айтылған мүліктерді, соның ішінде Жетісай мақта зауытын «Компания «Еңбек ЛТД» ЖШС-не 126 000 000 теңгеге сатқан. Бұл келісімде де Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесі бойымен тартылған орта қысымда газ құбырлары орналасқан ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер учаскесі туралы мәліметтер жоқ. Осы аталған мән-жайлар талап қоюшының 2003 жылдан бері газ құбырларының және жер телімдерінің өз иелігінде деген уәжінің негізсіз екені байқалады.

Керісінше, жоғарыда көрсетілген сату-сатып алу келісім шарттарына сәйкес даулы болып отырған газ құбырлары және жер телімдері «Мақташы» акционерлік қоғамының меншігінде мүлдем болмаған. Сату-сатып алу келісім шарттарында да бұл мүліктер «Мақташы» АҚ-мен «Рагнеда» ЖШС-не және одан «Компания «Еңбек ЛТД» ЖШС-не сатылмаған.

Іс құжаттарынан даулы газ құбыры мемлекеттік меншікте болған. Осы газ құбыры орналасқан жер телімдері де мемлекеттік меншікте болған. Бұл аталған мүліктер мемлекеттік меншікті басқару және жекешелендіру комитетімен жеке тұлғаларға сатылмаған.

2007 жылғы 12 маусымда Алматы қаласында жасалған актіге сәйкес, Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы, оның ішінде Жетісай (бұрынғы Мақтаарал) ауданындағы газ құбыры «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалының балансына меншік құқығы негізінде қабылданған. «QazaqGaz Аймақ» АҚ-ы (бұрынғы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ) 2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін осы газ құбырына меншік құқығы негізінде иелік етеді, пайдаланады, басқарады және жеке және заңды тұлғаларды газбен жабдықтайды. Бұл газ құбыры Жетісай қаласының тұтынушыларын апатсыз, үздіксіз және қауіпсіз газбен қамтамасыз ету үшін қолдануда екені анықталды. Атап айтқанда, Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесі

бойымен тартылған орта қысымда ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр газ құбырлары 2845-тен астам жеке және заңды тұлғаларды газбен қамтамасыз ететіні анықталды. Демек, сот актілері іске қатысуға тартылмаған тұлғаалардың құқықтары мен міндеттерін қозғайды. Бұл мән-жай сот актілерінің күшін жоюға негіз болады.

Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау» туралы заңының 14-бабы 1 тармақшасына сәйкес мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы басым құқығы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің иеліктен шығарылатын объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері - заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға басым құқығы (бұдан әрі - мемлекеттің басым құқығы) бар. Осы заңда көрсетілгендей Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, газ құбыры біртұтас жүйе объектісі болып табылады.

Аталған баптың 3 тармақшасына сай Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылмаған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру осы баптың 4-6тармақтарында көзделген тәртіппен ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.

Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар тұлға ұлттық операторға осындай иеліктен шығарудың бағасын және өзге де шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді. Алайда іс бойынша талап қоюшы тарапынан ұлттық операторға дауға түсіп отырған мүліктер жөнінде ешқандай ұсыныстар жіберілмегені сот отырысында анықталды.

Жоғарыда аталған заңның 22-бабының 1 тармақшасына сай тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі, сондай-ақ тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді газ тасымалдау ұйымдары көрсетеді. Орташа қысымдағы газ құбырлары газ тарату жүйесінің құрамына енеді және жоғары қауіптілік көзіне жатады. Мұндай газ құбыры жеке тұлғаның жеке меншігінде бола алмайды. Сондықтан, талап қоюшының газ құбырлары жеке тұлғаларды газбен қамтамасыз ету үшін керек деген тұжырымы қолданыстағы заңға қайшы.

Кассациялық сот ұлттық оператор «ҰК QazaqGaz» АҚ-ның қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Мақташы» АҚ-ы газ құбырын «Компания Енбек ЛТД» ЖШС-нің де, талап қоюшының да жоғарыда көрсетілген заң нормаларына байланысты жеке меншігінде бола алмайды деген тұжырымымен келіседі.

Демек, талап қоюшы «Компания Еңбек ЛТД» ЖШС-нің бұрынғы директоры және құрылтайшысы ретінде осы газ құбырына меншік құқығы негізінде иелік ететінін, пайдаланатынын және басқаратынын Жетісай қаласы әкімінің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы №1037 шешімімен, «Компания «Еңбек ЛТД» ЖШС-не қарасты Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесі бойымен тартылған орта қысымда газ құбыры орналасқан ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер учаскесіне сатып алу арқылы жеке меншік құқығы берілген, сонымен қатар 2005 жылғы 9 наурызда «Компания «Еңбек ЛТД» ЖШС-не «газ» құбырына техникалық төлқұжат берілген деген тұжырымдарының заңға қайшы келеді.

Талап қоюшының АК-нің 188-бабы 1-тармағына сәйкес, меншік иесі өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқылы. Ал, осы Кодекстің 260-бабына сай, меншік иесі өзгенің заңсыз иелігінен өз мүлкін талап етуге құқылы деп көрсеткен тұжырымы да негізсіз.

АК-нің 188-бабының 4-тармағына байланысты меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс.

Дауға түсіп отырған газ құбырлары және жер телімдері талап қоюшының меншік құқығы пайда болмай тұрып құрылған және қолданыста болған. Ал жер телімдері бойынша сұрақтарды Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 65-бабына байланысты шешілуі қажет екенін түсіндіреді.

АПК-нің 8-бабының 1-ші бөліміне сай әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.

Сотта талап қоюшының жауапкер тарапынан құқықтарының бұзылмағаны анықталды, сондықтан оның талап қоюы қорғалуға және қанағаттандырылуға жатпайды. Жергілікті соттар, жоғарыда көрсетілген мән-жайларды бекітетін тараптар ұсынған дәлелдемелерге дұрыс құқықтық баға бермей, талап қоюшының бұл жөніндегі талабын заңсыз қанағаттандырған.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот даулы сот актілері процестік құқық нормаларын сақтамай және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылмаған деп табады. Сондықтан сот актілерінің бұл бөлігі өзгертіліп, шешім мен қаулының жауапкер «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-нан Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесінің бойындағы кадастрлық №№19-303-001-1317, 19303-006-1161 жер учаскелерінде орналасқан ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр газ құбырлары мен жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер учаскесі талап

қоюшы А.Н. Юнусходжаевтың иелігіне қайтарып беру туралы бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың бұл бөлігі қанағаттандырудан бас тартуға жатады. Шешім мен қаулының басқа бөлігі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 109-бабының 3-бөлігіне сай егер кассациялық сатыдағы сот істі жаңадан қарауға бермей, шешімді өзгертсе немесе жаңа шешім шығарса, ол тарап тиісті сот сатыларында жұмсаған шығындары туралы дәлелдемелерді ұсынған кезінде тиісінше сот шығындарын бөлуді де өзгертеді. Жауапкердің пайдасына талап қоюшыдан 1 966 теңге, мемлекеттен «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-на артық төленген 8 062 теңге өндірілуге жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2025 жылғы 18 ақпандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.

Шешім мен қаулының жауапкер «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамынан Жетісай ауданы, Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесінің бойындағы кадастрлық №№19-303-001-1317, 19-303-006-1161 жер учаскелерінде орналасқан ұзындығы 760,0 метр, ені 0,5 метр газ құбырлары мен жалпы ауданы 380,0 шаршы метр жер учаскесі талап қоюшы Абылай Набиевич Юнусходжаевтың иелігіне қайтарып беру туралы бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың бұл бөлігі қанағаттандырудан бас тартылсын.

Шешім мен қаулының басқа бөлігі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Абылай Набиевич Юнусходжаевтан «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамының пайдасына кассациялық тәртіпте төленген мемлекеттік баж 1 966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге, мемлекеттен «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамынына артық төленген 8 062 (сегіз мың алпыс екі) теңге қайтарылсын.

Кассациялық шағым ішінара қанағатандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев

Судьялар М.Н.Ибрагимова

А.А.Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.