ҚАУЛЫ
2025 жылғы 2 қазан 6003-25-00-4к/423 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева,
мүдделі тұлғалар: О.С.Махатаев, Ә.С.Турсынбек, Ж.И.Жиенбек, С.Құанышбек, Ш.Т.Комекбаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Көк-бұлақ» өндірістік кооперативінің жауапкерлер «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне,
мүдделі тұлғалар ретінде: «Тұрсынбек-Алма» шаруа қожалығын, Гулвира Өмірбекқызы Қалымбетованы, Оспанәлі Сабырәліұлы Махатаевты, Карабай Серикбаевич Нурсеитовты, Әділхан Сейтқасымұлы Тұрсынбекті, Қуанышбек Спабекұлын, Ербол Иманбекұлы Әбітайды, Шамазия Тажикуловна Комекбаеваны, Сергазы Арапбаевич Мауленкуловты, Ғазиза Асанқызы Шорабекті тарта отырып,
кадастрлық №22-327-077-087, №22-327-077-088, №22-327-077-157, №22-327-077-101, №22-327-077-277 жер учаскелерін «Көк Бұлақ» өндірістік кооперативінің жер учаскесінің аумағына отырғызу, заңға қайшы түрде жерге орналастыру жобасын дайындау және жер учаскесін мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастыру әрекетін заңсыз деп тану, «Көк Бұлақ» өндірістік кооперативінің жер учаскесінің аумағына заңсыз орналастырылған кадастрлық №22-327-077-087, №22-327-077-088, №22-327-077-157, №22327-077-101, №22-327-077-277 жер учаскелерін өндірістік кооператив жерінен алып тастауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 тамыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысына түскен талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талабын жауапкерлерге қойған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қалдырылған. Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округі әкімінің 2011 жылғы 29 желтоқсандағы Оспанәлі Сабырәліұлы Махатаевқа жер учаскесін беру туралы №504 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округі әкімінің 2010 жылғы 26 қазандағы Ербол Иманбекұлы Әбітайға жер учаскесін беру туралы №75 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округі әкімінің 2011 жылғы 29 желтоқсандағы Гулвира Өмірбекқызы Қалымбетоваға жер учаскесін беру туралы №503 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Ордабасы ауданының рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының Карабай Серикбаевич Нурсеитовке жер учаскесін беру жөніндегі 2007 жылғы 28 маусымдағы №12774 шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюшы «Көк-бұлақ» өндірістік кооперативінің талап қоюының қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы сот актілерімен келіспеген, талап қоюшының өкілі, өзінің кассациялық шағымында, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, оның талап қоюдың қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күшін жоюды және апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, әкімшілік талап қою арызын толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы: талап қоюшы мен жауапкерлер, басқа да кейбір мүдделі тұлғалар сотқа келген жоқ, оның себебін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот, кассациялық шағымның және қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Іс құжаттарынан белгілі болғанындай, Ордабасы ауданы әкімінің 1996 жылғы 13 мамырдағы №136 шешімімен «Көк бұлақ» өндірістік кооперативіне (бұдан әрі – «Көк бұлақ» ӨК) аудандық жер бөлу жөніндегі комиссияның жер бөлу актісіне сәйкес кооператив мүшелерінің жер үлесіне тиесілі 206 га суармалы, 1 670 га телімі, 3 438 га жайылымдық жерлері, одан басқа арық-атыз, судың астындағы 282 га жері бөлініп берілген.
2002 жылғы 14 ақпандағы №852 Ордабасы ауданы әкімінің шешімімен аудан әкімиятының 1996 жылғы 13 мамырдағы №136 шешімімен «Көк бұлақ» ӨК-не бөлінген жерлерден, оның мүшелерінің жекешеленіп шығуына байланысты жалпы мөлшері 4 952,42 га, оның ішінде: 192,06 га суармалы, 1 558,66 га телімі және 3 201,70 га жайылымдық жерлері «Көк бұлақ» ӨК-не ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге ортақ үлестік жер пайдалану құқығымен 49 жылға жалға бөлініп беру жөнінде осы №136 шешіміне өзгеріс енгізілген.
2002 жылғы 14 ақпандағы №852 шешімі және кадастрлық №19-293029-153 жер учаскесін жалға беру туралы Үлгілік шарты «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Ордабасы аудандық филиалында 2003 жылғы 2 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткен.
2011 жылғы 29 желтоқсандағы №50 Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округі әкімінің шешімімен алаңы 0,2400 га, жеке тұрғын үй және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін Гулвира Өмірбекқызы Қалымбетоваға жеке меншік құқығымен берілген.
«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «Азаматтарға арналған Үкімет» МК КЕ АҚ-нің) Шымкент қаласы бойынша филиалының Абай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен жер учаскесіне кадастрлық №22-327-077-087 сәйкестендіру актісі рәсімделініп, 2020 жылғы 28 желтоқсанда мемлекеттік тіркеуге алынған.
2021 жылғы 13 сәуірдегі №21-1906-12699 сыйға тарту келісімшартымен Армантай Өмірбекұлы Қасымбекке сыйға беріліп, келісім-шарт 2021 жылғы 14 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткен.
2011 жылғы 29 желтоқсандағы №504 Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округі әкімінің шешімімен алаңы 0,2400 га, жеке тұрғын үй және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін Оспанәлі Сабырәліұлы Махатаевқа жеке меншік құқығымен берілген.
«Азаматтарға арналған Үкімет» МК КЕ АҚ-нің Шымкент қаласы бойынша филиалының Абай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен жер учаскесіне кадастрлық №22-327-077-088 сәйкестендіру актісі рәсімделініп, 2020 жылғы 28 желтоқсанда мемлекеттік тіркеуге алынған. 2010 жылғы 26 қазандағы №75 Ордабасы ауданының Бадам ауыл округі әкімінің шешімімен алаңы 0,1500 га, жеке тұрғын үй және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін Ербол Иманбекұлы Әбітайға жеке меншік құқығымен берілген.
«Азаматтарға арналған Үкімет» МК КЕ АҚ-нің Түркістан облысы бойынша филиалының Ордабасы аудандық жер-кадастр бөлімімен жерге орналастыру жобасы жасақталып, №19-293-035-600 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, 2021 жылғы 16 наурызда мемлекеттік тіркеуге алынған.
2012 жылғы 28 маусымда №6497 сатып алу-сату келісім шарты негізінде Сергазы Арапбаевич Мауленкуловқа, кейін 2013 жылғы 12 шілдедегі №6422 сатып алу-сату келісім шарты негізінде Ғазиза Асанқызы Шорабекке өтіп, 2013 жылғы 18 шілдеде мемлекеттік тіркеуге алынған.
Жер учаскесі Шымкент қаласының аумағына өтуіне байланысты кадастрлық №19-309-291-109 сәйкестендіру актісі қайта рәсімделіп, 2015 жылғы 8 желтоқсанда мемлекеттік тіркеуге алынған.
2016 жылғы 14 қарашадағы №1125 жер учаскесін сыйға тарту келісім шарты негізінде Шамазия Тажикуловна Комекбаеваға сыйға беріліп, кадастрлық №22-327-077-157 сәйкестендіру актісі қайта рәсімделініп, 2016 жылғы 17 қарашада мемлекеттік тіркеуден өткен.
2007 жылғы 28 маусымдағы №12774 Ордабасы ауданының рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының шешімімен алаңы 0,1400 га жеке тұрғын үй және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін Карабай Серикбаевич Нурсеитовке жеке меншік құқығымен берілген.
«Азаматтарға арналған Үкімет» МК КЕ АҚ-нің Түркістан облысы бойынша филиалының Ордабасы аудандық жер-кадастр бөлімімен жерге орналастыру жобасы жасақталып, №19-295-035-444 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, 2007 жылғы 12 қыркүйекте мемлекеттік тіркеуге алынған.
2014 жылғы 28 қаңтардағы №766 сатып алу-сату келісім шарты негізінде Әділхан Сейтқасымұлы Тұрсынбекке өтіп, Шымкент қала аумағына өтуіне байланысты кадастрлық №22-327-077-101 сәйкестендіру актісі рәсімделініп, 2020 жылғы 13 тамызда мемлекеттік тіркеуге алынған.
2021 жылғы 1 сәуірдегі №1131 сатып алу-сату келісім шарты негізінде Жақсыкүл Ибаққызы Жиенбекке өтіп, 2021 жылғы 2 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткен.
Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округі әкімінің 1994 жылғы 20 қыркүйектегі №29 шешімі келесі мазмұнда - жер иелігін қайта жоспарлауға сәйкес оны тұрғындарға пайдаланып – өмірлік мұраға қалдыру құқығын беру үшін Бадам аумақтық әкімшілігінде үй қожалығы бекітілсін деп қабылданған және шешімнің 2-бөлігінде қожалықтардың тізімі №1 ретте тігілсін деп көрсетілген.
Осы 1994 жылғы 20 қыркүйектегі №29 шешімнің негізінде, алаңы 0,2500 га жеке тұрғын үй және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін өмір бойы мұраға қалдырып иелену құқығымен Қуанышбек Спабековке Ордабасы аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі комитеті мен Бадам ауылдық әкімінің №0145257 жерді өмір бойы мұраға қалдырып иеленуге құқық беретін мемлекеттік акт берілген.
2022 жылғы 14 наурызда аталған жер учаскесіне «Қазына проект» ЖШС-нен жерге орналастыру жобасы жасақталынып, «Азаматтарға арналған Үкімет» МК КЕ АҚ-нің Шымкент қаласы бойынша филиалының Абай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен жер учаскесіне кадастрлық №22-327-077-277 сәйкестендіру актісі рәсімделініп, 2022 жылғы 28 шілдеде Қуанышбек Спабекұлына жеке меншік құқығымен мемлекеттік тіркеуден өткен.
Талап қоюшы өзінің сотқа берген талап қоюында, 2002 жылғы 14 ақпандағы №852 шешімі және кадастрлық № 19-293-029-153 жер учаскесін жалға беру туралы Үлгілік шарты «Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ордабасы аудандық филиалында 2003 жылғы 2 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткенін, кадастрлық №22-327-077-087, №22-327-077088, №22-327-077-157, №22-327-077-101, №22-327-077-277 жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттары кейін рәсімделіп, мемлекеттік тіркеуден өткендігін, яғни аталған жер учаскелері ауыл шаруашылық мақсатына берілген талап қоюшының жер учаскесіне жеке тұрғын үй және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жергілікті атқарушы органымен заңсыз берілгенін көрсеткен.
Бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 8 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшының талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылып, іс бойынша талап қою мерзімі қалпына келтірілген.
Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, талап қоюшының ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер учаскесіне құқығы бұрын тіркеліп, жер учаскесіне құқығы туындағандықтан мүдделі тұлғалар Г.Қалымбетованың, О.Махатаевтың, Е.Әбітайдың және К.Нурсеитовтің құқықтарынан басымдыққа ие деген тұжырымға дұрыс келген.
Сонымен қатар, талап қоюшының жер учаскесі нысаналы мақсатты тауарлы ауыл шаруашылық жүргізуге (нысаналы мақсаты суармалы жер учаскесі) арналғандықтан, жауапкер Бадам ауылдық округі әкімінің мүдделі тұлғалар Г.Қалымбетоваға, О.Махатаевқа, Е.Әбітайға берген шешімдері заңсыз деп танылған.
Сондай-ақ, сот, мүдделі тұлға К.Нурсеитовке берілген жер учаскесінде жылжымайтын мүлік объектісі, яғни тұрғын үй немесе басқа да құрылыс объектісі жоқ екендігін анықтап, Қазақстан Республикасының «Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 шілдедегі «Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсiмделмеген жылжымайтын мүлiктi жария етудi жүргiзу ережесiн бекiту туралы» №696 қаулысының талаптары бұзылғаның, сондықтан Ордабасы ауданының рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 28 маусымдағы №12774 шешімі заңсыз қабылдаған деп көрсеткен. Сондықтан, Ордабасы ауданының рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының К.Нурсеитовке берген шешімі заңсыз деп танылған.
Осыған орай, сот, талап қоюшының мүдделі тұлғалар Г.Қалымбетованың, О.Махатаевтың, Е.Әбітайдың және К.Нурсеитовтің жер учаскелеріне қатысты Бадам ауылдық округі әкімінің қабылдаған шешімдерін заңсыз деп танып күшін жою бөлігіндегі талап қоюы қанағаттандырған.
1994 жылғы 20 қыркүйектегі №29 шешімінің 1-ші қосымшасында Қ.Спабекұлының аты-жөні нақты көрсетілмегендіктен, сондай-ақ талап қоюдың нысаны ретінде көрсетілген осы шешімнің 2-бөлігінде қожалықтардың №1 тізімі іске қатысушылармен сотқа ұсынылмағандықтан, сондай-ақ «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №10-10/7092 жауап хатымен Мемлекеттік архивке 1994 жылғы 20 қыркүйектегі №29 шешімінің қосымша құжаттары - қожалықтардың №1 тізімі мемлекеттік сақтауға түспегендіктен, яғни талаптың нысаны жоқ болуына байланысты талап қоюдың осы бөлігіндегі талабы қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымға келген.
Апеляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттын уәждерімен толық келіскен.
ӘРПК-нің 7-бабының бірінші бөлігіне сәйкес (заңдылық қағидаты) әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдесіндегі №6 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Нормативтік қаулы) 5-тармағына сай, соттар жер учаскесін жеке меншікке немесе пайдалануға беру туралы, шешім қабылдаған жергілікті атқарушы органның өкілеттігін тексеруге тиіс. Әкім жер учаскесін беру кезінде өз өкілеттігін асыра пайдаланған жағдайда, сот оның шешімін заңда көзделген негіздер бойынша және ӘРПК-нің белгіленген тәртіппен жарамсыз деп тануы мүмкін. Осы мақсатта сот жер учаскесінің орналасқан жері мен шекараларын анықтайды, нақты кенттің, қаланың, ауданның немесе облыстың аумағына кіретін жерге құқық белгілейтін құжаттарды тексереді. Нормативтік қаулының 8-тармағына сай, бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушылардың) меншік құқығының туындауы, сондай-ақ аралас жер учаскелерінің шекарасын бұзу туралы дауды шешкен кезде сот Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алуы керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда, тараптардың әрқайсысының жерге құқықтарының туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес жер учаскесін пайдалану және оған билік ету үшін нақтылы (жергілікті жердегi) шекарасын белгілеу және құқық белгілейтін құжаттарды рәсімдеу қажет.
Белгілі бір жер учаскесіне немесе учаскенің бөлігіне тең құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуы тиіс.
Жер учаскелерінің алғашқы иелері болып табылмайтын көршілес жер учаскелері иелерінің арасындағы дау бойынша жер учаскелерінің шекаралары бір-біріне қабаттастырып орналасқаны анықталса, соттар учаскелердің тарихи қалыптасқан шекарасын негізге алуға тиіс. Екі жер учаскесі меншік иелерінің арасындағы дау басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс. Сот шешімдері өзге жер учаскелері меншік иелерінің арасында жаңа сот дауларының туындауына жол бермеуі керек.
Егер сот жер учаскесіне құқық туралы даудың Жер кодексінің 43бабында белгіленген жергілікті жердегі жер учаскесінің шекараларын дұрыс белгілемеу немесе жер учаскесі шекарасының бір-біріне қабаттастырып орналасуына алып келген жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын тиісінше ресімдемеу салдарынан жер учаскелеріне құқық беру тәртібін бұзу нәтижесінде туындағанын анықтаса, онда мұндай дау АПК-нің 29-тарауында белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органның шешіміне дау айту тәртібімен қаралуы тиіс.
Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымымен, осы іс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ-нің Шымкент қаласы бойынша филиалы маман ретінде тартылған.
Маманның 2024 жылғы 27 шілдедегі №03-18-29-01-05 қорытындысына сәйкес, Ордабасы ауданы әкімнің 1996 жылғы 13 мамырдағы №136 шешімімен, кейін Ордабасы ауданы әкімінің 2002 жылғы 14 ақпандағы №852 шешімімен талап қоюшы «Көкбұлақ» ӨК-не берілген кадастарлық №19-293-029-153 жер учаскесі Оңтүстік Қазақстан обылысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы Ордабасы аудандық филиалында 2003 жылғы 2 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткен, оның нысаналы мақсаты тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін берілген. 1996 жылы және 2002 жылғы жағдайда - «Көкбұлақ» ӨК-не берілген кадастарлық №19-293-029-153 жер учаскесінің көлемі 4952,42 га құрап, егістік жерлер 1750,72 га жайылым жерлері 3201,7 га құрайды.
Осы кадастарлық №19-293-029-153 жер учаскесі Шымкент қаласының Абай аудандық әкімшілік аумағына Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2013 жылдың 18 қазанында №1110 қаулысы негізінде өткен және аумағы 2710,02 га құрайды. 2242,40 га Ордабасы ауданы аумағында орналасып, оның шекарасы мен көлемі анықталған.
«Көкбұлақ» ӨК-нің жер учаскесі Шымкент қалалық МЖК ААЖ-нің электронды картасында орналаспаған.
Себебі, «Көкбұлақ» ӨК-і тарапынан Шымкент қаласы аумағына өткен жер теліміне сәйкестендіру құжаттары рәсімделмеген, одан бөлек 2002 жылдары жер кадастр істерін рәсімдеу барысында қолданыста МЖК ААЖ электронды базасы болмаған және барлық іс қағаздар қағаз тасмалдағышта орындалған.
5 жеке тұлғаға берілген кадастрлық №22-327-077-087, №22-327-077088, №22-327-077-157, №22-327-077-101, №22-327-077-277 жер учаскелері «Көкбұлақ» ӨК-нің жер учаскесінің аумағының ішінде толықтай орналасқан.
Осы аталған 5 жеке тұлғаның жер учаскелері Шымкент қаласының Абай аудандық әкімшілік аумағына Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2013 жылдың 18 қазанында №1110 қаулысы негізінде Шымкент қаласының аумағына еніп, Шымкент қаласының Абай ауданы, Көкбұлақ тұрғын үй аумағында орналасқан.
Кадастрлық №22-327-077-087, №22-327-077-088, №22-327-077-101, №22-327-077-277 жер учаскелері сетка қоршаумен толықтай қоршалған. Кадастрлық №22-327-077-157 жер телімі бос, жер учаскесі қоршалмаған. Аталған жер учаскелерінде ешқандай тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген және мемлекеттік қабылдаудан өтіп тіркелмеген.
Осы аталған 5 жеке тұлғаның жер учаскелері «Көкбұлақ» ӨК-нің жер учаскесімен толығымен беттеседі және беттесу алаңының жалпы аумағы 1,02 га құрайды.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сотпен 2024 жылғы 31 шілдеде көшпелі сот отырысы даулы жер учаскелерінің орналасқан жерінде іске қатысушы тараптардың қатысуымен өткізіліп, кадастрлық №22-327-077-087, №22-327-077-088, №22-327-077-157, №22-327-077-101, №22-327-077-277 жер учаскелерінің иелері аталған жер учаскелерін жергілікті атқарушы органның берген шешімдері негізінде жер учаскелерін қазіргі осы орналасқан жерден алғандарын көрсеткен.
Көшпелі сот отырысында, К.Нурсеитовке берілген жер учаскесінде тұрғын үй орналаспағандығы және тұрғын үй мен қосалқы шаруашылықты жүргізу үшін қандайда-бір ғимараттар (қойма, мал бағып-ұстау үшін арналған қора және т.б.) құрылысы жүргізілмегендігі, яғни жер учаскесі бос екені анықталған.
Нормативтік қаулысының 7,9-тармақтарына сайкес, Азаматтық кодексінің 118-бабының 1, 2-тармақтарына сәй жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы АК-де және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310 Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу туралы заң) көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.
Ғимаратқа (құрылысқа, құрылысжайға) меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оралымды басқару құқығы, Жер кодексінде көзделген жағдайларды (Жер кодексінің 52-бабы) қоспағанда, аталған ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен тиiсiнше меншiк құқығына не тұрақты жер пайдалану құқығына немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығына алып келеді. Жер учаскесіне аталған құқықтар Жер кодексінің 23, 34, 37-баптары талаптарының тәртібімен әкімнің шешімі негізінде жер учаскесінің иесіне жерге және оны тіркеуге мемлекеттік акт берген кезде туындайды. Жер учаскесі және оған тұрғызылған ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) бір-бірімен тығыз байланысты. Осыған байланысты жылжымайтын мүлік тиісінше иеліктен шығарылмай, ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiн иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
Жер кодексінің 97-бабының 3-тармағына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелерінде және жеке қосалқы шаруашылықтың егістік телімдерінде ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ объектілер, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді.
ӘРПК-нің 6-бабының 4-бөлігіне сай, әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
ӘРПК-нің 84-бабының 1, 2-бөліктеріне сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады. Заңсыз әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінде күші жойылуы мүмкін.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар дауланып отырған әкімінің қабылдаған шешімдерін заңсыз деп танып, талап қоюшының талап қоюын ішінара дұрыс қанағаттандырған, себебі талап қоюшының ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер учаскесіне құқығы бұрын тіркеліп, жер учаскесіне құқығы туындағандықтан мүдделі тұлғалар Г.Қалымбетованың, О.Махатаевтың, Е.Әбітайдың және К.Нурсеитовтің құқықтарынан басымдыққа ие болған.
Сонымен қатар, талап қоюшының жер учаскесі нысаналы мақсаты тауарлы ауыл шаруашылық жүргізуге (нысаналы мақсаты суармалы жер учаскесі) арналғандықтан, жауапкер Бадам ауылдық округі әкімінің мүдделі тұлғаларға берген шешімдері заңсыз деп дұрыс танылған.
Сондай-ақ, сот, мүдделі тұлға К.Нурсеитовке берілген жер учаскесінде жылжымайтын мүлік объектісі, яғни тұрғын үй немесе басқа да құрылыс объектісі жоқ екендігі анықталуына байланысты, Ордабасы ауданының рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының К.Нурсеитовке берген шешімі заңсыз деп танылған.
Кассациялық шағымда Қ.Спабекұлына гқатысты деректер, яғни 1994 жылғы 20 қыркүйектегі №29 шешімінің архивтік көшірмесі бар екені сотқа талап қоюды қанағаттандыруға жеткілікті деп табылмайды, себебі ондай деректер мемлекеттік сақтауға түспеген. Соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандыру негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. Соттардың аталған тұжырымдарын кассациялық сот негізді деп санайды, өйткені олар істің мән-жайларын тиісінше зерттеу мен анықтауға, қолданыстағы заң нормаларын дұрыс түсіндіруге негізделген және бұл істі дұрыс шешу үшін қолданылған. Талап қоюшының кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
Мұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің және апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп талап қоюшының кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлімінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 тамыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев
Судьялар
Л. Кудекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.