ВС РК - Постановление от 22.08.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1300 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 22 тамыз 6001-23-00-6ап/1300 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Ж. Өміралиев болып,

талап қоюшы «АСШ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) өкілі – К[...],

жауапкер «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – АҚ) өкілі – Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «АСШ[...]» ЖШС-нің жауапкер «Өзенмұнайгаз» АҚ-на сатып алудың қорытындысын заңсыз деп танып, күшін жою және қызметтерді сатып алу жөніндегі шартты жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 наурыздағы шешіміне, Маңғыстау облыстық әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысына мүдделі тұлға «Мунайгаз инжиниринг Лтд» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 наурыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

2022 жылдың 12 желтоқсандағы № 781213-942752 санды ашық тендер тәсілімен сатып алудың қорытындысы заңсыз танылып, күші жойылған. 2023 жылдың 8 ақпанындағы №781213/2023/9 санды «Өзенмұнайгаз» АҚ-мы мен «Мунайгаз инжиниринг Лтд» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС-мен жасалған келісім шарт жарамсыз деп танылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға «Мунайгаз инжиниринг Лтд» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС-нің өкілі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюшының талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Мүдделі тұлғалардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) мәжілісіне қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі олардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы және жауапкердің өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның ұйымдастыруымен 2022 жылдың 12 желтоқсанында «Техникалық қадағалау қызметтері» бойынша 9-лот ашық тендер тәсілімен электронды сатып алу өткізген.

2022 жылдың 12 желтоқсанындағы №781213-942752 санды қорытынды хаттамасына сәйкес «Мунайгаз инжиниринг Лтд» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС-гі жеңімпаз деп танылған.

««АСШ[...]»» ЖШС-гі конкурстық комиссияның қорытындысымен келіспей, уәкілетті орган «Самұрық-Қазына» ұлттық әлауқат қоры» АҚ-на шағым жолдаған.

2023 жылдың 18 қаңтарында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ы тарапынан «А[...]» ЖШС-нің арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы келіспей сотқа талап қою арызын берген.

Жергілікті соттардың талап қою арызын қанағаттандыруы негізді болып табылады.

Талап қоюшы 2017, 2018 жылға жөнелтпе құжаттардың, жеткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің қабылдау-тапсырылуын растайтын тиісті актілерді сканерлерген түрде, порталға енгізу арқылы қағаз нысанда, 2019, 2020, 2021 жылдарға сатып алу веб-порталы шарттарының дерекқорынан алынған ақпарат негізінде растаған.

Жергілікті сатыдағы соттармен сатып алу веб-порталы шарттарының дереккоры, электронды депозитарий 2019 жылы енгізілгені, яғни «СамұрықҚазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның электронды сатып алуы, Zakup.sk.kz веб-порталы 2019 жылы іске қосылғаны анықталған.

Соттардың талап қоюды қанағаттандыру негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 наурыздағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Мунайгаз инжиниринг Лтд» ғылыми-өндірістік фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.