Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 01.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4674 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4674

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 1 сәуір

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Н.Р.Жұманәлінің, жауапкер К.А.Куатбаеваның өкілі А.Абуовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкер Канзада Асембековна Куатбаеваға мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесімен жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

К.А.Куатбаеваға 89 171 441 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлей отырып, Шымкент қаласы, 208 орам, 017 участок кадастрлық № 19-309-208017 жалпы алаңы 10,600 га шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесінен алынатын 9,2069 га жер учаскесін және жер учаскесінде жылжымайтың мүлікті 5500 жеміс ағаштары, бағбанның үйі мемлекет мұқтажы үшін сатып алынып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 35 722 593 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2021 жылғы 29 сәуірдегі заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік және 2021 жылғы 29 сәуірдегі мұрагерлік куәлік негізінде К.А.Куатбаеваға Шымкент қаласы, 208 орам, 017 уч., аланы 10,6000 га кадастрлық №19-309208-017 шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесі тиесілі болған, мемлекет тіркеуден өткен.

Шымкент қаласы әкімдігінің 1 сәуір 2024 жылғы №1314 және 30 сәуір 2024 жылғы №1993 қаулыларымен жауапкерге тиесілі жер учаскесін мемлекеттік мұқтажы үшін алынуға жатады.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 39 024 234 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген. Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалы Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институты сарапшысының 2024 жылғы 8 қазандағы № 2993 қорытындысымен жалпы аланы 9,2069 га жер учаскесінің нарықтық бағасы 73 010 717 теңге және үстіндегі орналасқан мүлік 5500 жеміс ағаштарының нарықтық бағасы 14 606 900 теңге құрайтыны анықталған.

Сот сараптамалары институты сарапшысының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 3710 қосымша қорытындысымен 9,2069 га жер учаскесінің үстіндегі орналасқан бағбанның үйінің нарықтық бағасы 1 553 824 теңге құрайтыны анықталған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы). Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін

иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 89 171 441 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.

Талап қоюшының төленетін өтемақы мөлшері 35 722 593 теңге көлемінде анықталуы тиіс деген уәжі негізсіз. Өйткені сот алқасы тағайындаған сараптаманың қорытындысы талап қоюшының уәжін жоққа шығарады.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 желтоқсандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінен жауапкер Канзада Асембековна Куатбаеваның пайдасына өкілдің қызметі үшін 100 000 (жүз мың) теңге өндірілсін.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.