ВС РК - Постановление от 10.11.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1096 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1096

ҚАУЛЫ

10 қараша 2022 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Ү. Қайыпжан, судьялар – Ж.Б. Ермагамбетова, Д.А. Токмурзина болып, талап қоюшы Т[...] мен оның өкілі У[...], жауапкер өкілі А[...],

мүдделі тұлғалардың өкілдері Д[...], Р[...],

  • А[...],

аудармашы Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Т[...] жауапкер Маңғыстау облысының атқару округінің жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) А[...] 2021 жылғы 26 қаңтардағы электрондық бәсеке сауда қорытындысын және хаттамасын заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы өкілінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Т[...] сотқа берген талап қою арызында ЖСО А[...] даулы пәтерді сатуға шығарған және аукцион жүргізген кезінде пәтердің борышкер кооперативке іс жүзінде де және заң жүзінде де иесі болып табылмағанын, басқа тұлғаға меншік құқығымен тиесілі пәтерді жария саудаға шығарып сатуын заңсыз деп көрсетіп, 2021 жылғы 26 қаңтардағы электрондық бәсеке сауда қорытындысы туралы хаттамасын заңсыз деп тануды сұраған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы шешімімен Т[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің қарсылығын және мүдделі тұлғалардың өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Жоғарғы Соттың сот алқасы (бұдар әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғандай, «Единый выбор» азаматтардың тұтыну кооперативі (бұдан әрі – К[...]) 2017 жылғы 13 ақпанда Астана қаласының Әділет департаментінде тіркеліп, Коопертив пен Т[...] арасында пай жинынтығы туралы 2018 жылғы 29 наурыздағы №21 шарт (бұдан әрі – шарт) жасалып, шарттың 1- тармағына сәйкес мүліктік (пайлық) салым (бұдан әрі – салым) 6 000 000 теңгені, кіру салымы 12% 720 000 теңгені құраған.

Шарт талаптарына сай, 2018 жылы 31 наурызда Т[...], тұрғын үй алу үшін, К[...] есепшотына мүлікті жарна ретінде 3 000 000 теңге төлем жасалған.

2018 жылғы 5 мамырда К[...] төрағасы К[...] атынан берілген сенімхат негізінде К[...] мүддесін білдіруге әрекет еткен Т[...] сатушы Ш[...], құны 6 000 000 теңге тұратын, Ақтау қаласы, 3А шағынауданы, [...] үй мекенжайы бойынша орналасқан №[...] пәтерді сатып алу-сату шартын жасасқан.

К[...] пәтерге меншік құқығы тіркеуші органда 2018 жылғы 21 мамырда тіркелген.

Пайлық шартты орындау мақсатында, сатып алынған пәтер, акт бойынша Т[...] пайдалануына берілген.

2018 жылғы 14 тамызда К[...] жалпы жиналысы өткізіліп, онда Б. Т[...] басқармасының төрайымына тағайындау туралы шешім қабылданған.

Нұр-Султан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2020 жылғы 22 маусымдағы шешімімен талап қоюшы Т[...] жауапкер К[...] соманы өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылып, Т[...] пайдасына 3 600 000 теңге сомасы және 36 000 теңге баж салығы өндірілген.

2020 жылғы 17 қыркүйектегі Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының шешімінің негізінде К[...] меншік құқығымен тиесілі үш пәтерді жария сауда арқылы өткізіп, түскен қаражатты өндіріп алушылар П[...], У[...], Ж[...], Н[...], Е[...], К[...], Н[...] арасында тең бөлікпен бөлу арқылы сату арқылы өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 24 қарашадағы қаулысында үшінші тұлғалардың, оның ішінде Т[...] өндіріп алынған пәтерлерде тұратындығы көрсетілген, бұл олардан өндіріп алуға тосқауыл болмайды, себебі борышкер осы пәтерлердің иесі ретінде үшінші тұлға емес, «ЕВ[...]» ПКЖ болып табылады. Сот шешімімен үшінші тұлғаның даулы мүлікке құқығын танудан бас тартылған.

Сот шешімі 2020 жылдың 24 қарашада заңды күшіне енген.

Өндіріп алушылар жоғарыда аталған сот шешімінің негізінде берілген атқару парақтарын орындауға жолдаған.

ЖСО А[...] 2020 жылдың 10 желтоқсандағы қаулысымен атқару парақтары бойынша атқару өндірістері қозғалған.

2020 жылдың 14 желтоқсанында ЖСО А[...] борышкер К[...] тыйым салған аталған жылжымайтын мүліктерін өткізуге беру туралы қаулы қабылдаған.

Аталған қаулы К[...] дауланып, Ақтау қаласының №2 сотының 2021 жылдың 25 қаңтардағы шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылған.

ЖСО А[...] 2020 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысымен даулы жылжымайтын мүлік электрондық сауда алаңы арқылы сатуға беріліп, аукцион қорытындылары туралы хаттамаларға сәйкес, 26 қаңтар 2021 жылы сатылып, нәтижесінде Б[...] даулы пәтердің сатып алушысы болып жеңімпаз атанған.

ЖСО А[...] пен Б[...] арасында тиісті шарт жасақталған.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Жоғарыда көрсетілген іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілері заңды, ақылға қонымды қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 наурыздағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Қайыпжан

Судьялар Ж. Ермагамбетова Д. Токмурзина

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.